Бізді кімдер қорғап жүр? Қазақстандағы омбудсмендердің рөлі қандай

Сырым Қаржас
ulysmedia коллажы

Әдетте біз ұзақ ойланып-толғанамыз, бірақ бір орнымыздан қозғалсақ, алдымызға жан салмаймыз. Елде біздің «құқығымызды қорғаумен» айналысатын қаншама ресми тұлға бар екенін білесіз бе?

ОМБУДСМЕН ТАРИХЫ

Қазақстанда алғашқы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл 2002 жылы тағайындалды. Кейін бұл институт кеңейіп, омбудсмендер әр саладан бой көрсете бастады. Олар – мемлекеттің және лауазымды тұлғалардың азаматтардың құқықтарын сақтауын қадағалауға уәкілетті. Әдетте бұл қызметке кәсіби беделі жоғары, тәжірибелі және қоғам сеніміне ие адамдар тағайындалады. Бұл – қалыпты жағдай. Бірақ бізде көбінесе бұл лауазым «құрметті сілтеме» ретінде қабылданады. Мысалы, бала құқықтары жөніндегі бұрынғы омбудсмен Зағипа Балиеваны еске түсіріңіз…

Егер бәрін қарапайым тілмен айтсақ, ХХІ ғасырдың басында елімізде заңдар жазылып, билік иелеріне ыңғайлы жүйе құрылып болғаннан кейін, халықаралық аренада да адам құқықтарын қорғау саласында «жақсы көріну» қажеттілігі туындады. «Неге біз Еуропа немесе Америкадан кембіз?» – деп ойлаған Назарбаев шет елдерден айтылып жатқан азаматтық құқықтар мәселесіне жауап ретінде омбудсмен институтын енгізді. Сөйтіп, азаматтарды мемлекеттік органдардың әрекетінен қорғауға тиіс орган дүниеге келді.

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ? 

Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі нақты көрсетілген. Заңның екінші тарауының екінші бөлімінде уәкілдің ерекше мәртебесі айқындалған. Ол уәкілді сенаттың келісімінсіз ешкім қамауға алмайды, үйқамаққа отырғыза алмайды, тіпті әкімшілік жаза қолдануға да болмайды (егер ол қылмыс үстінде ұсталмаса немесе ауыр қылмыс жасамаса).

Теория бойынша, омбудсмендер ресми сұраныстар жасап, мәлімдемелер шығарып, ұсыныстар енгізе алады. Бірақ бұл ұсыныстардың орындалуын талап ету құқығы жоқ. Немесе... олар бұл мүмкіндікті пайдаланғысы келмейді. Әдетте омбудсмендер резонанс тудырған оқиғаларға тек БАҚ пен әлеуметтік желілер шу көтергеннен кейін ғана үн қосады.

Қазақстанда прокуратура, соттар, жемқорлықпен күрес органдары және өзге де құзырлы мекемелер бар. Осылардың көлеңкесінде омбудсмен институты – жай ғана декоративті орган, бақылау иллюзиясы болып көрінеді. Ал Еуропада омбудсмен сөзі билік шешімдерін тоқтата алады.

ПРОКУРОРДАН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫҒА АЙНАЛҒАН БАС ОМБУДСМЕН

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі – Артур Ермекұлы Ластаев. Ол – жоғары білімді заңгер, тіпті ФБР академиясын да тәмамдаған. Ұзақ жылдар прокуратура жүйесінде жұмыс істеп, БҰҰ-да ҚР Бас прокуратурасының өкілі болған. Яғни бұрынғы айыптаушы – енді қорғаушы рөлінде.

Бірақ бұл рөл оған қиын тиіп тұрған сияқты. Бұған Марат Жыланбаевтың ісі – нақты мысал. Қоғам белсендісі Бақытжан Төреғожина мен адвокаттар марафоншының өміріне қауіп төніп тұрғанын айтса, омбудсмен Ластаев бұл мәлімдемелерді «пиар-активтік» деп бағалады. Оның өзі емес, өкілдері екі мәрте колонияға барып, бәрі жақсы деген қорытынды шығарды. Ластаев видеоны «жеке өзі» қарап, Жыланбаевтың серуендеп жүргеніне, туыстарымен және адвокаттармен кездесіп жүргеніне көз жеткізгенін мәлімдеді. Ал Төреғожина «жалған ақпарат таратты» деген айыппен әкімшілік жаза алды.

Ластаевтың басқарып отырған ұйымы – өте ауқымды. Құрамында кеңестер, сарапшылар, белсенділер бар.  Жиын, баяндама, халықаралық сапарлар жасайды. Бірақ нақты бюджеті мен нақты қанша адам жұмыс істейтіні белгісіз.

БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

Қазіргі балалар омбудсмені – Динара Закиева. Ол – халықаралық құқық маманы, кәсіпкер, партия қызметкері және бұрынғы депутат. Балалармен жұмыс істеуі 2017 жылы басталды: Астанадағы балалар үйінің басшысы болды. Кейін «Nur Otan» партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалар құқығын қорғау кеңесін басқарды, Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы «Қамқорлық қорының» директоры болды. 2023 жылы маусымда – балалар омбудсмені атанды.

Не істеп жүр? Қоғам трагедияларға реакция күтсе де, көбіне баяу және формалды жауап береді. Мысалы, балалар өлімімен аяқталған өрттен кейін ата-аналарға 12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде заң енгізуді ұсынды. Немесе Екібастұздағы 7 жастағы қыздың өлімінен кейін халықты билікке қауіп туралы хабар беруге шақырды.

Ең есте қалған іс – Баганашылдағы балалар үйінің жабылуымен байланысты. Закиева араласқысы келгенін, әкімдікке жүгінгенін айтты, бірақ нақты нәтижеге қол жеткізе алмады. Ақыры Президенттің араласуынан кейін ғана балалар өз орнында қалды. Ал кибербуллинг, зорлық-зомбылық, бопсалау туралы нақты шаралар – сол күйі көрінбей қалды. Жалпы, Закиева халық жадында бала құқығын қорғауымен емес, тұрмыстық зорлық туралы заң жобасының авторы ретінде қалды.

КӘСІПКЕРЛЕРДІ КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

Кәсіпкерлер құқығын қорғау омбудсмені – Қанат Ільич Нұров. Ол жақында кәсіпкер Ляззат Көккөзованың ісі бойынша апелляциялық сотта ресми өкіл болуға ниет білдірді. Нұровтың ойынша, кәсіпкерлік табысты ұрлық деп санауға болмайды, сондықтан сот шешімін жою қажет. Екі апта бойы сот Нұровты процеске жіберу немесе жібермеуді талқылап, ақыры оны іске қатыстыруға рұқсат берді.

Шығарылымды Ulysmedia.kz YouTube-арнасынан көре аласыздар.