"Аяғы салбырап аспаннан түскен жоқ": вице-министр гүл ұрлаған экс-полицей жайлы

Ғалиасқар Думан

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Шымкентте гүл дүкенінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

“Біз де сіздер сияқты оқиға туралы әлеуметтік желілерден білдік. Сол күні тексеру басталып, осы полицейдің әрекеті бойынша қылмыстық іс басталғаны туралы ақпарат берілді. Тексеруді жеке қауіпсіздік қызметкерлері жүргізіп жатыр”, – деді Қожаев.

Бұдан бұрын прокуратура видеодағы азаматтың олардың қызметкері емес екенін мәлімдеген болатын, вице-министр бұл мәліметті растады.

“Иә, оның прокуратура қызметкері емес екенін растай аламын. Гүлдерді иемденген адам сол кезде полицияның учаскелік инспекторы болғанын растаймын. Біз реформалар жүргізіп жатырмыз. Қызметкерлеріміз аяғы салбырап аспаннан түспейді, олар да қоғамның мүшесі. Қоғамда болып жатқан процестер полицияда да болады. Бізде 126 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың арасында әртүрлі жағдай болады”, – деді ІІМ басшысының бірінші орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда желіде Шымкенттегі гүл дүкенінде түсірілген видео тарады. Кадрлардан ер адамның дүкен қызметкерін ұрып-соғып, гүл ұрлағанын көруге болады. Кейінірек бейнежазбадағы "батыр" бұрынғы учаскелік инспектор екені анықталды.

Дүкен иесі құқық қорғау органдары барлық құқық бұзушыларға қарсы іс қозғағысы келмейтінін айтады. Сондай-ақ, әйел белгісіз адамдар қоңырау шалып, қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Оқиға қоғамдық резонанс тудырды.

Бұдан бұрын заң бұзушының сөгіспен құтылып кеткені хабарланған.