Әлемдік көшбасшылар Instagram-да: кім белсенді, кім болбыр

Ілияс Бақыт

Соңғы зерттеулерге сүйенсек, әлемде 5,17 млрд адам әлеуметтік желілерді пайдаланады. Бұл – ғаламшар тұрғындарының 63%-ға жуығы. Kapous цифрлық консалтингтік фирмасының дерегінше, әлемжеліні орташа қолданушының жеті платформада аккаунттары бар және күніне орта есеппен 2 сағат 26 минутын соларға жұмсайды. Әрбір ересек желі қолданушысы сайлаушы екенін ескерсек, мүйізі қарағайдай саясаткерлердің бастапқыда Facebook және Twitter-ді, кейінгі жылдары Instagram-ды белсенді жүргізуге ұмтылысы орынды.

ulysmedia

МОДИДЫҢ МЫҚТЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Әлемдік көшбасшылар арасында Instagram-дағы оқырман саны жөнінен оқ бойы озық тұрған –  Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди. Оның бұл желіде 91,2 млн жазылманы бар. Қарапайым логикаға салсақ, Модидың желідегі аудиториясының ауқымы елде Instagram қолданушыларының саны көптігімен байланысты. Үндістанда бұл желіге 392,5 млн адам тіркелген, бұл көрсеткіш бойынша әлемде көш бастап тұр. Екінші орында – 172,6 млн қолданушысы бар АҚШ.

74 жастағы Нарендра Моди Instagram-ға 2014 жылы тіркелген. Үндістан үкіметінің тізгінін де сол жылы қолға алған-ды.

Үнді премьері желідегі парақшасын жүргізуді саяси қызметінің бір бөлігі деп санайтыны әр жарияланымынан байқалады. 2-3 күн сайын тұрақты түрде сурет, видео жүктеп, жазба жариялап отыруы өзінің де, баспасөз қызметінің де желі құдіретін жақсы білетінін аңғартса керек. Күнделікті қабылдаулары, ресми сапарларынан бөлек, оқырманды жалықтырмау үшін парақшада жеке қызығушылықтарына да орын берілген. Мәселен, оның жазбаларын қалт жібермей оқитындар йогаға деген ықыласы ерек екенін білмеуі мүмкін емес.

ВИДОДОНЫҢ ВИДЕОЛАРЫ «ӨТІМДІ»

Индонезия президенті Джоко Видодо да Instagram-дағы белсенділігі жөнінен талай әріптесінен алда. Оның парақшасына 58,7 млн қолданушы жазылған. Күніне бір емес, бірнеше сурет, видео жариялау, сторилерді тұрақты жүргізу – оның үйреншікті әдеті. Тек қана іссапарларын, қызметіндегі таңдаулы, елеулі оқиғаларды ғана емес, күнделікті атқарған әр ісін көрсетіп отыруға тырысады. Суреттерін қарасаң – ақ жейдесінің білегін түріп тастап, құрылыс алаңында да, аурухана мен базарда да халықпен біте қайнасып жүреді.

Бір видеосында күріш алқабында алшаң басып кетіп бара жатса, енді бірде жұмысшылармен кеспе жеп отырғанын мақтанышпен жариялаған. Айналасындағы қарақұрым халықтың реакциясына қарасаң, президенттің бұл жүрісі – көзбояушылық, яки «бір реттік акция» емес, қалыпты құбылыс екенін көруге болады.

Видодо Instagram-да күні бүгінге дейін 5,5 мыңнан астам жазба жарияланған. Ең аз көрілген видеолары 1 млн қаралым жинаса, ең танымал видеоларының көрілімі 25 миллионнан асады. Индонезия президенті өз парақшасын белсенді жүргізгенімен, өзгелердің контентін бақылауға уақыты қат сияқты – ешкімге жазылмаған.

БАЙДЕННІҢ КОНТЕНТІ БАЙЫПТЫ МА

АҚШ президентінің Instagram парақшасына 19,1 млн адам жазылған. Өзі 5 парақшаға: Ақ үйдің екі аккаунтына, жұбайы Джилл Байден, вице-президент Камала Харрис пен оның жары Дуглас Эмхоффтың парақшасына тіркелген.

