Павлодар облысында кәмелетке толмаған қызды зорлау қылмысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық жағдайда қаралды.
Сотталушылар – Ертіс ауданының 19, 22 және 24 жастағы үш тұрғыны.
Сот шешімімен 19 жастағы айыпталушы қызды зорлағаны үшін 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойына педагогикалық қызметпен айналыса алмайды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге құқы жоқ. Сондай-ақ сотталушыдан жәбірленушіге моральдық зиянның өтемақысы ретінде 8 миллион теңге өндіріліп алынады.
Қалған екі айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша кінәлі деп танылды. Олар төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаларын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Үкім күшіне енгенге дейін «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.
Оқиға былтырғы жылдың шілде айында болған еді. Үш жігіт 16 жастағы қызды алдап, пәтерге кіргізіп, зорлаған. Кейін жасөспірім 10-шы қабаттан секіріп кеткен.
Ағаштардың үстіне құлаған қыз аман қалып, бірнеше ай бойы ауруханада жатты. Екі күдікті былтырғы жылдың шілде айында, ал үшінші күдікті қаңтарда қамауға алынды.