Арал трагедиясы, сарқылған мұнай, әйел денсаулығы - Қызылорда облысындағы проблемалар

Ulysmedia

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әйел адам басқаратын Қызылорда облысында қордаланған мәселе жетерлік. Экологиялық апат саналатын Аралдың ахуалына Байқоңырдың жағдайы қосылып, бас ауыртып тұр. Оның үстіне жұмыссыздық түйткілінің әзірге тарқатыла қояр түрі жоқ деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

МҰНАЙ-ГАЗ ШИКІЗАТЫНЫҢ САРҚЫЛУЫ, ЭНЕРГИЯ ЖӘНЕ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ

2019 жылы Қызылорда облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары (шағын кәсіпорындарды, қосалқы өндірістерді, үй шаруашылықтары секторын қоса алғанда) қолданыстағы бағаларда 852,1 млрд. теңгеге өнім өндірді, бұл 2018 жылғы деңгейге қарағанда 89,8%-ды шамалады. Одан бөлек, кәсіпорындардың негізгі өндірістік қорлары 50%-ға тозған.

Қырғызстан, Ресей және басқа да шетелдік өндірушілердің аймақтағы үстемдігі республикада бәсекеге қабілетті өнім шығаратын кәсіпорындардың тауар жеткізуін тежеуде. Мәселен, 2019 жылы Қырғызстаннан импорт 2018 жылдан бастап 2,1 есеге, Беларусьпен 13,4 есеге өскен.

Өңірдің жоғары энергия және су тапшылығы Жамбыл, Екібастұз және Өскемен энергия өндірушілерінің есебінен жабылып отыр.

«Облыс бойынша электр желілерінің жоғары тозуы және соның салдарынан электр энергиясының салыстырмалы түрде жоғары ысырабы; облыстың басқа өңірлерден электр энергиясын жеткізуге энергия тәуелділігі; облысты толық газдандырмау; су құбыры және кәріз желілерінің жоғары тозуы, соның салдарынан желілерде жоғары апаттық қауіп байқалады; тазарту құрылыстарының жеткіліксіздігі; тұрғын үй қорының басым бөлігінің қанағаттанарлықсыз жай-күйі және осыдан туындайтын оны қалпына келтіру мен жаңғыртуға қаражат салу қажеттілігі; қолда бар ескірген және авариялық тұрғын үй қоры», – деп тізбектейді кінәраттарды орталық құзырлы мекеме мамандары.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ПРОБЛЕМАСЫ

Ресми дерек бойынша, Қызылорда облысының ауылшаруашылық саласында жайылымдық жерлердің жаппай тозуы тіркелген.

Сонымен қатар, сала проблемаларына мыналар жатады:

* ауыл шаруашылығы техникасының физикалық және моральды тозуы (ауыл шаруашылығы саласының негізгі құралдарының орташа тозуы 2019 жылы 55,1%-ды құрады);

* ауыл шаруашылығы өндірісінің ұсақтығы (жеке қосалқы шаруашылықтар, ЖК, шаруа және фермер қожалықтары өнімдерінің жалпы шығарылымы – 107,4 млрд теңге, ал ауыл шаруашылығы өндірушілерінде - 22,8 млрд теңге);

* азық-түлік тауарларының ішкі нарығындағы отандық терең қайта өңдеу өнімінің төмен үлесі (ішкі саудадағы азық-түлік өнімінің көлемі 47%-ды құрайды);

* экономиканың аграрлық секторына инвестиция тарту деңгейінің төмендігі (облыс бойынша 2019 жылғы жалпы көлемнен инвестиция көлемінің үлес салмағы 1,7%-ды құрайды);

* өңірде мал шаруашылығы өнімдерін (жүн, тері, қаракөл елтірісі) қайта өңдеу цехтарының болмауы;

* елдімекендерде типтік биотермиялық шұңқырлардың болмауы.

2021 жылдың үшінші тоқсанында өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 152,4 млрд теңгені құрады (бұл 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 99,5%-ды құрайды).

Бұл ретте сиыр басы 12,7%-ға (212,5 мың бас), қой – 4,3%-ға (634 мың бас), ешкі – 3,9%-ға (160,6 мың бас), жылқы - 12,7%-ға (173,5 мың бас), түйе - 8,3%-ға (57,5 мың бас) ұлғайды.

Ет (тірі салмақта) 30,7 мың тонна (102,4%), сүт – 74,8 мың тонна (102,4%), жұмыртқа – 6,5 млн дана (104,1%) өндірілді.

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС

Шағын және орта кәсіпорындардың несие ресурстарына қолжетімділігі шектеулі. Негізгі себеп – кепілзаттық қамтамасыз етудің болмауы, сыйақының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, несие мекемелерінде құжаттарды қараудың ұзақ мерзімдері, кредиттеу саласында жеңілдіктердің болмауы. Шағын және орта бизнес белсенділігінің осы көрсеткіші бойынша облыс аутсайдерлер қатарында тұр. 

Өңірде электрондық сауданың дамымаған. Бұл ретте сауда нарығының едәуір үлесі ұйымдастырылмаған, тиісінше сервис деңгейі төмен, антисанитария, сондай-ақ көлеңкелі айналымның жоғары үлесімен жұмыс істейді.

