Бизнесті Қазақстанға көшіру: Ресей олигархтары Еуропадан 50 млрд доллардың активтерін шығарды

Ғалиасқар Думан

Сарапшылар есебінше 2022 жылдың ақпанынан бері қайтарылған активтер 50 миллиард доллардан асып жығылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

REUTERS

Бұған Игорь Шилов пен Марк Курцерге тиесілі UMG және MD Medical Group-тың Кипрден Ресейге көшірілуі ықпал етті.

Бұқаралық ақпарат құралдары жазғандай, Ресейге алғашқылардың бірі болып активтерді қайтаруды Андрей Гурьев ("Фосагро") және Виктор Рашников (ММК) қолға алды. Тек ішкіресейлік оффшорларда қазір 254 компания бар.

"Шетелдік юрисдикцияларда Андрей Мельниченко негізін қалаған швейцариялық EuroChem Group және ЕО-ның жеке санкцияларына ұшыраған Вадим Мошкович негізін қалаған кипрлік Ros AGRO PLC ("Русагро" холдингі) қалып отыр. Ірі және орта ресейлік бизнестің санкцияланбаған иелері компанияларды дос пейілді юрисдикцияларға ауыстырады. Globaltrans Investment холдингін Кипрден БАӘ-ге көшірген миллиардер Владимир Лисин және Қазақстанда қайта тіркелген Polymetal дәл солай жасады", - делінген басылымда.

Кипр, Швейцария және Джерси сияқты юрисдикциялардан Ресейге және БАӘ мен Қазақстан сияқты Кремльге қолайлы елдерге активтерді аудару Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін көп ұзамай басталғаны атап өтілді.

Еске салайық, тамыздың басында ресейлік Polymetal компаниясы Джерси аралынан Қазақстандағы "Астана" халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) қайта тіркелген.

Халықаралық орталықтағылар Polymetal қазір Қазақстанда ағымдағы санкцияларға ұшырамаған активтерге иелік ететінін, сондықтан ешқандай бұзушылық жасамағанын алға тартты. Олар сондай-ақ, Polymetal редомициляциясы (яғни, ұйымдық-құқықтық мәртебесін сақтай отырып, заңды мекенжайды бір юрисдикциядан екіншісіне ауыстыру) Қазақстанға қор нарығын дамытуға, ірі шетелдік активтерді тартуға, салықтық түсімдерді ұлғайтуға, өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететінін атап өтті.