Ойынқұмарды оңалтуға қанша уақыт керек: Емделіп жатқан жігіттің хикаясы

Ілияс Бақыт

Соңғы уақытта құмар ойындарға тәуелділік Қазақстан қоғамында үлкен проблемаға айналды. Қазіргі уақытта елімізде ресми түрде 14 қана адам есепте тұр. 2023 жылы «құмар ойындарға тәуелділік» диагнозы бар 13 адам есепке алынған. Бірақ бұл санат мәселенің шынайы ауқымын мүлдем көрсетпейді.  Қазақстан Республикасындағы ашық дереккөздерге сәйкес 350 мың лудоман бар. Қазіргі таңда құмар ойынға тәуелділерді мемлекет тегін емдеуге алды.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де Павлодар қаласындағы «Республикалық психикалық денсаулық-ғылыми практикалық» орталығында үш айдан бері емделіп жатыр. UlysMedia тілшісі 26 жастағы жігіттің хикаясын өз аузынан естіп, Орталықтағы білікті дәрігермен де тілдесті.

Ulysmedia/ЖИ

«ҚҰМАР ОЙЫНДАРҒА 40 МЛН ТЕҢГЕ ҚҰРТТЫМ»...

Аты-жөніні жасырын қалдыруды сұраған кейіпкеріміз бәс тігуді 12-13 жасынан бастаған. Ол ойынға 100-200, ары кетсе 500 теңгеден салып жүрген.

«2019 жылдан бастап қазір санасам 40 млн теңгеден аса құмар ойындарға құртыппын. Мамандығым экономист, банк саласында қызмет еттім. Несиені қалай, қайдан алу керек екенін білетінмін. Достарым мен жақындарымның сеніміне кіріп, қарызға ақша алатынмын. Кейін ұтқан ақшамен қарыздарды қайтаратынмын. 2021 жылдың соңына қарай мен ойлана бастадым, айлығым 600-700 мың теңге еді, бірақ берекесі болмайтын. Одан бөлек, қарыздарымда көбейіп кетті. Қазір ойласам бос уақытым көп болыпты, содан көп «құтырған» сияқтымын. Осы орталыққа келіп ішіме үңіліп, өзімді тани бастадым. Іштегі қуысты толтыруға психологтар жақсы көмектесіп жатыр», – деді павлодарлық қаржыгер жігіт.

Айтуынша, ең қиыны адамға өзінің тәуелді екенін мойындау. Ол ұзақ уақыт бойы өміріне, өзіне «қолын бір сілтеп» жүре берген. Бірақ әбден тығырықа тірелгенде, одан шығу үшін таңдау жасауға тура келген.

«СУИЦИД ТУРАЛЫ ЖИІ ОЙЛАЙТЫНМЫН»...

Кейіпкеріміз отбасында ұлдан жалғыз, өзінен үлкен әпкесі бар. Айтуынша, ата-анасы туғаннан бетінен қақпай, еркелетіп өсірген. Қарызға белшесінен батып, суицид туралы жиі ойлай бастаған кезде отбасына шындығын айтқан.

«Мен жағдайы жақсы отбасының ұлымын. Бәрі сол қызығушылықтан басталып, соңы осындай тәуелділікке әкеп отыр. Әбден қарызға батқан кезде ғана тоқтау керек екенін түсіндім. Ставка тігіп жүргендер қатесін мойындап, отбасына айтқаны дұрыс. Себебі тәуелді адамдардың көбі суицид туралы жиі ойлайды, бірақ ол мәселенің шешімі емес. Отбасыма бәрін мойындағанның арқасында мойнымдағы 32 млн теңге қарыздың 20 млн теңгесін жауып тастадық, қазіргі таңда 12 млн теңге қалды. Көлігім, үйге деп жинаған 5 млн теңгемді де ойынға салып жібердім. Отбасым 2021 жылдың жаңа жылында білді, олар қарымызды жабуға көмектесіп қолдауларын көрсетті. «Бәрін қоямын» деп уәде бердім, бірақ қоя алмадым. Кейін қайта бастап, арасында қойғандай болып жүрдім. Жүйелі түрде емделмесем, соңы жақсылыққа апармайтынын түсіндім. Орталыққа өз еркіммен келдім», – дейді.

Орталықтың Әлеуметтік-оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Елена Окульскаяның мәліметінше, бұл жерде жыл сайын түрлі тәуелділіктен құтылу үшін 600-ден астам адам ем алады. Мәселен, 2023 жылы 600 пациенттің ішінен 39 адам лудомания диагнозымен емделді. 32 адамда тәуелділіктің біріккен түрлері болған, яғни шын мәнінде тек 7 адам лудоманиядан зардап шеккен. Дәрігерден лудоманның портреті қандай, бұл дерттен толық емделуге бола ма екенін сұрадық. Есте қалған оқиғасымен де бөлісті.

