Доллар бағамы 500 теңгеге таяп қалды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары оның себебін түсіндірді

Айнель Аянова

Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңгенің құндыздануы сыртқы факторлардан дамушы нарықтардағы валюталардың әлсіреуімен, ішкі нарықта долларға деген сұраныстың артуымен байланысты болып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Қазанның басынан ішкі валюта нарығында құбылмалылықтың артуы байқалып отыр. Теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамы 491,74-ке дейін 2,2%-ға әлсіреді.

Жалпы, теңгенің ағымдағы динамикасына ішкі, сол сияқты сыртқы жағдайлар әсер етеді.

СЫРТҚЫ ФАКТОРЛАР

Әлия Молдабекованың айтуынша, Сыртқы факторлар ішінен дамыған, сол сияқты дамушы нарықтарда валюталардың әлсіреуі байқалуда. АҚШ долларының жаһандық нығаюы аясында еуро 1,8%-ға, фунт стерлинг 2,4%-ға, Бразилия реалы 2,6%-ға, ал Ресей рублі 4,1%-ға әлсіреді. АҚШ долларының дамыған елдердің алты негізгі валютасы (еуро, жапон иенасы, британ фунты, Канада доллары, швед кроны және Швейцария франкы) қоржынына қатысты құнын сипаттайтын АҚШ долларының DXY индексі 2,2%-ға өсті.

ІШКІ ФАКТОР

Ұлттық банк төрағасының орынбасары ішкі факторлар ішінен ішкі нарықта валютаға сұраныс байқалып отырғанын атап өтті. Мәселен, осы жылдың қазан айында сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 272 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың қазан айына қарағанда 2 есе көп (155 млн АҚШ доллары) және тамыз-қыркүйек айларындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемінен едәуір жоғары.

Бюджет шығыстарының өсуі, сондай-ақ квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға жұмсаған шығындары шетел валютасына сұраныстың өсу себептеріне жатады. Бұл шығыстардың едәуір бөлігі валютада төленетін шетелдік жабдықтарды, материалдар мен технологияларды сатып алуға жұмсалатыны белгілі, бұл АҚШ долларына қосымша сұраныс тудырады.

Сонымен қоса, Ұлттық Банк зейнетақы активтерін басқарудың кірістілігі мен тиімділігін арттыру үшін БЖЗҚ-ның валюталық бөлігінің үлесін 40%-ға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Демек, Ұлттық Банктің сенімгерлік басқарушы ретінде БЖЗҚ-ға валюта сатып алуы валюта нарығындағы сұраныс факторларының бірі. Биылғы жылғы 10 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 40% деңгейіне жетті. Бұл ұлғаю валюталық портфельдің шетелдік активтері, әсіресе акциялар құнының өсуіне, сондай-ақ АҚШ долларының теңгеге қатысты нығаюына байланысты орын алды.

Әлия Молдабекова алға қойылған міндет орындалып, БЖЗҚ-дағы валюталық активтердің жоспарланған үлесіне қол жеткізілгендіктен, Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алуды тоқтататынын мәлім етті.

“Сонымен қатар, ұсыныс жағынан Ұлттық қордан сатудың едәуір көлемін жеке атап өтуге болады. Мәселен, биылғы жылғы қазанда 1,3 млрд АҚШ долларынан 1,4 млрд АҚШ долларына дейін рекордтық көлемде сату талап етіледі. Осы айдың соңына дейін сол көлемнің шамамен 2/3 бөлігін сатуға тура келеді. Бұл валюта нарығындағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін жеткілікті ұсыныс көлемін тудырады.

Ұйымдастырылған валюта нарығында республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан валютаны сату саясаты жалғасатынын атап өткен жөн.

Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп отырады және ұлттық валюта бағамының байқалып отырған шамадан тыс құбылмалылығын іргелі факторларға негізделмеген деп есептейді” деді ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Ұлттық Банк айтарлықтай құбылмалылық байқалған жағдайда валюталық интервенциялар жүргізу құқығын іске асыратынын атап өтті.