Алматы облысында көппәтерлі үй өртеніп кетті: 24 адам баспанасыз қалды

Ғалиасқар Думан

Алматы облысының Заречный кентінде 8 пәтерлі үй өртеніп кетті. Баспанасынан айырылған 24 адам, оның ішінде 10 бала қонақүйлерге орналасуға мәжбүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

gov.kz

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті.

«17 тамыз күні сағат 03:57-де Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері Қонаев қаласы Заречный ауылындағы Школьная көшесінде орналасқан 8 пәтерлі тұрғын үйдегі өрт бойынша шақыруға шықты.

Сағат 04:21-де өрт сөндірушілер келген уақытта үйдің шатыры мен екінші қабаты жанып, артынша шатыр опырылғаны анықталды. Өрт туралы хабарлама кеш түскендіктен оны сөндіру жұмыстары қиындады. Қонаев қалалық өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына дейінгі қашықтық 20 шақырымды құрайды», - делінген хабарламада.

Құтқарушылар келгенге дейін 15 адам өз бетімен эвакуацияланып үлгерген, оның екеуі жарақат алды.

Жалын сағат 05:10-да оқшауландырылып, сағат 7:20-да толықтай жойылды.

Оттың тұтану себебі анықталып жатыр. Оқиға орнына Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 10 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды.

«Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өрт орнына барып, зардап шеккен тұрғындармен кездесті (24 адам, оның ішінде 10 бала). Қонаев қаласының әкіміне зардап шеккендерді Қонаев қаласындағы қонақүйге орналастыруды тапсырды. Жергілікті атқарушы органдар заңнамада белгіленген тәртіпте өрттен зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу жөнінде шаралар қабылдайтын болады», - делінген ТЖМ мәліметінде.