Ресейлік «Интер РАО-Экспорт» компаниясы («Интер РАО» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіреді) Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларында жылу электр станцияларын салады. Оған жұмсалатын қаржы қазақстандықтардың Бірыңғай зейнетақы қорынан алынады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов айтты. Ulysmedia.kz аталған жобаның оң және теріс тұстарын таразылап, оны жүзеге асыру неліктен Ресейге «бұйырғанын» анықтап білді.
Неліктен БЖЗҚ
– Көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО салу үшін Бірыңғай зейнетақы қорынан қаражат алғалы отырмыз. Өйткені дәл осы көмірмен жұмыс істейтін станцияларды салуға банктер қаржы бөлуі қиынырақ. Сондықтан осы мақсатқа БЖЗҚ қаражатын алғалы отырмыз, - деді ол.
Атап айтқанда, зейнетақы қорындағы қаражатқа Көкшетау, Өскемен және Семей қалаларындағы жылу электр стансаларын салып қана қоймай, Екібастұз ГРЭС-2 энергоблоктарын жаңғырту да жоспарланып отыр.
– Екібастұз ГРЭС-2 жобасындағы үшінші және төртінші блоктарды іске қосуға осы БЖЗҚ қаражатын пайдалануды ойлап отырмыз. Сонымен қатар, өздеріңізге белгілі, қазір ресейлік тараппен үш ЖЭС-ті іске асыру мәселесі талқыланып жатыр», - деп түсіндірді А.Рысқұлов.
Олар не салады?
Бұл жобалардың барлығының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып жатыр, жақында аяқталып қалар. «Самұрық-Энерго» компаниясының мәліметінше, Көкшетаудағы ЖЭС-ның құрылысына 347 млрд теңге жұмсалады. Көкшетау қаласын басқаша «Аристон қаласы» деп те атап жүр. Оған себеп, тұрғындар ыстық суды тек электр қазандықтарының көмегімен алуға мәжбүр болып отыр.
Жылу электр орталығының электр қуаты 240 МВт, ал жылу қуаты 520 Гкал/сағ. Нысанды жобалау, сатып алу, салу және пайдалануға беру мәселелерін мердігер компания өз міндетіне алады. EPC келісімшартын ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында жасау жоспарланған. Жылу электр орталығы 2027 жылы іске қосылады.
Әлеуетті инвесторлар қайда?
2023 жылдың басында Энергетика министрлігі құрылысқа инвестор табу үшін қатарынан екі тендер өткізгенімен, нәтиже болмады. Бірінші тендер 4-31 қаңтар аралығында өтті, бірақ оған қатысуға әлеуетті инвесторлардың ешқайсысы өтініш білдірмеді. Бұл ретте Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың баспасөз қызметі қаңтарда Түркияның «Гап Иншаат» компаниясы жобаға қатысуға қызығушылық танытқанын, бірақ оның өтінім бермегенін хабарлаған еді.
Энергетика министрлігі 13 ақпан мен 15 наурыз аралығында тағы да тендер жариялады, бірақ бір ай бойы инвесторлардан өтініш түспеді. Оған себеп жобаның құны 239,4 миллиард теңге болса, оның 71,9 миллиардын инвестордың өзі салуы керек еді. Яғни, инвестор техникалық-экономикалық негіздемесі бірнеше жыл бұрын есептелген сомаға ЖЭО салуы керек. Бұл сол кездері (бірнеше жыл бұрын) жақсы баға еді, бірақ Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін құрал-жабдықтардың, металдардың және жеткізу құнының күрт өсуі жағдайды өзгертті. Сондықтан болар, бастапқыда жобаға қатысуға қатты қызыққан шетелдік инвестор тендердің бағасын менсінбеді.
«Тендер» ойыны
Осындай кезде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің құнын түзетіп, оны қайтадан тендерге шығаруға болушы еді, алайда оған тек Энергетика министрлігі ғана емес, үкіметтің өзі құлықты болмады. Атқарушы билік жобаны (Көкшетау қаласындағы) Ресейлік инвесторға беруге шешім қабылдайды, мұнымен қоймай, Өскемен мен Семейдегі екі жылу электр орталығын салуды да осы ресейлік компанияға береді.
Осы ретте Көкшетаудағы жылу электр орталығының құнына назар аудару керек. 2023 жылдың 14 қарашасында Энергетика министрлігі бұл қаладағы стансаның құны 389 миллиард теңгені құрайтынын хабарлады. Бұл бастапқы бағадан бірден 62,5 пайызға жоғары. Бұл сома басқа компаниялар тарапынан да қызығушылық тудыруы мүмкін. Айта кетерлігі, өз «қателігін» түсінген ведомство жобаның құнына қатысты мәліметтерді қоғам назарынан алып тастады. Алайда сенімге селкеу түскенін білді ме екен?
Жобалар құны қалай құбылды
Нәтижесінде, 16 қаңтарда өткен үкімет отырысында «Самұрық-Энерго» компаниясы жобаның құны 347 млрд теңге болатынын жариялады. Бұл екі тендерде инвесторларға ұсынылған бастапқы бағадан 44,9%-ға жоғары. Шын мәнінде, Үкімет ешкімнен сұрамай-ақ, ЖЭО құрылысын тек Ресейге беруді ұйғарғаны байқалып тұр.
