Қазақстанда оқушыларды мектепке қабылдау тәртібі өзгереді

Айнель Аянова

Елімізде балаларды мектепке қабылдауға қажетті құжаттарды тапсыру мерзімі өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

turkystan.kz

 Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту министрлігінің бұйрық жобасында жазылған.

«Бірінші сыныпқа қабылданатын балалардың ата-анасынан немесе өзге де заңды өкілдерінен құжат қабылдау ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап жүзеге асырылады», - делінген құжаттың жаңа редакциясында.

Қолданыстағы талап бойынша бірінші сыныпқа баратын балалардан құжат қабылдау 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүреді. Енді ол тамыздан кейін де жалғаса беруі ықтимал.

 10, 11, 12-ші сыныптарға оқушылардан құжат қабылдау мерзімі де өзгереді.

«Оныншы, он бірінші, он екінші сыныптарға білім алушыларды қабылдау олардың жеке өтініші не ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтінішінің және негізгі орта білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжат негізінде жүзеге асырылады. Өтініш күнтізбелік жылдың 31 тамызына дейін қабылданады», - деп жазылған Оқу-ағарту министрлігінің бұйрық жобасында.

Бүгінгі күнге дейін аталған сыныптарға балалардан құжат қабылдау 15 тамызда аяқталатын. Енді оның уақыты 31 тамызға дейін ұзармақ.

Бұйрық жобасы 3 қазанға дейін талқыланады.

Айта кетейік, бұдан бұрын қазақстандық оқушылар қандай жағдайда онлайн оқуға көшірілетіні хабарланған.