Желіге жіпсіз байланып: Қазақтар қандай интернет-алаңдарда белсенді

Ulysmedia

Бүгінде біз теледидардың шынымен анахронизмге айналғанына куәміз, ал әлеуметтік желілер бұрынғыдай байланыс алаңдары емес, бұқаралық ақпарат құралдарының толыққанды баламасы болып отыр. Қазіргі интернет қолданушылары оның орнына қандай байланыс түрі келеді деп емес, қай әлеуметтік желі озық деп бас қатырып жүр.

Ulysmedia.kz тілшісі қазақстандықтар қандай әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатынын анықтап көрді.

сурет ашық дереккөзден

META – КӨШБАСШЫ

Әлеуметтік желілерді талдайтын шетелдік NapoleonCat.com сайты қазақстандық әлеуметтік желі пайдаланушыларына қатысты соңғы мәліметтерді жариялады. Ресурс деректеріне сәйкес, биылғы жылдың шілде айында қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары арасында Facebook желісі ең көп сұранысқа ие болды. Ел халқының саны 19,6 млн адам болса, оның 13 млн 172 мыңы Facebook-ке тіркелген. Яғни, қазақстандықтардың 67,2%-ы осы желіні қолданады.

– Олардың көпшілігі әйелдер – 58,2%. 25 пен 34 жас аралығындағы адамдар пайдаланушылардың ең үлкен тобы болды (3 700 000),  – делінген сайт статистикасында.

Танымалдығы бойынша екінші орында – Instagram әлеуметтік желісі, оны қолданатындар саны шілде айында 12 432 500 адамға жетті, бұл жалпы халықтың 63,4%-ы. Олардың көпшілігі әйелдер (58,6%). Пайдаланушылардың ең үлкен тобы – 25 пен 34 жас аралығындағы адамдар (3 500 000).

NapoleonCat.com дерегі бойынша, 2 586 900 қолданушы (Қазақстан халқының 13,2%-ы) Facebook мессенджерін қолдануды құп көреді. Олардың көпшілігі әйелдер – 51,9%. Пайдаланушылардың ең үлкен тобы – 35 пен 44 жас аралығындағы адамдар (804 000).

Салыстырмалы түрде қарасақ, Linkedin қолданушыларының саны біршама аз – 1 571 000 адам, бұл бүкіл ел халқының 8%-ын құрайды. Бұл желіні де көбіне 25 пен 34 жас аралығындағы адамдар қолданады (920 000).

Зерттеуде Қазақстанда танымал TikTok, Youtube, Pinterest, X және т. б. сияқты ресурстар туралы айтылмаған.

TIKTOK ПЕН INSTAGRAM-НЫҢ ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ

Қазақстандағы цифрлық кеңістіктің даму динамикасына қатысты толық деректерді осы жылдың басында Datareportal халықаралық сервисі ұсынды.  Зерттеу аудиторияның жарнамалық қамтылуына сілтеме жасайтын компаниялардың статистикалық есептеріне негізделген. Kepios деректеріне сәйкес, Қазақстанда әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың жалпы саны 2023-2024 жылдар аралығында 3,7 миллион аккаунтқа (+34,9%) артты. Ал пайдаланушылардың өсуі бойынша TikTok және Instagram көшбасшы болды.

Datareportal деректері бойынша Қазақстанда интернет пайдаланушылардың жалпы саны бір жылда 1,1%-ға өсіп, бүкіл халықтың 92,3%-ына жетті. Әлеуметтік желілерді қазақстандықтардың 71,5%-ы пайдаланады (2023 жылмен салыстырғанда 2%-ға өсім).

Елімізде әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың жалпы саны бір жылда 3,7 млн-ға өсті, халықтың 71,5%-ы желілерді белсенді пайдаланушылар санатында.

Instagram аудиториясы бір жылда 16% (1,7 млн), Facebook 18% (400 мың), Linkedin 17% (200 мың) өсті, ал соңғы жылы TikTok қолданушылары 35% (3,7 млн) өсті.

