Трагикомедия: Төтенше жағдайлар министрлігіне жаңа комитет не үшін қажет

Ulysmedia

Егер қазақстандық шенеуніктер арасында «кім өз жұмысын дұрыс атқара алмайды?» деген байқау өтсе, онда сол байқаудың арнайы сыйлығын Төтенше жағдайлар министрі алушы еді. Неге? Өз сәтсіздіктерін жылы жауып қойып, ештеңе болмағандай тымпиып отырған ведомство басшысына басқа қандай «мақтау» айтуға болады? Ел-жұрт су тасқынынан зардап шегіп, баспанасынан, дүние-мүлкінен айрылып, зар илеп жатқанда, ол ештеңе болмағандай, министрлік ішінен жаңа комитет ашып отыр. Комитет қалай аталады дейсіз бе, ендеше жаттап алыңыз - Төтенше жағдайларды ескерту комитеті.

Бұл қойылымның режиссері кім екенін айттық. Ал жаңа комитет қандай логикаға сүйеніп құрылады, мұны Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Жаңа комитет құруға 1,6 млрд.теңге

Осы демалыс күндері интернет бетінде жаңа комитет құрылғалы жатыр деген ақпарат гу ете түсті. «Ашық НҚА» порталынан бұл ақпаратты алғаш қай журналистің көзі шалғанын білмейміз, білудің де қажеті шамалы, ал ол жариялаған құжаттың мазмұны, міне, сол маңызды секілді. 

– ҚР Үкіметі қаулы етеді: «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайларды ескерту комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылсын, - делінген қаулы жобасында.

Ал түсіндірме жазбада жобаны іске асыру орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қатысты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелерін бақылауға мүмкіндік беретіні айтылған.

Яғни, жаңа комитет өңірлердің табиғи және техногендік сипаттағы апаттарға дайындығын бақылайды . Сол арқылы төтенше жағдайлардың алдын алады. Дәл осы бақылау функциясына не жатады? Бұл жағы жоба құжатында ашып жазылмаған. Алайда жаңа комитеттің жұмыс істеп кетуіне былтырғы алапат орман өрті мен биылғы су тасқынындағы «тәжірибе» методикалық нұсқаулыққа жарап тұр. 

Төтенше жағдайлар министрлігі жанынан жаңа комитет құруға бюджеттен 1,6 млрд теңге көлемінде қосымша шығын шыққалы отыр.

«Ашық НҚА» порталының мәліметінше, құжат жобасы 24 мамырға дейін талқылануы тиіс, алайда «Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді» делінген. Соған қарағанда, бәрі шешіліп қойған, бірақ демократия қағидаттары формальды түрде сақталған.

Бірі ескертеді, екіншісі төтенше жағдайды жояды

Төтенше жағдайлар министрлігінің ішінен тағы бір үй тігудің қандай қажеті бар, функцияны бөлудің осындай амалынан кейін тағы бір идеяның құлағы қылтимасына кім кепіл? Төтенше жағдайларды ескерту комитеті құрылды, енді оны жоюмен айналысатын комитет те керек шығар. Креативті менеджерлердің басына осындай идея келіп жатса, таң қалмаймыз.

Бірі ескертеді, екіншісі төтенше жағдайларды жояды. Бірі атқара алмаған шаруаны екіншісі дөңгелетіп әкетеді. Сонда Министрліктің өзі немен айналысады? 

Қолға күрек ұстап көрмеген адамның Төтенше жағдайлар министрлігін басқаруға келуінің өзі таңқаларлық емес пе? Әңгіме ақпан айындағы тағайындау туралы болып отыр. 

Еске салайық, Шыңғыс Әрінов министр болып тағайындалғанға дейін ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – ҚР Президенті күзетінің бастығы болған. 80 жылдан бері болмаған су тасқынын бастан өткеріп, аймақтарды аралап келіп, видеоүндеу жасағаны сол себептен де шығар. 

Біреу тойып секіреді,біреу тоңып секіреді

Бұл шақ той тойлайтын емес, елдің қамын ойлайтын шақ. Мұндай жаңалықты естіген жұртшылық ашуланып отыр. Онысы дұрыс та. 14 наурызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖМ Төтенше жағдайларды ескерту департаменті бастығының міндетін атқарушы Алтай Мырзабаев республика бойынша 7 млрд теңге төтенше жағдайлардың алдын алуға бөлінгенін хабарлады. Ал жақында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қ.Шарлапаев су тасқынынан бүлінген әр үйге республикалық бюджеттен 22 млн теңге өтемақы берілетінін  айтты. Мұның қасында жаңа комитет құруға кететін 1,6 млрд теңге түкке тұрғысыз көрінеді. 

Ал Қазақстан үкіметі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі 20 мыңнан астам отбасы мемлекеттен көмек алғанын, 130 отбасы қираған баспаналардың орнына баспана мен пәтер алғанын хабарлап жатыр. Алайда дүние-мүлкінен айрылған жұрттың ашуы тарқар емес. 

– Бүгінде 20 601 отбасы 7,4 миллиард теңгеден астам сомаға 100 АЕК біржолғы төлем алды. Өлген малға мемлекет тарапынан көрсетілген көмек көлемі 1,1 миллиард теңгеден асты, деп хабарлады өткен сенбіде үкіметтің баспасөз қызметі. 

Үкіметтің мәліметінше, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға 239 жаңа үй салынып жатыр. 568 отбасына 710 миллион теңгеден астам тұрғын үйді жөндеу мен қалпына келтіруге өтемақы төленді. Зардап шеккен аймақтарда барлығы 9995 тұрғын үй тексеріліп, 7522 нысан бойынша бағалау жүргізілді.

Биылғы көктемде 120 мыңға жуық адам үйлерінен көшірілгенін және осы уақытқа дейін олардың жартысы ғана үйлеріне оралғанын, ал 6 мыңға жуық адам әлі де эвакуациялау пункттерінде қалғанын ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрлігі жанынан Табиғи апаттан зардап шеккендермен байланыс орнату жөнінде тағы бір комитет құруды қарастырған жөн...

Біздің қолымызда тұрған билік осал емес. Елдің айтар арзуын осы мақала арқылы жеткізуді журналистік борышымыз деп білеміз. 

Байтас Құрманов