«Ұлт көшбасшысы» Нұрсұлтан Назарбаевтың зейнеткерлікке шыққанына көп уақыт өте қойған жоқ. Елге сіңірген еңбегі орасан болмаса да, кісіні мақтағанда төбесін жеті қат көкке жеткізетін жылпостар ел есінен шыға бастады.
Жағымпаздық адам бойындағы қасиет пе, әлде кесапат па? Екінші президент Қ.Тоқаевтың ел басқарғанына да бес жылдан асып барады. Назарбаев дәуірінде жалпақтап қалған ауыздар бүгінде Тоқаевтың қай жағынан шығарын білмей жүр. Ебін тапса, бұған да мақтауды қарша боратпақ секілді. Оларды өздері ұмытса да, халық ұмытқан жоқ.
Сонымен Назарбаев бақшасының бұлбұлдары қазір қайда? Ulysmedia.kz анықтап көрді.
МӘДИ АХМЕТОВ
Неге екені белгісіз, мемлекеттік органдардың Egov.kz ресми сайтында Алматы облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметовтің суреті жоқ. Бұл нені білдіреді, жас шенеуніктің бет-бейнесі бүкіл Қазақстанға танымал болып кеткендігінен бе екен?
Мәди Ахметов отандастарының күлкісіне қалам, осылар кейін мені табалайды-ау деп ойламаған да шығар. Алайда сөйлегенде абайлау керек қой. Сонымен М.Ахметов несімен танымал болып кетті?
2019 жылдың маусым айында «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының жиыны өтті. Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік қызметіне 30 жыл толуына арналған «Көшбасшылықтың 30 жылдығы» халықаралық ғылыми конференциясында Ахметов Алматыдағы Назарбаев даңғылы бойына Елбасының тағы бір ескерткішін орнатуды ұсынды.
- Нұрсұлтан Әбішұлы, мемлекетіміздің негізін қалаушы ретінде және еліміздің дамуына қосқан өлшеусіз үлесіңіз үшін Алматы қаласындағы Назарбаев даңғылында сізге ескерткіш орнату туралы ұсынысымызды қабылдауыңызды сұраймыз, - деді жас жігіт.
Шараға қатысқан тұңғыш президент бұл идеяға риза болды.
- Рақмет! – деді ол жастар өкіліне жылы лебізін білдіріп.
– Жастар тарапынан мұндай ұсыныс түсіп жатқанына өте қуаныштымын. Бірақ өз басым мұндай ескерткіштерге қарсымын. Мен сендердің алдарыңда отырмын. Сендерге ескерткіштің не қажеті бар?
Назарбаев сәлден соң өз ойын былайша сабақтады:
– Қазір бәрі менің қолымда емес. Өйткені мен президент емеспін. Халық қаласа, хан астындағы атын сояр болар. Сіздердің ұсыныстарыңыздан бас тартуға қақым жоқ. Рақмет сіздерге. Бақытты болыңыздар.
Айтпақшы, Мәди Ахметов осыдан кейін «Нұр Отан» партиясының тізіміне еніп, алғашқы парламенттік сайлаудан соң Мәжілістің ең жас депутаты атанды.
Бір қызығы, Мәди Ахметов Мәжіліс депутаты болған кезінде де қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық бастамаларын қызу қолдады. Сондай-ақ қазақстандықтар арасындағы нашақорлық мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады. Атап айтқанда, сол кездің өзінде ол дүкендерден бір рет қолданылатын электронды темекілерді алып тастап, олардың құрамын зерттеуді ұсынды.
Оның Алматы облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы ретінде қандай бастамалар көтеріп жүргенін біле алмадық.
БАҚЫТГҮЛ ХАМЕНОВА
Атырау облыстық телерадиокомпаниясының дикторынан бастап, «Каспий модерн» колледжінің директорына дейінгі мансабындағы күрт бетбұрыстарға дәндеген Бақытгүл Хаменова бүгінде әр атқан таңына шүкіршілік айтып отырған жайы бар. Біреу білсе, біреу білмейді, Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот оның кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, жазаны өтеуді кейінге шегерді.
Бірақ бәрі бұлай болады деп ойламаған еді. Хаменованың мансабы 2016 жылы Атыраудағы "Каспий модерн" колледжінің директоры болып тұрған кезінде «Нұр Отан» партиясының сиезінде сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаев жағынудан басталған.
- Елбасындай ерен тұлға тұрғанда, мен елімнің ертеңіне сенемін.
