Антикор & Ерлан Құтпанбаев: Мыңмен жалғыз алысқан «орманшының» артында кім тұр

Ulysmedia

13 мамырда Абай облыстық соты «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РМК-ны басшылығына 2023 жылғы маусымда Жаңа Шүлбі бөлімшесінің 15 қызметкерінің өмірін қиған ірі орман өртіне байланысты үкім шығарды. Сотталушылар – қорық пен филиал басшылары өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзып, екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған қылмыстары үшін кінәлі деп танылды. Әрқайсысы жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Бір қызығы, «Антикордың» ұсынысына қарамастан, Орман шаруашылығы комитеті басшысының орынбасары Ерлан Құтпанбаев қарамағындағылардың қылмысы үшін ешқандай жауапкершілікке тартылмаған. Ал, оның қызметімен қоштасатын ойы жоқ сияқты.

Ulysmedia.kz тілшісі “отқа салса жанбайтын” шенеуніктің қамқоршылары кімдер екенін білуге тырысты.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Ормандағы былықтар

Еске сала кетейік, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты 656 мың гектар аумақты алып жатқан, 10 өңірлік бөлімшесі бар, оның әрқайсысында 2-ден 6-ға дейінгі орман шаруашылығы бар мекеме. Өткен жылдың 8 маусымында Абай облысында өрт шығып, 60 мың гектар орман алқабын шарпыған. Өртті сөндіру кезінде «Семей орманы» РМК Жаңа Шүлбі филиалының 14 қызметкері мен жергілікті тракторшы қаза тапты. Осы кезде Семейде төтенше жағдай жарияланды. Ел тарихындағы ең ірі өрттердің бірі фонында Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды. Бірнеше адамның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Қорық басшылығына «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды» деген айып тағылды. Алайда, қайғылы оқиғадан кейін қаза болғандардың туыстары мен әріптестері орман шаруашылығында ұзақ жылдар бойы жиналған былық жайлы бұқаралық ақпарат құралдарына айтып берді. Мәселен, соңғы жылдары өртке қарсы күрес шараларына қаражат бөлінбеген. Сондай-ақ «Семей орманы» жемқорлық пен заңсыздықтың ордасына айналғаны туралы мәліметтер бар. Құжатта отынға деп көрсетілген ағаштар, шын мәнісінде құрылыс материалдарына қажет сапалы өнім ретінде саудаланған. Сонымен бірге орманды қолдан өртеп, бұрын кесілген ағаштарды сол өрт кезінде өртеніп кетті деп көрсетіп келген.

Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Семей орманы» ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтияр Қайдаров орын алып жатқан бассыздықтың бәріне Экология министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетін айыптады. Ақсақалдың айтуынша, 2022 жылдың желтоқсанында қорықтың бас директоры қызметіне тағайындалған Байжан Мұсақанов жемқорлықтың тікелей дәлелі. Өйткені «Семей Орманындағы» алаяқтық фактісі бойынша тексеру жүргізген «Сапсан» жедел тобы бас директордың кәсіптік білімі туралы дипломының «жалған» екенін анықтаған. Айтпақшы, өрт қауіпсіздігіне дайындық жүргізілген кезде қорықтың бас директоры осы Байжан Мұсақанов болатын.

Ағаш сат, мал тап...

Бақтияр Қайдаровтың сөзінің растығын 2023 жылдың маусым айының басында, тіпті өртке дейін «Семей орманы» мекемесінің бұрынғы басшысы Әшім Белбеевтің тендерлер өткізу және рұқсат беру кезінде жүйелі түрде пара алғаны үшін 10 жылға сотталғаны дәлел бола алады. Осы қылмыстық істе оның орынбасарлары да шаталған еді. Ашық дереккөздер Белбеевтің 2021 жылдың 25 қаңтарында қорықтың бас директоры болып тағайындалғанын және наурыз айында ұйымдасқан қылмыстық топ құрғанын көрсетеді. Тергеу қорық басшылары орманда ағаш кесу үшін 700 мың теңгеден (1500 доллар) 13 миллион теңгеге (29 мың доллар) дейін пара алғанын анықтады. Филиал басшыларына қатысты да қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктердің тікелей басшысы болып саналатын Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының, оның бірінші орынбасарының мәселесі әлі шешілген жоқ. Заң бойынша, егер қоластындағы қызметкер сыбайлас жемқорлықпен сотталса, онда бірінші басшы креслосымен қош айтысуы керек.

