Нөкіс оқиғасының жаңғырығы: Өзбекстан соты Қарақалпақстанның екі азаматын соттады

Ulysmedia
2022 жылы шілдеде Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында болған наразылық. Фото: Ашық дереккөзден

Өзбекстан соты Қарақалпақстанның екі тұрғынын 2022 жылғы Нөкіс оқиғасы кезінде «интернетте сепаратистік материалдар таратты» деген айыппен үш жылға бас бостандықтарын шектеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Адам құқығы бойынша Түркімендік Хельсинки қорының жазуынша, Шымбай және Тахтакупыр аудандарының 30 және 32 жастағы тұрғындары істі болған.

«29 қазанда Шымбай аудандық соты аудан орталығының 30 жастағы тұрғыны Айбек Жолдасбаевты 3 жылға бостандығын шектеу жазасына кескен. Оған интернет қолдануға, үйден шығуға (жұмысқа барудан басқа), тұрғылықты мекенін өзгертуге тыйым салынды. Сот шешімімен телефоны «қылмыс құралы» ретінде тәркіленген», – делінген қор таратқан ақпаратта.

Тергеу Жолдасбаев «2022 жылғы 1–2 шілде оқиғалары кезінде айыпталушы Алматыда құрылыс нысанында жұмыс істеп жүріп, Telegram-дағы Qaraqalpaq perzentlerimiz арнасына қосылған, әлеуметтік желілерде өз пікірін білдіріп, қарақалпақтармен осы тақырыпта хат алмасқан, белгісіз адамдардан алған аудио-видео материалдарды таратқан. Құқық қорғау органдарының нұсқасы бойынша, Жолдасбаев әлеуметтік желілерде Қарақалпақстанда жүргізіліп отырған саясатты сынаған, азаматтарды заңсыз митингілерге шақырған және сепаратизм идеяларын қамтитын ақпарат таратқан» деп есептейді.

Үкімде Жолдасбаевтың екі пікірі айтылған. Бірінде ол «Қарақалпақстанның еркін болғанын қалаймыз» деген.

Тахтакупыр ауданының 32 жастағы тұрғыны Азиз Калимбетовке үкім 11 қарашада шыққан. Тергеу тарабы «Калимбетов мемлекет саясатына көңілі толмай, желіде сепаратистік идеологияны тарататын әрі Дәулетмұрат Тәжімұратовты батыр етіп көрсететін видео-фотолар жариялап, пікірлер жазды» дейді.

Дәулетмұрат Тәжімұратов – қарақалпақстандық белсенді әрі журналист. Өзбекстан соты оны 2022 жылғы шілдедегі наразылықтың ұйымдастырушысы деп айыптап, 2023 жылы қаңтарда 16 жылға соттаған.

Контекст

2022 жылы Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстан құрамынан шығу құқығы туралы баптарды Конституциядан алып тастауға бейбіт қарсылықты билік күшпен басып, аяғы үлкен қантөгіске ұласқан. Нөкіс оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Оқиғадан кейін Ташкент халық пікірін ескеретінін айтып, даулы өзгерістерден бас тартқан.