Үкімет мұндай қадамға не үшін барды, яғни жобаны неге Ресейге берді деген сұраққа бір ғана жауап беруге болар еді. Олардың логикасына сүйенсек, ешкім бұл жобаны алуға қызығушылық білдірмеген. Яғни, қаржыландыру болмауына байланысты Ресеймен жұмыс істеуге мәжбүрміз. Біздіңше, мәселе мынада: халықаралық банктер мен қорлардың барлығы дерлік көмір электр станцияларын, сондай-ақ барлық қазба отынмен жұмыс істейтін электр станцияларын салуға және жаңғыртуға несие беруден бас тартты, олар тек газ пайдаланатын болса ғана ақша беруі мүмкін. Онда да ауаға СО2 шығарындыларын азайту мақсатында. Мамандардың айтуынша, көмір электр стансаларының құрылысын шетелдіктерден тек Қытай ғана қаржыландыруға тәуекел етуі мүмкін еді, бірақ Қытайдың өзі Екібастұз ГРЭС-2-нің 3-ші және 4-ші блоктарын жаңғыртуды қаржыландырудан бас тартты. Өйткені қытайлықтар қазіргі уақытта көмір пайдаланатын жылу электр орталықтарының ғұмыры қысқарып келе жатқанын жақсы біледі.
Көмірден басқа неміз бар
Нәтижесінде, таңдаудың осыншалық бай болуына қарамастан, Қазақстан билігі Ресеймен жұмыс істеуді дұрыс көрген. Техниканы да, қаржыландыруды да Ресейден алуды жөн көрген. Ресей дейміз-ау, ақшаның иесі тек солтүстіктегі көршіміз емес, онда Қазақстанның да үлесі бар. Айтып отырғанымыз Еуразиялық даму банкінің активтері. Қаржы ұйымындағы ресейлік үлес 44,78% болса, қазақстандық үлес 37,29%.
Сонымен, біз өз үлесіміз бар банкпен (Еуразия банк) жұмыс істей отырып, ресейлік зауыттар мен компанияларға Қазақстанға қондырғыларды жеткізу және жылу электр станцияларын салу арқылы ақша табуға көмектескен болып шығамыз.
Көкшетау жылу электр стансасында қолданылатын жалғыз-ақ қазақстандық өнім ол – Екібастұз көмірі болмақ. Оның бағасы ресейлік көмірмен салыстырғанда арзан әрі стансаға жеткізу ресейлікке қарағанда оңайырақ. Алғашқы техникалық-экономикалық негіздемеде жылу электр орталығының өзін-өзі ақтау мерзімі 15 жыл болған. 15 жыл бойы ресейлік несиенің пайыздары жылу мен электр энергиясының қазақстандық тарифтеріне қосылады, яғни оны әдеттегідей бүкіл халық пен бизнес төлейді.
«Самұрық-Энерго» компаниясының мәліметі бойынша, Семей ЖЭО-ның алдын ала құны, 420 млрд теңгені құрайды. Станцияның электр қуаты 360 МВт, жылу қуаты 742 Гкал/сағ. EPC-келісімшартына үшінші тоқсанда қол қою жоспарланып отыр. Жылу электр орталығы 2027 жылы іске қосылатыны туралы айтылды.
Өскемен жылу электр орталығының алдын ала құны 490 млрд теңгені құрайды. Электр қуаты – 360 МВт, жылу қуаты – 1007 Гкал/сағ. Бұл параметрлер 2024 жылдың соңында өзгеруі мүмкін. Өйткені биыл жыл соңына дейін жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленеді. Яғни, сол кезде нақты болады. Өйткені қазір Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Өскеменде болашақта болатын электр және жылу жүктемелерінің есебін жүргізіп жатыр. Жоба бойынша EPC-келісімшартына 2025 жылдың бірінші тоқсанында қол қою жоспарланған.
Сонымен қатар ресейлік тарап Екібастұз ГРЭС-2-тің жалпы қуаты 1 ГВт болатын 3-ші және 4-ші блоктарын жаңғыртуды жүзеге асыратыны туралы айттық. «Самұрық-Энерго» компаниясының мәліметі бойынша, ресейлік тарап өткен жылдың соңында Қазақстанға 230 миллиард ресей рублін немесе 1,1 триллион теңгеден астам соманы жылдық 7,5 пайызбен несиеге беруге дайын екендіктерін жеткізген.
Кім ұтты, кім ұтылды?
Яғни, ақшаны бірнеше ресейлік банк береді. Компанияның мәліметінше, ГРЭС-2-нің 3-ші блогын жаңғырту құны – 550 млрд теңгеге, 4-ші блокты жаңғырту 580 млрд теңгеге шығады. Ресейлік несие биыл наурыз-мамыр айларында түседі, ақша түскеннен кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары мен ресейлік техниканы жеткізу басталады.
Бұл жағдайда, әрине, Ресей жағы ұтады. Ол өзінің компанияларына тапсырыс тауып береді, сонымен қатар Қазақстанға берген несиенің рахатын көреді (15 жыл бойы). Ал Қазақстан болса, әдеттегідей, қарызынан құтылғанша, жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Ресей туралы олай айта алмас едік. Өйткені бұл ел 1998 жылы дефолт жариялағанын ұмытпағынымыз жөн.
«Самұрық-Қазына» компаниясы Қазақстанда Ресей салатын үш жылу электр орталығы мен ГРЭС-2-нің екі энергоблогы үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қанша ақша алатынын нақты айтпады. Бұған қоса, неліктен Өскемен мен Семейдің жылу электр орталықтарын салу тендер өткізбестен Ресейге берілгенін түсіндірмеді. Бірде-бір инвестор тарта алмаса да, тіпті әдейі төмен баға қойып, инвесторларды қашырса да, Ресейге жеңіп берген тендер Өскемен мен Семейге келгенде өткізілген жоқ. Яғни, бәсекелестік болмағаны айдан анық. Ал бәсекелестік болмаған кезде жоба құнына қатысты сұрақтар көбейіп, қоғам мен билік арасы алшақтай береді.