"Тарихи көрсеткіштен асып кетті": Қазақстанда қанша киік бар

Ғалиасқар Думан

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде киік саны қанша екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Оның дерегінше, 2003 жылы киік саны бар-жоғы 21 мың болды.

«Ал 1993 жылы 1 млн 200 мың бас бар еді. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында киік саны 1 млн 900 басқа жетті. Мұның ішіне биылғы көктемгі төлін қоспадық. Жалпы, киік – өсімтал мал. Келесі көктемде санақ өтеді. Бірақ қазірдің өзінде ең төменгі 30 пайыздық болжамды алғанның өзінде бүгінде 600 мың бас киік қосылып отыр. Бүгінде киік саны 2 млн 600 мыңның үстінде болады», - деді министр брифингте.

Ведомство басшысы Батыс Қазақстан облысында Орал популяциясының 300 мыңы ғана тіршілік ете алатынын, ал бүгінде 1 млн 130 мың басқа жеткенін атап өтті. Киелі аңның санын реттеу мақсатында 337 мың бас киікті аулау жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұдан бұрын Ерлан Нысанбаев киіктерді түнгі уақытта ату көзделіп отырғанын жеткізген. Министрдің айтуынша, ақ бөкендер ауыл шаруашылығына 12 млрд теңге шығын әкелгенін алға тартты.

Еске салсақ, 2022 жылы экология министрі Серікқали Брекешев ақбөкендер фермерлердің егінін таптап жатыр деп мәлімдеген еді. Содан кейін ведомство «жануарлар санын реттеу шеңберінде» 80 мың ақбөкенді ату туралы шешім қабылдаған.

Бұл шешім қоғамның біршама сыны мен наразылығын туғызып, қазақстандықтар экология министрлігінің жоспарына қарсы петицияға қол қойды. Ақыры, іске президент араласып, министрге сөгіс жариялап, бастаманы тоқтатты.

Бұдан бұрын экология министрлігі қоғамның қарсылығы мен президенттің ескертуіне қарамастан, киік атуды заңдастырылатынын мәлімдеген.