Bytedance (TikTok-қа иелік ететін қытайлық жеке холдингтік интернет-компания) жарнаманы жоспарлау құралдарында жарияланған деректер 2023 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанда TikTok жарнамасының қамтылуы 3,7 миллион пайдаланушыға (+35,4%) артқанын көрсетеді. Bytedance жарнамалық ресурстарында жарияланған деректер 2024 жылдың басында TikTok-тың қазақстандық сегментінде 18 және одан жоғары жастағы пайдаланушылардың 14,1 млн аккаунты тіркелгенін көрсетеді. Оның 51,1%-ы әйелдер, 48,9%-ы ер адамдар.

Datareportal хабарлауынша, TikTok ең жоғары ықтимал жарнамалық қамтылуға қол жеткізген – барлық интернет пайдаланушыларының 77,5%-ы (14,1 миллион адам). Бұл ҚР-дағы барлық әлеуметтік желі қолданушыларының санына пара-пар. Одан кейінгі орында Instagram – 66,5% (12,1 миллион) мен Facebook – 14,3% (2,6 миллион).

Қазақстанда LinkedIn ресурсының жарнамасы да кең тарай бастады. LinkedIn жоспарлау құралдарында жарияланған деректер өткен жылы 200 мыңға (+16,7 %) өсім болғанын көрсетеді, бұл 1,4 миллион пайдаланушы. Осы орайда,  LinkedIn қазақстандықтардың әдеттегі түсінігіндегі әлеуметтік желіге қарағанда жұмыс құралы немесе онлайн-түйіндеме ретінде қабылданатынын ұмытпаған жөн.

2024 жылдың басында Қазақстандағы LinkedIn жарнамалық аудиториясының 50,8%-ы әйелдер, 49,2%-ы ерлер болды.

МАСК ШАРШАДЫ МА?

Сонымен қатар, Мeta жоспарлау құралдарында жарияланған деректер 2024 жылы Қазақстанда Facebook Messenger жарнамасының қамтылуы 130 мыңға (-21,%) төмендегенін және қаңтардағы жалпы саны 486,8 мың пайдаланушыны құрағанын көрсетеді.

X (Twitter) әлеуметтік желісінде де теріс динамика байқалды. Қазақстанда Х жарнамасының әлеуетті қамтылуы 2024 жылға қарай 65 мыңға (-16,8%) төмендеді. Жыл басындағы дерек бойынша Қазақстанда бұл желінің 320,3 мың қолданушысы бар. Оның 38,6%-ы әйелдер, 61,4%-ы ер адамдар.

Бір айта кетерлігі, Datareportal есептегі зерттеулер әртүрлі себептермен бұрмалануы мүмкін екенін ескертті.

– Әлеуметтік желі платформалары хабарлаған пайдаланушы нөмірлері әдетте белсенді пайдаланушыларға негізделген және нақты адамдар санын көрсетпеуі мүмкін. Мысалы, бір адам бірнеше аккаунт аша алады. Кейбір аккаунттар компанияларға, үй жануарларына, тарихи тұлғаларға, көрікті жерлер немесе қауымдастықтарға арнап ашылуы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір пайдаланушылар өз жасын бұрмалап, 18 жастан асқанмын деп көрсетеді, - деп түсіндірді Datareportal.

Сарапшылар ақпарат жинап, деректерді өңдеумен әуре болып жатқанда, әлеуметтік желілердің көреген қолданушылары олардың игілігін белсенді пайдаланып отыр. Бизнестерін дөңгелетіп, өмірлік жар, дос іздеп, кейде тіпті ақылға сыймайтын идеяларын насихаттап, араздық тудырудан да тайынбайды.

Сондықтан Қазақстан билігінің әлеуметтік желілерге бақылауды күшейту әрекеттерін түсінуге болады. Алайда оның жүгенге қаншалықты көнетінін уақыт көрсетеді.