Өзге президенттер секілді желіде негізінен саяси қызметін көрсеткенімен, Байденнің парақшасында бүкіл америкалықтарға тән еркіндік бар: хаттамаға сай ресми суреттерді бейресми контентпен алмастырып отырады. Жазбалары да қалыпқа сыя бермейді: «бардым, көрдіммен» шектелмейді, кейде мысқылы, кейде әсіре мақтаншақтығы менмұндалап тұрады. Өзін хан мен қараны тең көретін әділ басшы ретінде көрсеткісі келеді.

АҚШ президентінің парақшасындағы видеоларға келсек, ең аз қаралғандары 200-300 мың мәрте көрілсе, ең танымал видеосы – Париж Олимпиадасына қатысқан америкалық спортшыларға үндеуі 12 миллион қаралым жинаған.

Ақ үймен қоштасатын уақыты таяған сайын АҚШ-тың 46-шы президенті желідегілерге өз билігі тұсындағы оң өзгерістерді еске салумен әуре. Елді Трамп басқарған жылдардағы және өзі президент болған уақыттағы көрсеткіштерді таразыға тартып, инфографика жариялауды әдетке айналдырды. Бір жағынан америкалықтар еңбегімді білсін, елеусіз қалдырмасын дейтін болар, екіншіден, партиясын жеңіске жетелеу міндетіне де атүсті қарай алмайды.

ЗЕЛЕНСКИЙ – ӨЗ АЛДЫНА ЖЕКЕ БАҚ

Instagram-ды белсенді жүргізетін президенттердің бірі – Украина басшысы Владимир Зеленский. Оның бұл желіде 15,7 млн жазылманы бар. 2017 жылы ашылған парақшада о баста Зеленскийдің актерлік өмірі белсенді насихатталатын.

Украина тізгінін қолға алғалы контентінің сипаты өзгеріп, елдегі саяси жаңалықтарды, өзі қабылдаған шешімдер мен мемлекеттік сапарларын көрсете бастады. Десе де, бейресми суреттерді, айталық, жаттығу залында темір көтергенін, итімен серуендеп жүргенін де жариялап тұратын. Алайда Ресеймен соғыс басталғалы Зеленский өз парақшасында жаумен арпалыстың мән-жайын ғана баяндайтын болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен Ресей-Украина соғысына көз тігіп отырған миллиондаған қауым үшін украин басшысының аккаунты өз алдына дербес БАҚ-қа айналды.

Өз кезегінде Зеленский 289 аккаунтқа жазылған. Олардың қатарында әріптестері – әлемдік көшбасшылар аз емес: АҚШ президенті Джо Байден, Франция басшысы Эмманюэль Макрон, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Польша президенті Анджей Дуда, Канада үкіметінің басшысы Джастин Трюдо, Жаңа Зеландия премьер-министрі Кристофер Люксон,  Бельгия премьері Александр Де Кро бар.

ПУТИН ЖЕЛІДЕ ЖОҚ

Ресей президенті Владимир Путиннің әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ. Осыдан жеті жыл бұрын мұның себебін сұрағандарға: «Менің ауыр жұмыс күнім өте кеш аяқталады, Instagram-ға шамам жетпейді. Жастыққа тезірек жетуді ойлап тұрам» деген-ді. Кейінірек бұл сұрақ қайта қойылғанда баспасөз хатшысы Песков Путиннің желіде отыруға уақыты жоғын, жеке парақшасын өзгелер жүргізгенін құптамайтынын айтқан.

Жұмысбасты Путин тұрмақ,  бос уақыты көп ресейліктердің өзі қазір Instagram-ды пайдалануды қойды. Өйткені Украинада соғыс басталғалы Ресейде бірнеше әлеуметтік желі бұғатталды. Атап айтқанда, Instagram,  Facebook пен Twitter-ге тыйым салынған. Алғашқы екеуі Ресей Федерациясында экстремистік және террористік ұйым деп танылған Meta-ға тиесілі екені белгілі. Tik-Tok пен YouTube-тің жұмысына да бірқатар шектеулер қойылды.

Соңғы екі жылда шетелдік әлеуметтік желілер Ресейдегі аудиториясының едәуір бөлігін жоғалтты. Мәселен, 2024 жылдың ақпанында Instagram-ның орташа тәуліктік аудиториясы 2022 жылдың ақпанымен салыстырғанда 5,7 есе қысқарды: 38,4 миллионнан 6,8 миллионға дейін. Ал Facebook қолданушылары 6,5 есе азайды: 8,9 миллион адамнан 1,4 миллионға дейін. Есесіне, «Дзен» мен Telegram аудиториясы еселеп өскен.

