Қазақстанда көлік бағасы неге аспандап кетті. Олжас Оқас 5 себебін атады

Аян Өрібай

Қазақстандағы жаңа автокөліктердің бағасының көрші елдердегі бағадан айырмашылығы қандай? Бізде көлік қаншалықты қымбат? Танымал автожурналист Олжас Оқас бұл жөнінде не дейді? Ulysmedia.kz тілшісі бұл мақалада оқырманның осы сұрақтарына жауап іздеп көрді.

Фото: Ашық дереккөзден

АЛДЫМЕН, CHEVROLET COBALT

Елде ең жиі кездесетін көлік брендтерінің бағасын көрші елдермен салыстырып көрелік. Біз таңдаған көлік модельдері – Chevrolet Cobalt, Toyota Camry GR Sport және Hyundai Elantra.

Посткеңестік елдерде, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстанда ең көп өндірілетін де, ең көп сатылатын да көлік түрі – Chevrolet Cobalt! Қазақстан автобизнес қауымдастығы да жаңа көліктердің ішінде осы жылдың жартыжылдығында елде көп сатылған көліктердің көш басында Cobalt тұрғанын растаған. Қазақстанда бұл көліктің автосалондағы «механика» түрі 4,5 млн, ал «автомат» түрі 5,3 млн теңгеден басталады.

Көршілес Өзбекстан елінде «Узавтосаноат» компаниясынан шығарылатын Chevrolet Cobalt көліктерінің механикалық басқарумен жүретін үлгісі 97 млн сумнан, яғни 3,8 млн теңгеден басталады. Ал автоматты басқарудағы үлгілері 116 млн сумнан – 4,65 млн теңгеден басталып сатылады.

Ресейде Chevrolet Cobalt көлігінің механикалық басқарумен жүретін үлгісі 700 мың рубль (теңгемен 4,08 млн теңге) , ал автоматты басқарудағы үлгісі жабдықталуына қарай 800-900 мың рубль (4,6-5,2 млн теңге) аралығында тұр.

Арменияның автосалондарынан жаңа Chevrolet Cobalt көліктерінің сатылатыны туралы мәлімет жоқ. Chevrolet-am.com веб-сайты таяуда ашылатынын жариялап, хабарлама қалдырыпты. Ал қолданыстағы бұл көліктердің бағасы Ереванда 6 мың доллар (2018 жылғы – 2,5 млн теңге) шамасында тұр.

Қорытынды: Төрт елдің ішінде Chevrolet Cobalt көлігі Қазақстанда ең қымбат

ӨЗБЕКСТАНДА TOYOTA CAMRY-ға ДИПЛОМАТТАР ҒАНА ТАПСЫРЫС БЕРЕ АЛАДЫ

«Жақсы ат жанға серік» деп білетін қазақ көлікке келгенде Toyota-ға құмар. Көліктің бұл моделін автожурналист Олжас Оқас «қазақты мойындатқан брендтердің» қатарына жатқызған еді. Қазір де «Camry GR Sport» моделінің седан түрі Қазақстандағы автосалондарда стандарт пен люкс нұсқаларына қарай 12,3 млн теңгеден басталып, 21,2 теңгеге дейін барады.

Ал Ресейдегі автосалондарда Camry-дің бұл түрінің стандарттысы 11,5 млн (1,9 млн рубль) теңгеден басталса, люкс нұсқасы 19,3 млн (3,3 млн рубль) теңгеге дейін барады.

Арменияда «Camry GR Sport» көлігінің седан түрін ресми диллерлер 14,5 млн теңгеден сатса, люкс нұсқасын 19,9 млн (17,3 млн драмға дейін) теңгеден бағалайды.

Өзбекстандағы «Toyota» көліктерінің ресми әрі эксклюзивті диллері – «Toyota Central Asia FZE» компаниясы. Компанияға қоңырау шалғанымызда ондағы менеджерлер кедендегі мәселеге байланысты жеке тұлғалар сырттан «Toyota» көліктерін елге алып кіре алмайтынын мәлім етті.