15 адамның өліміне әкеп соққан өртке қатысты сот үкімі жарияланғаннан кейін де Орман шаруашылығы комитеті басшысының бірінші орынбасары ештеңе болмағандай жұмысын жалғастыруда.  Экология министрі Ерлан Нысанбаев өзімен аттас орынбасары Ерлан Құтпанбаевтың мансабына қатысты журналистер сұрағына былайша жауап берген-ді:

– Бұл адам жұмыста, әзірге құқық қорғау органдарынан оның үстінен шағым түскен жоқ. Осы мәлімдемеге сүйене отырып, Экология министрлігінің Құтпанбаевқа шағымы жоқ деген қорытынды жасауға болады.

Құтпанбаевтың басынан кешкендері

Орман шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасарының әлі жұмыс істеп жүруі күмән тудырады. Өткен жылы Антикор Экология министрлігіне Ерлан Құтпанбаевқа қатысты тәртіптік шара қолдануын сұрап, ұсыныс жолдаған, Оны пысқырып жатқан ешкім жоқ. Комитет төрағасының орынбасары «Семей орманында» қайғылы оқиғаға әкеп соқтырған сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жол берген қарамағындағыларға бақылау жасай алмады деген күдікке ілінген.

«Сыбайлас жемқорлықты тергеу қоры» Telegram-арнасы 2023 жылдың 4 шілдесінде Құтпанбаевтың сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы барын айтып, бірнеше дәлел келтірген. Бірақ Құтпанбаевтың оқтың арасынан қалай сау шыққаны таңданыс тудырады.

- Үкім шығарылғанға дейін біраз уақыт бұрын, 2022 жылдың күзінде Шығыс Қазақстан облысының антикоры Экология министрлігіне қылмыстық құқық бұзушылық пен өзге де заң бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс енгізген», - деп жазды телеграм-арна авторы.

- Ұсынылған материалдан қорық аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтардың жасалуы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұрынғы төрағасы А.Қайнарбековтің, сондай-ақ филиалдарға жетекшілік ететін орынбасары Е.Құтпанбаевтың арқасында мүмкін болғаны белгілі жағдай. Басшы мен қосшы қызмет бабын пайдаланып, пайдакүнемдік мақсатта қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен.

Мәселен, Е.Құтпанбаев өзінің сенімді өкілі М.Асылбеков арқылы жергілікті ағаш кесушілерден санитарлық тазалауға және ағаш кесуге рұқсат бергені үшін үлес алмақ болған. Алайда «Антикор» қызметкерлері қорық басшылығының қылмыстық әрекеттерінің жолын кескен. Осылайша Е.Құтпанбаев пен оның сенімді өкілі М.Асылбеков өз жоспарларын жүзеге асыра алмады.

«Сыбайлас жемқорлықты тергеу қор-бюросы» Ерлан Құтпанбаевтың қатысуымен жасалған басқа да қылмыстарды еске алды.

- Антикордың Қарағандыдағы қызметкері Т.Әбдікәрімов 2017 жылы болған қылмысқа қатысты да министрлікке ұсыныс жіберген. Ол кезде Е.Құтпанбаев «Қарқаралы ұлттық мемлекеттік табиғи паркі» РМК-де директор болған. Сол қызметте отырып бірталай қаражатты қалтаға басқан. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталғандай, Е.Құтпанбаев резерват атынан әрекет ете отырып, Теректі тау-кен байыту комбинатының «Алтай Полиметалл» ЖШС бас директоры Р.Юнға кәсіпорын аумағына абаттандыру жұмыстарын жүргізуді ұсынған.

Бұл үшін Құтпанбаев өзінің қарамағындағы ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Ш.Шәріповке ЖК «Шарипов Ш.Ф» және Бас директоры  В.Удовенко деген азамат болып табылатын «Теректі Кең Байыту» ЖШС арасында абаттандыру жөнінде келісім-шарт жасауды тапсырған.

Келісім-шарт бойынша мердігер 8220 көшет отырғызуы керек. Осы кезде Е.Құтпанбаев мынадай схемамен әрекет етеді. Өзі басқаратын резерват аумағынан 1620 көшетті қазып алады.  Қалған 6600 қарағаш көшетін қайтарымсыз негізде «Қарағанды ​​орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы» КММ-нан алдырады.

Ол мұны Резерват аумағына егуге қажет деп түсіндіреді. Шын мәнісінде, жан-жақтан жиналған көшеттер кәсіпкерлік келісім-шарт бойынша комбинат маңайына егілген. Тапсырысты орындаған Е.Құтбанбаевқа қарасты жеке кәсіпкерлік ұйым тапсырыс берген комбинаттан ақша алған.

Telegram-арна авторы тергеушінің қаулысында абаттандыру келісімшартының сомасы көрсетілмегенін айтты.