ЛУДОМАННЫҢ ПОРТРЕТІ

– Лудоманның нақты әлеуметтік портреті жоқ. Бізге жас та, орта жастағы адамдар да келеді. Көбінесе олар жұмыс істейтін, бастапқыда жақсы әлеуметтік жағдайы бар, жоғары білімі бар адамдар. Лудомандардың ерекшеліктері – жылдам нәтиже алуға ұмтылу және мазасыздықтың жоғары деңгейі. Олар шыдамсыз, бәрін бірден алғысы келеді. Біздің орталықта емделгендердің көпшілігі тәуелділіктің 2-3 сатысында, олардың жұмыста және отбасында проблемалары бар, көбінесе ажырасу немесе жақындарымен ауыр қарым-қатынаста жүргендер. Сондай-ақ, үлкен қарыздары, несие мәселелері бар. Тек өздері ғана емес, туыстары да қарызға батқан. Кейбіреулерінде банктермен, сот орындаушылармен қиындықтар туындап, шоттары мен карталары бұғатталған, құжаттары жоғалған немесе кепілге қойылған. Көбінесе оларда суицидтік ойлар жиі кездеседі.

ЛУДОМАНИЯДАН ТОЛЫҚ ЕМДЕЛУГЕ БОЛА МА?

– Біз лудоманияны ауру ретінде қарастырамыз. Яғни, бұл ауруды емдеуге болады. Ол психикалық денсаулық орталықтарында емделеді. Лудомания – созылмалы ауру түрі, сондықтан мамандардың ұсыныстарын сақтаса, адам ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізе алады, кейде өмір бойына тәуелділіктен арылуға болады.

ЛУДОМАНДАРДЫ ҚАЛАЙ ЕМДЕЙДІ

– Қазақстанның әр өңірінде психикалық денсаулық орталықтары бар, онда тәуелділіктің түрлі түрлерімен, соның ішінде лудоманиямен ауыратын пациенттер тегін ем алады. Бұл емді алу үшін адам динамикалық есепте тұруы керек. Павлодардағы республикалық ғылыми-практикалық орталықтың филиалында тәуелділіктен тегін және құпия ем алу мүмкіндігі бар. Халықаралық стандарттар бойынша, тұрақты нәтиже алу үшін тәуелді адам бір жыл бойы оңалту бағдарламасында болуы керек. Біздің бағдарлама да осы мерзімге – бір жылға есептелген. Алдымен тәуелділікке шалдыққан науқас медициналық түзету бөліміне қабылданады. Бірақ лудоманиясы бар науқастардың аралас тәуелділік формалары болуы мүмкін. Егер оларға есірткі немесе алкоголь тәуелділігі қатар жүретін болса, онда мұндай пациентке детоксикация жүргізілетін медициналық түзету бөліміне жатқызылады. Жағдайы жақсарғаннан кейін олар психотерапия және оңалту бөліміне ауыстырылады. Бұл бөлімдерде науқастар 4 айға дейін бола алады. Барлық науқастар топтық және жеке терапиядан өтеді, мұнда психоағарту, тәуелділіктің психологиялық және физикалық аспектілерін терең зерттеу, қарым-қатынас, шығармашылық, денеге бағытталған терапия және тұлғалық мәселелермен жұмыс жүргізіледі. Осы кезеңде тәуелділікке түсіп кетпеуге тірек болатын тұлғалық қасиеттер қалыптаса бастайды.

Лудоманиямен ауыратын науқастарға арнайы топтық терапия циклдері жүргізіледі. Сондай-ақ, оларға күнделіктер беріледі, олар психологтармен және психотерапевттермен жұмыс істейді. Шамамен 4 айдан кейін олар оңалтудың үшінші кезеңіне – әлеуметтік оңалту бөліміне ауыстырылады. Бұл бөлім қала сыртында орналасқан, үлкен аумақты алып жатыр және басқа мақсаттарға арналған. Мұнда науқастарды қоғамға бейімдеуге баса назар аударылады: еңбек, оқу, бос уақыт және күн тәртібі. Пациенттер оқу үдерістерін ұйымдастыруға үйреніп, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған іс-шараларға қатысады, волонтерлікпен айналысады.

Лудоманиямен ауыратын науқастарды емдеуде бір ерекшелік бар: олар сырттай денсаулығы жақсырақ көрінгенімен, толық оңалту циклінен өтуі қажет. Емдеу бағдарламасында неғұрлым ұзақ болғандары, әсіресе үшінші кезеңге дейін жеткендері, ұзақ мерзімді нәтижеге қол жеткізеді. Ал, ерте шыққандардың нәтижелері әлдеқайда тұрақсыз болады.

ЕСТЕ ҚАЛҒАН ОҚИҒА

–  Өзі өте білімді, жас қыздың хикаясы есімде қалыпты. Ол тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуінің лудоман екенін біліп, ұзақ уақыт оны тәуелділіктен арылтамын деп күресті. Ақырында күйеуінің үлкен қарыздары бар екенін және туыстарынан көп ақша алғанын білді. Содан қатты күйзеліске түсіп жүріп, бір күні күйеуінің қандай сайтқа кіретінін бақылаймын деп жүріп өзі де бәс тігіп көреді. Содан «осы жерден көп ақша тауып, мәселеге нүкте қоямын» деген оймен өзі де соның қызығына түсіп кетеді. Біраз уақыт өткенде, ол өзі де құмар ойынға тәуелді болып, үш-төрт айдың ішінде олардың ортақ қарыздарына тағы 2-3 миллион теңге қарыз қосылады. Осылайша тәуелділік бүтін бір отбасының трагедиясына айналды.