ЕРДОҒАН НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды Instagram-да 11,6 млн қолданушы оқиды. Парақша ашылғалы бері 2,3 мың жарияланым жарық көрген. Түрік басшысы небары 3 аккаунтқа жазылған: өзі басқаратын Әділет және даму партиясының, зайыбы Эмине Ердоғанның және Түрік Республикасы президентінің ресми парақшасын бақылап отырады.

Ердоған жеке парақшасына бейресми сурет, видеолар жарияламайды. Есесіне, саяси қызметін белсенді көрсетуге тырысады. Әсіресе, былтырғы сайлау кезінде негізгі үгіт-насихат құралдарының бірі ретінде Instagram-ды ұтымды қолдана білді.

TOKAYEV_ONLINE-ДА НЕ АЙТЫП ЖҮР?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Instagram-да 2,7 млн оқырманы бар.

Оның бұл желіге тіркелгенін 2019 жылы жарыса жазғанымыз есте.

«Жақында өңір әкімдеріне жұртпен етене байланыс орнату үшін заманауи байланыс құралдарын ұтымды пайдалануға, яғни халықпен кері байланыс орнату мақсатында əлеуметтік желілерде белсенді болуға шақырдым. Өздеріңізге белгілі, мен бірнеше жылдан бері Twitter желісін белсенді қолданып, мемлекетіміз үшін ең маңызды деген дүниелермен бөлісіп келемін. Ендігі ретте осы үрдісті халық ең көп шоғырланған Instagram желісінде де жалғастыруды жөн деп таптым», - деген еді президент 1 сәуірде жариялаған ең алғашқы жазбасында.

Содан бері мемлекет басшысының парақшасында 289 жарияланым жарық көрген екен. Парақшада Тоқаевтың өңірлерге, шет мемлекетке сапарларынан сурет және видеолар, мемлекеттік мерекелерге орай құттықтаулары, елдегі маңызды оқиғаларға қатысты үндеулері жарияланып отырады. Президенттің оқырмандарын аса қызықтыра қоймаған видеолар шамамен 100-200 мың мәрте қаралса, ең көп көрілген видео – Атырау сапарында түсірілген Reels 2,9 млн қаралым жинаған.

Президенттің баспасөз қызметі жүргізетіндіктен, парақшада бәрі ресми: Тоқаевтың отбасы, жұмыстан тыс тіршілігі жайлы ақпарат мүлдем жоқ. Айтпақшы, президент бұл желіде ешкімге жазылмаған.

Instagram парақшасын жауаптыларға табыстағанымен, мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, президент Twitter-парағын өзі жүргізеді.

“СЫРТ КӨЗ”... 

Редакция tokayev_online ресми парағына қатысты әлеуметтік медиа мамандарының пікіріне жүгінді. Ерлан Оспан аталған парақшада неліктен бейресми кадрлар байқалмайтынын, профильден қандай месседж байқауға болатынын, аккаунт қандай көріністерге басымдық беретінін тарқатып айтты.

Ерлан ОСПАН, МЕДИАМАМАН:

– Мемлекеттік қайраткерлердің  әлжелідегі аккаунттары өзінен өзі,   "ол да – пенде" деген мазмұнда дамыды. Бұл жағынан Байден не, Тоқаев не – айырмашылығы шамалы. Кесек-кесек сөз айтылатын мінбердегі бейнесінен кейін, бір сәт итін құшақтап отырған сәтінен фото-видео салса, халыққа "өз адамы" көрінуге болады. Мұндай деңгейдегі тұлғалар жазылман тарту үшін актив шаралар жүргізбейді. Себебі – қажет емес: идеясы мен саясатын жеткізетін қуатты мемлекеттік аппарат бар. Сондықтан "креатив" әрекеттерге бара бермейді.

Президент Тоқаевтың инста парағының өз санатындағы тұлғалардың парақшасынан алабөтен ештеңесі жоқ. Инста парақ  шақпақ мозаика болып ашылатын  болғандықтан, соңғы 10-15 посттың композициясы тұлғаның имиджін ашу керек деген наным бар. Тоқаевтың парағынан да оның елдегі түйінді оқиғаларға реакцияларын көреміз.  Басты месседжі – "бәрі де бақылауда, жұмыс істеліп жатыр" деген хабар.

