Табылды Досымовтың өлең хаты табылды

Ulysmedia

Қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовтың 18 жасында жазған қолжазба өлең хаты табылды. Бұл туралы Табылдының курстас досы, журналист Арман Сқабылұлы facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

«Әбубәкір Смаилов маған хат жазыпты. Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың осыдан отыз жеті жыл бұрын өлеңмен өрген хатын тауып алған екен. Тәкемнің таныс жазуы... таныс есімдер... домбырасын сағынған бозбала... Он сегіздегі Табылдың өлеңі қандай! Түпнұсқадан оқып көріңіздерші!» - деп жазды ол facebook парақшасында.

«Арман! Хат жазу дәстүрі қалды ғой. Сонда да Табылды достың сарғайған хатын тауып алып, хат жазып отырмын. Отыз жеті жыл бұрын Германиядан келген хаттағы 18 жасар бозбаланың ойлы да шымыр шумақтары жүректі шымырлатады. Көпшілік те оқысын, сол заманның тынысы мен Тәкеңнің елге деген сағынышын сезінсін деген тілек менікі. Досымыздың рухы шат болсын! - деп Әбубәкір Смаилов хат табылғаны жайлы Арман Сқабылұлына жазған.

Ол facebook парақшасына Табылды Досымовтың қолжазба өлең хатының түпнұсқасын жариялады.

 

Табылды Досымов – Қазақтың тұңғыш бард ақыны. Ол 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысы, Индер ауданы, Индер поселкесінде туған. 2010 жылы 19 қазанда сол ауылда дүниеден өтті.

Табылды 1982 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1990 жылы тамамдаған. 

1983-1985 жылдар аралығында Германияда әскери борышын өтеген.