Jusan Bank басшылығы өзгерді

Ғалиасқар Думан

Jusan Bank басшылықта ауыс-түйіс болып жатқанын жария етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

«First Heartland Jusan Bank» АҚ (Jusan Bank) акционерлерінің кезектен тыс жиналысы өткізіліп, онда Директорлар кеңесінің жаңа мүшелері сайланып, банктің басшылық құрамы бекітілген.

Директорлар кеңесінің төрағасы болып Ғалымжан Есенов сайланды. Сондай-ақ Жарқынбек Әзбеков пен Санжар Жамалов осы лауазымын сақтап, тәуелсіз директорлар ретінде директорлар кеңесіне енді.

Jusan Bank басшылығының құрамына Ирина Мерзлякова (басқарма төрағасының міндетін атқарушы), Асқар Хамидуллин және Ғалия Маханова кіреді. Басқарманың қалған мүшелері уәкілетті органнан қажетті келісімдер алғаннан кейін тағайындалады.

Сонымен қатар, Jusan Bank және акционерлер Ғалымжан Есенов, Jusan Technologies Ltd (JTL) арасындағы бітімгершілік келісімін бекітті. Келісімге сәйкес, JTL активтері Қазақстан юрисдикциясына қайтарылды. Келісім шеңберінде Қазақстанға, Jusan Technologies Ltd және Ғ.Есеновке қатысты Қазақстандағы, АҚШ пен Ұлыбританиядағы барлық сот процесі тоқтатылуы тиіс.

Еске сала кетейік, жуырда Bloomberg агенттігі кәсіпкер Ғалымжан Есеновтің Jusan Bank-тегі үлесін 100 пайызға дерлік ұлғайту туралы мәміле жасай алатынын хабарлаған еді. Ulysmedia.kz редакциясы кәсіпкердің кім екені жөнінде туралы мақала жариялаған.