Ресейлік импорт Қазақстан зауыттарына қантты "әділ" бағамен сатуға мүмкіндік берер емес

Ғалиасқар Думан

Мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, арзан ресейлік қант импортының артуы қант зауыттарына өндірілген өнімді әділ бағамен сатуға мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде қант қызылшасының сатып алу бағасын көтеруге мүмкіндік бермейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл қант қызылшасының егістік алқабы 19,7 мың га, өткен жылы егіс алқабы 11,6 мың га құраған.

Қант қызылшасы өндірісінің рентабельділігін арттыру мақсатында биыл субсидиялар нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

“Қант зауыттарына да қолдау шаралары көрсетіледі. Мәселен, қант зауыттарын кеңейту мен жаңғыртуға жоба сомасының 25% мөлшерінде инвестициялық субсидиялар көзделген. Қант өндірушілерге 350 мың тонна қамыс шикізатын бажсыз әкелуге квоталар берілді, шикізат импортына ҚҚС-тан босату түрінде салық жеңілдіктері, сондай-ақ Салық кодексінің 411-бабы бойынша ҚҚС-ты 70%-ға төмендету қарастырылған. Бұдан басқа, шикізатты сатып алуға айналым қаражатымен қамтамасыз ету үшін қант зауыттарына жылдық 0,1% сыйақы мөлшерлемесімен «айналым схемасы» бойынша жеңілдетілген кредиттер берілді”, – делінген министрлік хабарламасында.

Үкімет қантқа ең төменгі көтерме бағаларды енгізу, бұрын бөлінген кредиттерді ұзарту, сондай-ақ қызылша шикізатын сатып алуды жеңілдікпен қаржыландыруға қосымша қаражат бөлу түрінде қосымша шараларды қарастырып жатыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын фермерлер  президент Тоқаевтың 2026 жылға қарай отандық қызылша қантының үлесін алты есе арттыру жөніндегі тапсырмалары орындалмағанын мәлімдеді. Олар сөзімізді тыңдайды және банкроттыққа жеткізбейді деген үмітпен мемлекет басшысына хат жазып, бұл сала бір жыл бұрын монополияланғанын және сол күйінде қалғанын, ал қант зауыттарының басшылары жергілікті диқандарды емес, бразилиялық фермерлерді қолдайтынын жеткізді.