Рас, шик пен люкске сәл ауытқу бар сияқты. Парақта – вип-көліктердің, салтанатты акттердің көріністеріне  басымдық берілетін сыңайлы. Алайда, бұл президент мырзаның қалауынан гөрі, оның парағын жүргізетіндердің болмысынан хабар береді деп ойлаймын.

Сонымен бірге, елдің ықыласы ауған тұлғалар мен оқиғалардан ұпай жинау да бар. Бұл қалыпты жағдай, бәрі жасайтын әрекет.

Мемлекет басшысының халыққа белгілі мінезі мен болмысы бұл парақты кім жүргізсе де түбі осындай нұсқаға әкелетін тәрізді. Ендеше, көп инста парақ сияқты – бұл парақ та тұлғаның проекциясы ғана. Тек – парақ мазмұнында аккаунт жүргізушілердің өз пайымы мен дүниетанымының үлесі қандай деген сұрақ қалып тұр.  Алайда бұл сұрақ сонша маңызды емес.

Диджитал сарапшы Жанасыл Болатбек парақшаның біржақты екеніне тоқталды. 

Жанасыл БОЛАТБЕК, ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИА МАМАНЫ

- «Ақордада» (авт. Ақорданың ресми парағы) шыққан материалдар осында да (авт.tokayev_online) шығып жатыр. Мүмкін, команда жетіспейтін шығар. Мүмкін, қатты көңіл бөлмейтін шығар. Негізі, мен күтетін едім, жеке адамның парақшасы болған соң, бейресми кадрлар, кездесулерден бейресми сурет, видеоларын. Кейбір жеке пікірлерін шығарып отырса, маған қызық болар еді. Дәл қазіргі жағдайы «Ақорданың» көшірмесі».

ТРЮДО НЕ НАСИХАТТАП ЖҮР

Тоқаев көпшілікке саясаткерлік, менеджерлік қырын ғана көрсетуді құп көрсе, оның көп әріптесі жеке парақшаларында отбасын, саясаттан тыс өмірін жария етуді оғаш көрмейді. Мәселен, Канада премьері Джастин Трюдо  Instagram парақшасында ресмиліктен ада. Костюм-шалбар киіп, мінберде сөйлеп тұрған суреттері санаулы. Жанұясын да, жұмысын да қатар көрсетеді. Саясаткерден бұрын ең алдымен Канаданың қарапайым азаматы екенін – біреуге жар, біреуге әке, біреуге дос екенін көрсету арқылы адами құндылықтарды насихаттауға тырысатыны аңғарылады. Адамгершілік, ізгілік орнаған қоғамда ғана оң өзгерістерге орын табылатыны белгілі.

Трюдоны Instagram-да 4,2 млн адам оқиды. Ал өзі 191 адамның парақшасына жазылған: олардың көпшілігі саясаткерлер – Канаданың министрлері мен депутаттары. Үкімет басшысы қоластындағылардың жұмысын желі арқылы да бақылап отыратын секілді.

МИРЗИЕЕВТІҢ ЕКІ ПАРАҚШАСЫ БАР

Қазақстанның жақын көршілері арасында Instagram-ды белсенді жүргізетін басшы Өзбекстанға бұйырыпты.  Шавката Мирзиёевқа бұл желіде 5,3 млн оқырман жазылған. Өзбек президентінің парақшасы Тоқаевтың парақшасына ұқсас: тек ресми жазбалар, кездесулер, қабылдаулар, іссапарлар. Жеке парақшасы болса да, Мирзиёев онда сан қырынынан көрінуге ұмтылмайды. Үнемі қою көк костюм-шалбар мен ақ жейдеде. Мінберден түспейді, шеңберден шықпайды. Желіде отбасы, өмірлік ұстанымдары, саясаттан өзге тақырыптарға көзқарасы жайлы жақ ашпайды.

Өзбек басшысы желіде бір-ақ парақшаға жазылған – ол да өзінікі: 894 мың жазылманы бар екінші парақшасы ағылшынша жүргізіледі. Екеуіндегі контент шамамен бірдей.