Сенат кулуарында Қорғаныс министрінің орынбасары Бақытбек Сыдықов Қазақстан Қарулы күштері үшін қандай мемлекеттерден қару сатылып алынатынын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Журналистер Сенат кулуарында Бақытбек Сыдықовтан Қазақстан қандай елдерден қару сатып алып жатқанын сұраған. Шенеуніктің айтуынша, Қазақстан Қарулы күштері қару-жарақтың 50 пайызын шетелден сатып алады. Ресейден, Беларусьтен, Түркиядан әкелінеді.
«Мемлекеттік өнеркәсіптік тапсырыстың шамамен 50 пайызын біз өзімізден аламыз. Қалған 50 пайыздан азы шетелден тапсырыс арқылы келеді. Себебі технологиясы жоғары қару-жарақ керек. Осының ішінде Ресейден қаруды аламыз рас. Өйткені қазіргі таңда кеңес одағынан қалған қару-жарағымыз баршылық, сол қару-жарақты Ресейден келетін тапсырыс арқылы ұстап отыруымыз керек. Сонымен қатар, Түркия, Қытай, Сербия, Чехия елдерінен қару-жарақ сатып аламыз», - дейді Бақытбек Сыдықов.
Ресейге салынған санкцияларға байланысты Қазақстан қару-жарақ сатып алу ісіне де әртараптандырып жатыр. Ал Украинадағы соғыста қолданыстағы Himars пен Abrams-ты сатып алуға Сыдықов Қазақстан бюджетінің шамасы келмейтінін айтады.
«Бағаларын салыстырамыз. Бұйрық бергенде әрбір шетелдіктер бағаларын кейде береді, кейде бермейді. Соны салыстырғанда Himars деген біз үшін өте қымбат. Сұрасақ та сатпауы мүмкін. Оны АҚШ шешеді», - дейді ол.