«Заңды тұлға, оның ішінде дипломаттар ғана «Toyota» көліктеріне тапсырыс бере алады. Күту мерзімі – 6 ай», - деді компания менеджері.

Қорытынды: Қазақстан мен Арменияда Ресейге қарағанда «Toyota» көлігі қымбатырақ, Өзбекстанда оған қол жеткізу өте қиын.

«АУЗЫҢА МАЙ, АСТЫҢА Hyundai»

Қазақстанда Hyundai Elantra көлігі (жаңа түрі) комплектациясына қарай 8 390 000 теңгеден 12 190 000 млн теңге аралығында сатылып жатыр. Ресейде дәл осы көлік 7,2 млн теңге мен (1 235 000 рубль) 8,2 млн теңге (1 405 000 рубль) аралығында. Арменияның автосалондарының бірінің ресми сайтында Hyundai Elantra бағасы рубльмен көрсетілген. Теңгемен шаққанда ол жақта бұл көлікті 6-7,2 миллионға алуға болады екен. Ал Өзбекстандағы Hyundai-auto.uz сайтында бұл көліктің бағасы комплектациясына қарай 10,7-14,9 млн теңге аралығында (269 000 000 – 374 000 000 сома аралығы) сатылып жатыр.

Қорытынды Hyundai Elantra көлігі төрт елден қарағанда Өзбекстанда ең қымбат.

СОНЫМЕН, ҚАЗАҚСТАНДА КӨЛІК НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Белгілі автожурналист Олжас Оқасқа осы сұрақты қойып көргенбіз. Оның айтуынша, бұның бірнеше себебі бар.

«Біріншіден, қазір бүкіл әлемде көлік дефициті байқалады. Ол неден туындады? Қазір автокөлік төрт дөңгелегі мен қозғалтқышы бар арба емес, ол жоғары технологиялы өнім. Заманға сай көлікте түрлі электронды жүйелер бар. Оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нәрсе – электронды блок. Микросхеманы жасау үшін жартылай өткізгіштер керек. Пандемия кезінде жартылай өткізгіштер тұрмыстық техника жасауға көбірек жұмсалды. Автокөлік екінші қатарда қалды”, - дейді ол.

Олжас Оқастың айтуынша, екіншіден, Қазақстанға Корея, Жапония сияқты Азия елдерінен келетін автокөліктер Қытай арқылы өтеді. Ал Қытайдың порттары мен теміржол қатынасына бұл күнде ауыр жүктеме түскен. Қазақстанда құрастырылатын көліктердің басым бөлігі Оңтүстік Кореяда жасалатыны белгілі. Олар елге жеткенше 6-7 ай өтеді. Өйткені Қытай алдымен басым елдерге жүк артып жібереді.

«Үшіншіден, ел автопаркі әбден тозды. Қолданысына 10 жылдан асып кеткен көліктердің үлесі 80%. Кіріп жатқан жаңа көліктер аз. Сондықтан жақсы сақталған автокөлік иесі әкесінің құнын сұрайды. Артынша нашарлау көліктер де құнын қатар өсіреді. Төртінші себеп – теңгенің әлсіздігі. Қарап отырсаң кезінде 15 мың доллар тұрған көліктер әлі 15 мың доллар тұрады. Дүние қымбаттап жатқан жоқ, ал біз кедейленіп бара жатырмыз. Бесінші себеп – автоөндіруші мен сатып алушыларды ынталандыратын мемлекеттік субсидияланған автонесиенің жоқтығы. 4% несие алуға болады. Бірақ оны алу оп-оңай емес екенін бәрі біледі. Бұл өте жақсы бағдарлама, бірақ дұрыс жолға қойылмаған. Утилизация алымына жұмсалатын ақшаны ЖЕКЕ компанияның шотында емес, жаңағы бағдарламаны қолдайтын мемлекеттік холдингте аккумуляцияласақ әлі-ақ бәрі түзеледі” – дейді Олжас Оқас.

Жалғасы бар...

Аян Өрібай, Нұр-Сұлтан