Осы жылдың үшінші тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер саны 50 492 бірлікті немесе 2020 жылдың тиісті кезеңіне 105,8% құрады.

БІЛІМ БЕРУ: АПАТТЫҚ МЕКТЕПТЕР МЕН МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ТАПШЫЛЫҒЫ

Қазан айындағы жағдай бойынша облыста үш апатты мектеп бар: №169 – Жаңақорған кентінде, №34 – Жалағаш ауданы Шәменов ауылдық округінде, №71 – Арал ауданында.

Сонымен қатар, 1 жастан 6 жасқа дейінгі мектеп жасына дейінгі балалардың 34,6%-ында баратын балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелер жоқ.

Облыста мұғалімдер тапшылығы байқалады: мектептерді, әсіресе ауылдық жерлерді кадрлық қамтамасыз етудің жеткіліксіз деңгейі, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балалармен жұмыс істеу үшін кадрлар тапшылығы сезіледі.

Бұдан басқа, білім беру саласындағы проблемаларға мектептегі білім берудің төмен материалдық-техникалық базасын жатқызуға болады. Демографиялық өсу мен халықтың көші-қоны үш ауысымды мектептер санының өсуіне және оқушы орындарының тапшылығына алып келді.

Облыстағы білім беру саласындағы проблемалар да мыналарды қамтиды:

* жоғары білікті кадрлардың жетіспеушілігі;

* колледждердің техникалық жарақтандырылуы мен материалдық базасының төмендігі;

* техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) қызметкерлерінің біліктілік деңгейінің жеткіліксіздігі;

* ТжКБ жүйесінде жатақханалардың жетіспеушілігі;

* ТжКБ жүйесінде дуалды білім берудің жеткіліксіз дамуы.

ИНТЕРНЕТ

Интернет жеткізушілердің есебіне қарамастан, облыстың кейбір елдімекендерінде кең жолақты интернетке қол жеткізуде әлі де проблемалар бар.

Шалғай елді мекендерде жылдамдығы жоғары интернеттің болмауы қала мен ауыл оқушылары арасында алшақтық тудырады және оқушылардың білім алуына әсер етеді.

ЭКОЛОГИЯ – ӘЙЕЛДЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҚ ИНДЕКСІ

Өңір экологиялық апат аймағына жатады. Арал трагедиясы біздің елден тыс жерлерде де белгілі. Аймақ тұрғындары экологиялық апаттың барлық салдарын толық бастан кешті: шөлейттену процестері, едәуір аумақтардағы топырақтың тұздануы, пестицидтермен және гербицидтермен, ауыр металдардың тұздарымен ластану.

Қолайсыз экологиялық жағдай халықтың денсаулық жағдайына әсер етті. Жергілікті тұрғындар арасында халықтың әлеуметтік аурулармен (қоғам құрылысына, экономикалық жағдайға байланысты болатын аурулар – ред. еск.) сырқаттанушылығының жоғары деңгейі байқалады.

Мысалы, өңірде жүкті әйелдер денсаулығының төмендігі байқалды. Бүгінде бала көтеретін жастағы әйелдердің денсаулық индексі жалпы Қазақстан бойынша 30%-ды құраса, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 11%-ды құрайды.

Бұдан басқа, «Байқоңыр» ғарыш айлағының жұмыс істеуі бірқатар жаһандық экологиялық проблемалаға соқтыруда.

Атмосфералық ауаның ластануына автокөліктен шығатын газдар мен мұнай-газ кешені кәсіпорындарының атмосфераға шығарындылары әсер етуде. Осылайша, мұнай өнімдерімен ластану барлық дерлік мұнай-газ өндіруші кешендердің аумақтарында тіркелген. Көмірсутектер шығарындыларының көлемі (ұшпа органикалық қосылыстарсыз) 15 есе өсіп, 1 317,7 тоннаны құрады, ал атмосфералық ауаның, жерасты суларының өнеркәсіптік сектор кәсіпорындарының ұшпа органикалық қосылыстарымен ластануы 4,6 есе артып, 3 641,4 тоннаны құрады.

Сонымен бірге, ластаушы заттар мен ағынды суларды тазартудың жеткіліксіз деңгейі және қоқыс өңдейтін зауыттың болмауына байланысты қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату проблемасы бар.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

Облыста жан басына шаққандағы орташа ақшалай табыстың төмен деңгейі байқалады. Орташа айлық жалақы республикалық көрсеткіштен 20%-ға төмен және 130,4 мың теңгені құрайды. Бұдан басқа, өңірде жоғары білімі бар мамандардың артық екені сезіледі, бұл ретте жоғары білікті жұмысшы кадрлардың, оның ішінде инновациялық секторда жеткіліксіздігі аңғарылады.

Сондай-ақ, жастар мен жоғары білікті мамандардың өңірден кетуі байқалады.

2021 жылдың үшінші тоқсанындағы дерек бойынша облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. 28 838 адам жұмыспен, оның ішінде 15 560 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен ақылы қоғамдық жұмыстарға 10 259 адам іліксе, 2 163 адам жастар практикасына орналастырылып, 856 адам әлеуметтік жұмыс орындарына ие болды.

2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте бір қызметкерге байланысты орташа айлық атаулы жалақы 206,2 мың теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 118%-ды межеледі.