20% - депозиті барлар қанша пайда табады

Ілияс Бақыт
Ulysmedia коллажы

Қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін, қазақстандық банктер депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін арттыруды жалғастырып келеді. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жүргізген мониторинг нәтижесінде жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАНКТЕР ШЕШІМДІ ӨЗДЕРІ ҚАБЫЛДАЙДЫ

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының түсіндіруінше, әр банк депозит бойынша мөлшерлемені өз бетінше белгілейді. Оған әсер ететін негізгі факторлар:

  • Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі;
  • Бәсекелес банктердің ұсыныстары;
  • Банктің пайдасын сақтау қажеттілігі.

Қор еске салды: 28 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде қалдырды. Осыдан кейін қараша соңында және желтоқсан басында банктер депозиттік мөлшерлемелерді қайта көтерді.

НАРЫҚТАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қордың дерегінше, банктер базалық мөлшерлеменің қазан айында өсуіне байланысты депозиттік ставкаларды көтеруді жалғастыруда:

  • кейбір банктер қазаннан бастап көтерді;
  • қалғандары қарашадағы шешімнен кейін жалғастырды.

Базалық мөлшерлеме – банктер үшін бағыт қана, ал нақты ставкаларды әр банк өз стратегиясына қарай белгілейді.

ҚАЙ ДЕПОЗИТТЕРДЕ МӨЛШЕРЛЕМЕ КӨБІРЕК ӨСТІ

Көктемде банктер негізінен несрочный депозиттердің табыстылығын арттырған еді.
Қазір жағдай өзгерді. Ең көп өскендері:

  • мерзімді депозиттер (ақшаны алу немесе толықтыру шектеулі);
  • толықтыруға болмайтын жинақ депозиттері.

Мұндай депозиттердің табыстылығы жылдық 20 пайызға дейін жетті. Бұл салымшылар үшін тиімді, бірақ ақшаға еркін қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі.

БӘСЕКЕЛЕСТІК АРТТЫ – САЛЫМШЫҒА ПЛЮС

Нарыққа екі жаңа банк қосылды. Соның нәтижесінде ұсыныстар көбейді.

Мысалы, жылдың басында мерзімді депозиттерді төрт банк ұсынса, қазір жеті банк бар. Бұл банктерді тиімді шарттар жасауға мәжбүрлейді, ал салымшылар үшін таңдау кеңейді.

НАҚТЫ ТАБЫСТЫЛЫҚ САҚТАЛДЫ

Қарашадағы ресми дерек бойынша инфляция – 12,4 пайыз. Ал теңгедегі депозиттердің табыстылығы – 20 пайызға дейін.

ДЕПОЗИТ ТАҢДАУДА НАЗАР АУДАРАР ЖАҒДАЙЛАР

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ескертеді: тек пайызға қарау жеткіліксіз. Міндетті түрде тексеріңіз:

  • толықтыру шарттары;
  • ақшаны ішінара немесе толық шешу мүмкіндігі;
  • депозитті ұзарту шарттары;
  • кепілдік сомасының ең жоғарғы мөлшері;
  • банктің қаржылық тұрақтылығы.

Егер банк банкрот болса, Қор салымшыға лимит шегінде ақшаны қайтарады:

  • теңгедегі жинақ депозиттері – 20 миллион теңгеге дейін;
  • басқа теңгелік депозиттер – 10 миллион теңгеге дейін;
  • шетел валютасындағы депозиттер – 5 миллион теңгеге дейін.

Егер бір адамда бір банкте бірнеше депозит болса, Қор әр түріне жеке лимит бойынша төлейді, бірақ жалпы сомасы 20 миллион теңгеден аспайды.