Антикор елімізде жемқорлардың жария тізілімі жасалатынын мәлім етті. Тізілімде жемқорлықпен сотталған адамның барлық дерегі болады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомство жемқорлар тізілімі жұмыс берушілерге әлеуетті үміткерді тазалық пен адалдыққа тексеруге мүмкіндік береді деп есептейді.
“Жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту ұсынылды. Сондай-ақ, Парламентте пара беру уәдесі мен ұсынысын криминализациялау мәселесі қаралып жатыр. Пара беру ұсынысы деп ауызша немесе жазбаша, оның ішінде электрондық нысанда пара беру туралы анық және түсінікті сөз, ал пара беру уәдесі деп пара беру уақыты, орны, тәсілі туралы хабарламасы бар осындай сөз түсінілетін болады”, – делінген хабарламада.
Антикор заңдарға енгізілетін бұл өзгерістер жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне елеулі үлес қосатынын атап өтті. Олар ГРЕКО, ЭЫДҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдардың ұсынысы бойынша дайындалған.
Айта кетейік, US News мамандары дайындаған жемқорлық рейтингінде Қазақстан 75-ші орында тұр.