Қорғаныс министрлігі Талдықорған авиациялық базасында төтенше жағдай болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“2023 жылғы 15 тамызда Талдықорған авиациялық базасында жауынгерлік ұшақты ұшуға дайындау кезінде оқ-дәрілердің өздігінен қозғалып кетуі орын алды. Соның салдарынан 2 әскери қызметші зардап шекті. Олардың біреуі алған жарақаттарынан қайтыс болды. Екінші әскери қызметшіге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде”, – деп хабарлады министрлік.
Тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпараттар жарияланған жоқ.
“Қарулы күштердің қолбасшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады”, – делінген ведомство хабарламасында.