Төтенше жағдайлар министрлігі Алматыда 16 қабатты тұрғын үй кешенінде болған өртке қатысты толық мағлұмат жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«1 тамызда сағат 17:10-да ТЖД күштері мен құралдары жоғары дәреже бойынша Алатау ауданы, Ақкент шағынауданы, 54 мекенжайына жіберілді. 6 минуттан кейін жеткен соң, 1-ден 16-шы қабатқа дейін 80 шаршы метр аумақта кабель шахтасында электр кабельдері ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Райымбек даңғылында көлік кептелісі болғанына және өрт сөндіру техникасының кіру жолдары тұрақта тұрған көліктермен шектелгеніне қарамастан, алғашқы өрт есептері 6 минутта жетті. Жоғары қабаттарда және эвакуация жолдарында қою түтін мен жоғары температура қалыптасты. Тұрғындардың денсаулығына қауіп төнді», - делінген хабарламада.
Төтеншеліктердің сөзінше, түтіннің қалың болуы өрт сөндіруді қиындатқан.
“Газ-түтіннен қорғау қызметінің (ГТҚҚ) жұмысы ұйымдастырылды, ГТҚҚ мамандары 80 адамды, оның ішінде 35 адамды құтқару қалпағының көмегімен, қалған тұрғындарды арнайы техниканың көмегімен құтқарды. Барлығы 200-ден астам адам эвакуацияланды. Адамдарды эвакуациялау және құтқару үшін 3 өрт сатысы, бесіктері бар 2 автокран,»аралас тәсілмен«қол өрт сатысы (үшсатылы баспалдақ, шабуыл баспалдағы) орналастырылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт 18.46-да сөндірілді”, – деп мәлім етті ведомство.
Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің 50 қызметкері мен 14 техникасы, Полиция департаментінің 40 қызметкері мен 11 техникасы, құтқару қызметінің 12 қызметкері мен 6 техникасы, жедел медициналық көмектің 69 қызметкері мен 23 техникасы жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, 1 тамыз күні Алматыда 16 қабатты үй өртенді. Тұрғындар өмірлерін арашалау үшін терезеден секіруге мәжбүр болды.
Алғашында 31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілгені хабарланды.
Кейінгі мәлімет бойынша, оқиға салдарынан 1 адам мерт болып, 43-і зардап шекті. Оның ішінде 4 бала жансақтау бөлімінде жатыр.