– Бірақ ашық дереккөздерден алатын болсақ, биіктігі 1,5 метрге жететін бір қарағаш көшетінің құны 5 мың теңгені құрайды. Биіктігі 2 метр болатыны – 10 мың теңге, биіктігі 3 метрлігі – 15 мың теңге. Осылайша, ең төменгі сомамен есептесек, онда Е.Құтпанбаев өзінің қызметтік бабын пайдаланып, 33 миллион теңгені қағып алды деген сөз.

«Қол астындағылар үшін жауап бермеймін!»

Сондай-ақ Telegram арнасы резерват басшылығының қызметіне тексеру жүргізген «Антикор» тергеушісінің министрлікке ұсыныс жолдағанын хабарлады, онда тергеуші: «Сыбайлас жемқорлыққа әкеп соққан қарамағындағы қызметкерлердің қызметіне тиісті ведомстволық бақылау жасамағаны үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Е.Н. Құтпанбаевты тәртіптік жауапкершілікке тартуға, тіпті жұмыстан босатуға ұсыным беремін делінген. 

Алайда Құтпанбаев қызметінен де қуылған жоқ, тәртіптік жазаға да тартылмады. Әлі күнге сол орында отыр.

 2023 жылдың жазында Комитетке қарасты тағы бір мекеменің қызметкері – «Ертіс орманы» Бас директорының орынбасары ағаш кесушілердің бірінен 1 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталды. Оны Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері ұстады. Бұл үшін ол бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

2023 жылдың тамыз айында павлодарлық жедел уәкілдер Павлодар-Семей тас жолында құны 3 миллион теңгеден асатын, көлемі 70 м3 асатын қарағайларды тасымалдап келе жатқан екі КамАЗ көлігін ұстады. Полицейлер Шарбақты ауданына қарасты «Ертіс орманы» Шалдай филиалына қарасты «Бірінші Май» орман шаруашылығында орманның заңсыз кесілгенін және мерзімі өтіп кеткен, талапқа сай емес шот-фактура құжаттарын пайдаланып, Семей қаласына сатуға жіберілгенін анықтады. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.

Өткен жылдың 28 қаңтарында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің лауазымды тұлғалары мен ведомстволық бағынысты «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РМК (Түркістан облысы) бас директорының ұсталғаны туралы ақпарат таратқан еді. Оларға  сыбайлас жемқорлық жасады деген күдік келтірген.

Баспасөз хабарламасында: «Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Есеп және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Комитеттің, сондай-ақ «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РМК бас директорының бөтеннің мүлкін иеленуге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілер сотталды» делінген.

Ерлан Құтпанбаевтың аты аталмаған қылмыстық іс жоқ, алайда ол өз орнында әлі отыр.

Сырдың суы сирағынан келмейді

Суға салса батпайтындай, отқа салса жанбайтындай ол соншама кім еді? Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ресми сайтынан Ерлан Құтпанбаевтың өмірбаянын таппадық. Бізге көпті көрген көнекөз Google көмектесті.

Ерлан Құтпанбаев 1980 жылы 24 қаңтарда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін орман шаруашылығы инженері мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылдан бастап орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласында жұмыс істейді. Еңбек жолын орман бригадирі болып бастаған. 15 жыл ішінде Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында орман бригадирінен директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілген.  Кейін Қарағанды ​​облысындағы Қарқаралы мемлекеттік ғылыми-өндірістік кәсіпорнын басқарды, Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. 2021 жылдың сәуірінде ол Орман шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Абай облысындағы «Семей орманы» резерватында болған өрттен кейін тексеру барысында мекеме жұмысын ұйымдастыруда үлкен кемшіліктер анықталды. Тергеу барысында жұмыс істеп тұр делінген 61 өрт сөндіру техникасының 32-сі ғана жүріп тұрғаны белгілі болды. Қалған 29-ның ақауы бар болып шықты.

Осының бәріне қарамастан Экология министрлігі басшылығы басынан қиқу арылмаған қызметкерімен қоштасуға асығар емес. Өткен жылдың 16 қазанында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөйлеген Экология министрі Ерлан Нысанбаев журналистердің «Неге Құтпанбаев әлі күнге дейін Комитетте жұмыс істейді және төраға қызметін атқарады, министрліктің кадр қызметі неге Антикордың талаптарын орындамайды, әлде оның қылмысын жасырып отыр ма деген сауалына былайша жауап берген:

– Біз белгілі бір шараларды қабылдайтын шығармыз.

Бірақ ешқандай шара қолданбады. Мұның артында кім тұр деген сауал бәрімізді мазалайды.

Уақыт өтті, министр ауысты, бірақ Құтпанбаев өз орнында. Біздегі тұрақтылық деп жүргеніміз, мүмкін, осы шығар.

Байтас Құрманов