Бұрынғы Елбасы, шамасы, қыздың ақындық қабілетін бағалаған шығар, әйтеуір сол жылдың наурыз айында Хаменова парламент депутаты атанды. Хаменова осымен тоқтаған жоқ, 2017 жылы ол Астананы Назарбаевтың құрметіне «Елбасы» деп өзгертуді ұсынды. Бірақ Назарбаевтың өзі мұның артық екенін түсініп, бұл идеядан бас тартты.
Алайда белсенді қыз мұнымен тоқтап қалмай, елорданың халықаралық әуежайына президенттің есімін беру туралы бастама көтерді. Бұл ой мәжілісмендердің де көкейінен шығып, қолдау тапты.
Астана әуежайы ресми түрде тұңғыш президенттің есімімен атала бастағанда, журналистер Бақытгүл Хаменовадан: Елорда әуежайының атын өзгерткенін естігенде қандай сезімде болдыңыз? деп сұрады.
Бұл сұраққа Хаменова:
– Мен осы елдің перзентімін, мен де Елбасыны жақсы көремін, бәріміз жақсы көруіміз керек. Елбасының еліміздің болашағы үшін қаншама еңбек сіңіргенін білемін және оның құрметіне жасалған мемлекеттік символды көргенде, әрине, қуандым!
Ал төрт жылдан кейін, 2020 жылдың наурыз айында Бақытгүл Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары болды. Бірақ келесі жылдың соңында шенеунік пара алды деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтің Атырауда Абай Құнанбаевтың ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасасу үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны анықталды.
Екінші Атырау қалалық соты оны кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырды. Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Бақытгүл Хаменованың кәмелетке толмаған балалары болуына байланысты сотталушының жазасы үш жылға кейінге шегерілді.
Қорытынды сөзінде Бақытгүл Хаменова соттан өзін ақтауды сұрады.
- Маған тағылған айыптар бойынша ақтауыңызды сұраймын. Басқа айтарым жоқ. Мен қылмыскер емеспін және өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін соңына дейін күресуге бармын, - деді экс-шенеунік.
ЕРЛАН СЫДЫҚОВ
Осы жылдың наурыз айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанда ректорлардың жұмыс мерзімі регламенттелетінін мәлімдеді.
Бұдан кейін Мәжіліс кулуарында журналистер министрге тым ұзақ қызмет атқарған кейбір жоғары оқу орындарының ректорларына қатысты сауал қойды.
– Мәселен, Ерлан Сыдықов. Биыл оның Еуразия ұлттық университетінде ректор болғанына 13 жыл толады. Бұл тым ұзақ уақыт емес пе? — деп сұрады олар Ғылым министрлігінің басшысынан.
Бұған Саясат Нұрбек енді ректорларды тағайындау принципі өзгеретінін айтты.
- Шынтуайтына келгенде, 13 жыл ұзақ уақыт, - деп мойындады министр.
– Сондықтан ректорларды тағайындау ережелерін әзірлеп жатырмыз. Арнайы республикалық комиссия 14-15 наурызда өтеді. Онда жаңа қағидаттар қабылданады.
Министрдің атап өтуінше, ректорлардың өкілеттік мерзімін екі реттен көп емес ұзартуға болатын ережелер қабылданады.
Ерлан Сыдықовтың бұл жаңашылдыққа қалай қарағанын айту қиын. Бірақ оның қазіргі қызметке қалай келгенін еске алған қазақстандықтар Саясат Нұрбекті қолдады.
Еске салайық, Ерлан Сыдықов қалың жұртшылыққа 2010 жылы сол кездегі Семей мемлекеттік университетінің басшысы болып тұрған кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізу керек деп бастама көтеріп, танымал болып кетті. Сыдықов бастамашыл топты басқарып, қол жинауға кірісті. Бұдан кейін парламент референдум өткізу идеясын қолдап, тиісті заң қабылдады. Алайда Конституциялық Кеңес пен Президенттің өзі референдумға қарсы болды, бірақ кезектен тыс өтетін "дәстүрлі" сайлауға қарсы болған жоқ.
Әйтеуір, келесі жылы "бастама көтерген" Сыдықов елордаға қоныс аударып, Еуразия ұлттық университетінің (ЕҰУ) ректоры болды. Ол осы күнге дейін осы лауазымда.
НЕХОРОШЕВ
ҚР Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылымының экс-депутаты (27.08.2007-11.16.2011), Экология және табиғи ресурстар комитетінің мүшесі болған В.Нехорошевтің қазір қайда жүргенін біз анықтай алмады. Ол мемлекеттік қызметтен жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан болуы керек.
Ол 2011 жылы «Нұр Отан» партиясының сиезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың нұр шашып тұратын дидары жайлы айтып, танымал болды.
Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік қайраткер ғана емес, ол Құдайдың бізге берген сыйы. Аспанда басқа күн болуы мүмкін емес. Оның нұры жауып, елімізді нұрландыра берсін! Ал бүгінде Назарбаевтан басқа адам президент бола алмайды. Қазақстан халқы осыны қалап отыр. Бұл біздің нағыз халықтық президент! Барлығыңыздан сұрайтыным, Ұлт көшбасшысына қолдау білдірейік, - деді депутат.
Бұл сөз қоғамның ашуын туғызды. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар «Нұр шашу» жаңа терминін қолданып, жағымпаздықтың жаңа деңгейін мемдермен іліп әкетті.
Ал бір жылдан кейін Владимир Нехорошев «Қазақстандағы парламентаризмнің қалыптасуындағы ұлт көшбасшысының рөлі» атты конференцияда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлын гауһар тасқа балады.
– Назарбаев мемлекет қайраткерінен де жоғары, ол - гауһар тас. Қазіргі адамдар дұрыс айтады: ол жыл адамы емес, ол ғасыр адамы! Құдай жарылқаған тұңғыш президентіміз! Сондықтан оның барлық істері өте терең ойластырылған. Ешбір жағдайда оның шешімдерінің даналығына күмәндануға болмайды.
Экс-депутат Нехорошевтың бұрынғы «ұлт көшбасшысы» туралы пікірі бүгінде Жаңа Қазақстан жағдайында өзгерді ме, әлде әлі сол пікірінде ме? Әрине, мұның жауабын біле алсақ, қызық болар еді.
ПЕРУАШЕВ
Мойындауымыз керек: жағымпазданып жалынды сөз айтқандардың барлығы мансап жолында өскен жоқ. Мысалы, «Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы» ҚБ партиялық тізімінде тұрған қазіргі VIII сайланған Мәжіліс депутаты, осы партияның көшбасшысы және барша қазақстандық кәсіпкерлердің қорғаушысы Азат Перуашев Тұңғыш президенттің отставкаға кету туралы мәлімдемесін естігенде көз жасын тыя алмады.
Депутаттың айтуынша, оның эмоциялары толығымен шынайы болған және оны пиар деп санауға болмайды.
– Әрине, пиар болған жоқ. Жасандылығы жоқ шынайы сезімдер болады. Ерлердің де жүрегі бар. Сіздіңше қалай? Бүкіл бір дәуір аяқталды. Бұдан кейін тағы бір дәуір басталады.
Бір қызығы, Перуашев мырза бүгінде тұңғыш президент Назарбаев туралы айтқанда жыламсырамайды. Керісінше, «Ескі Қазақстанның» қателіктерін қатты-қатты сынап жүр.
МАЯ БЕКБАЕВА
Бүгінде танымал тележүргізуші Майя Бекбаеваны әлеуметтік желілерде табу оңай. Оның Instagram аккаунтына жазылғандардың саны миллионнан асты. Енді ол өзін миллионер-блогер деп мақтанышпен айта алады. Уикипедияға сенсек, Майя бала кезінен журналист болуды армандаған, соны мақсат етіп, жастайынан телевизия саласына жақын жүрген.
Бірақ танымалдық Майяға тек 2016 жылы өткен «Нұр Отан» партиясының сиезінде келді десек, қателеспейміз. Сиезде сөйлеген сөзінде біздің Майя бүй деп еді:
- Сіз менің жүрегімнің қағысын жиілетесіз. Тек менің ғана емес, еліміздегі барлық әйел қауымының жүрек қағысы сіз дегенде ерекше соғады. Өйткені сіз тұтас бір халықты рухтандыратын нағыз көшбасшысыз, - деді ол Нұрсұлтан Назарбаевқа.
Мұндай сөз ұлт көшбасшысының көңіліне майдай жаққаны соншалық, біздің Майяның жолы ашылып, оның алдында кезіккен бағдаршамның тек жасыл түсі ғана жанатын болды. Ол телевизиядағы негізгі жұмысымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметін де қоса атқарды.
2019 жылы Бекбаева «Хабар» агенттігіне қарасты – Kazakh TV арнасының бас директоры болып тағайындалды.
Рас, 2022 жылдың көктемінде бұл ресурс «Хабардан» алынып, Майя онымен бірге Президенттік хабар тарату компаниясына өтті. Бірақ директор емес, «Жібек жолы» деп аталатын жаңа телевидение басшысының кеңесшісі ретінде қарапайым қызметке барды. 2022 жылдың сәуірінде Бекбаева бұл қызметтен босатылды. Соған қарағанда Майя екінші президенттің жүрегін жібітетін сөзді әлі таппаған секілді