Шымкентте Мәдениет басқармасының басшысы ұсталды

Ғалиасқар Думан

Антикор Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы басшысы Сәкен Шәкеевтің ұсталғанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Ол өзінің қарамағындағыдан еңбек шартын ұзартқаны және қызметтегі жалпы қамқорлығы үшін 1 миллион теңге көлемінде пара алды деп күдікке ілінді. Тергеу жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.

Құзырлы орган іске қатысты басқа ақпаратты заң талабына сүйеніп таратпады.

Аталған басқарманы Сәкен Шәкеев биылғы жылдың наурызынан бері басқарып келеді. 

Ол еңбек жолын 2008 жылы Қазақстан Республикасы әкімшілік-құқықтық жұмыс департаментінің шаруашылық жөніндегі әкімшісі ретінде бастады, 2009-2014 жылдары логистика департаментінің жетекші менеджері, 2014-2015 жылдары қаржы және әкімшілік-құқықтық жұмыс департаментінің заңгері, 2015-2017 жылдары логистика департаментінің директоры, 2017-2020 жылдары Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының вице-президенті болып жұмыс істеді.

2022 жылғы 6 қыркүйектен бастап мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарған. 2023 жылғы 10 наурыздан бастап қазіргі уақытта Шымкент қаласының мәдениет тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Есік қаласының әкімі пара алу кезінде ұсталған.