Соғыс тоқтап, Ресей есін жиса Қазақстанға қарсы құйтырқылықты бастауы мүмкін – саясаттанушы

Аян Өрібай

Ресей мен Украинаның соғысып жатқанына мың күн толғанда бүкіл әлем жұртшылығы, әсіресе осы соғысқа тікелей және жанама қатысы бар мемлекеттер ұстанымын қайта қарап, туындаған жаңа жағдайға бейімделуге тырысып жатыр. АҚШ-тағы сайлау нәтижесі, соғысқа Солтүстік Корея әскерінің араласуы, конфронтацияның күшеюі қайда апара жатқанын, Қазақстанға олардың қандай әсері болатынын Ulysmedia.kz тілшісі саясаттанушы Жанат Момынқұловқа қойып көрді.

Ulysmedia коллажы

Сарапшының ой-пікірін Ulysmedia.kz порталы өз сөзімен келтіреді.

ЕУРОПА ОЯНАДЫ

Соңғы кезде Еуропаның оянуы туралы айтуға болады. Яғни Трамптың билікке келуі (АҚШ президенті) Еуропаны оятады. Еуропаның ішінде қозғалыстар басталады. Еуропа өзінің армиясын құра бастайды. “НАТО-ның ішіндегі НАТО” күшейеді. Тарих сахнасына Еуропа қайтадан үлкен күш болып оралады. Соған мәжбүр, өйткені Америка әскери көмекті азайтып, “жауапкершілікті Еуропаның өзі алсын, өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етсін” деп отыр. Британияның Storm Shadow зымыраны, Францияның SCALP, Taurus қаруының берілетіні туралы да айтылып жатыр. Болашақта бұлардың бәрін беру мүмкін. Неге? Өйткені Ресейді қайткенде де тоқтату керек.

Трамп үлкен бір ойында ойнап отыр. Ол бар назарды Қытайға аудармақшы. Сол үшін Ресеймен уақытша келіседі. Яғни Ресей мен Қытайдың арасындағы қалыптасайын деп келе жатқан осындай альянсты бұзбақшы. Сол үшін Ресейді өзіне жақындатпақ. Әрине, Украинаның да есебінен. Қазір тартып алған жерлері есебінен, бірақ енді оның қауіпсіздігі есебінен болады деп ойламаймын. Өйткені оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін Еуропаға жүктейтін болады. Еуропа Украинаның қауіпсіздігі үшін жауап береді. Өйткені біз Еуропа туралы айтып отырмыз, демек Еуропаның қауіпсіздігін Еуропа ойлауы керек деп отыр. Ол өте рационалистік, прагматикалық саясат. Әрине, Американың көмегі де бола береді, бірақ мынау Еуропадағы үлкен қозғалыстар оның оянатынын білдіреді.

ПУТИН ҚАТЕ ІСТЕДІ

Соғыс кеңейіп кетеді деп мен өзім былай ойламаймын, өйткені Трамп Байдан кеткенше маневрлар жасап, әртүрлі жағыннан Кремльге қысым көрсетуді ойлайды. Мысалы Трамп “біз келісімге дайынбыз, келісімге дайындаймыз” дейді. Ал Байден болса керісінше соңғы қаражатына дейін беріп кетеді, АҚШ-тың ішіне жетіп артылатын үлкен қашықтағы қаруларды берді. Ресейді бір қорқытып қойды. Енді Ресей ставканы көтереді. Негізі ставканы Ресей көтеріп те қойды. Солтүстік кореядан 12 мың әскер алдыру осы Еуропадағы жанданыстың себебі. Путин қате істеді. Солтүстік Кореядан әскерді шақыра отырып, Украина дағдарысын ғаламдық деңгейге айналдырып жіберді. Жапония да қорқып қалды. Оңтүстік корея қозғалып жатыр. Мына жақтан Қытайдың да Солтүстік Кореямен қарым-қатынасы бар. Барлығы ойланып қалды. Бірақ қазір үлкен дүниежүілік соғыс ешкімге керек емес. Оның қандай катастрофаға алып келетінін бәрі түсініп отыр. Сондықтан бұл жерде саудаласу бар. Бірақ қару-жарақ көрсете отырып саудаласу – шантаж жасау. Яғни Трамп келгеннен кейін 2025 жылы соғыс тоқтауы мүмкін. Соған дайындық бұның бәрі. Трамп келгенше, соғыс тоқтағанша бұлар өзінің позицияларын күшейтеді. Ресей мүмкіндігінше жер алып қалғысы келеді. Украина мүмкіндігінше Курскты бермеуге тырысады. Қарсыласуға барын салады. Украинаның Курск үлкен бір көзірі болуы мүмкін. Сол үшін барлығы соған салады. Кешегі қаруды бергені Солтүстік Корея әскері үшін жауап негізі! Ставкалар көтерілді, бірақ соғыс болмайды деп ойлаймын.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ СОҒЫСҚА АРАЛАСУ ҚАУПІ ЖОҚ

Жанат Момынқұлов

Ал Қазақстанның араласу қаупі мен жоқ деп ойлаймын. Өйткені Қазақстан біріншіден, ол соғыссыз-ақ соғысқа шыдаса жақсы. Қазақстан қазір когнитивтік, танымдық соғысқа дайын болу керек. Гибрид соғыстар дегенді қоя салыңыз, когнитивтік соғыс деген сөз – білім, жастар, халықтың ойы, қоғамдық пікір, дүниетанымы, тарихи жадысы, идентификациясы. Мысалы қазір “отар” деген нәрсе тарихымызда болды ма, болған жоқ па деген дискуссияға болуы мүмкін. Ресей отарлаушы күш болды ма, болған жоқ па деген нәрселер күмән туғыза отырып, біздің болмысызды өзгерту жағынан – когнитивтік соғыстар бастауы мүмкін.

КЕЛІССӨЗДЕРГЕ ЖАҚЫНДАП ҚАЛДЫ МА

Ресей мен Украинаның арасындағы келіссөзге таяп қалды деп ойлаймын. 2025 жылы бітеді деп отыр. Оны Зеленский де айтты. Зеленскийде бір үміт, бір үрейдің ортасында. Қалай болғанда да, соғыс екіжақты текетірескен линиямен аяқталатын болса, ол жағдайда енді Украина өзінің аудиториясына “жеңдік” деген месседж беруге тырысады. Ресей де өзінің аудиториясына “біз жеңдік” деген месседж таратуға тырысады. Бірақ қайсының сөзі, ұстанымы, наративі өтімді болмақ? Мәселе сонда! Сыртта да, іште де. Екеуі де “жеңдік” деп айтуға алып келетін сияқты. Яғни “ешкім жеңілген жоқ” дегендей. Бірақ Ресей өз ішінде “жеңдік, жерін тартып алдық” десе, Украина “Ресейдің өзінің бетін қайтардық, жерімізді сақтауға тырыстық” деп ақпараттық алаңда әркім жеңісін бекемдеуі мүмкін.

Соғыс 2025 жылы уақытша тоқтауы мүмкін. Украина НАТО-ға мүшелікті 10 жылға немесе 20 жылға тоқтатады деп жатыр. Ердоғанның айтып жатқаны. Бірақ қалай дегенде де, Украинаға белгілі бір мағынада гарантия беріледі. Гарантиясыз ол ешқашан келіссөзге бармайды. Перспективада Украина ядролық қаруы бар мемлекет болу керек қой. Бірақ қазіргі жағдайда Еуропа одағы өте қауіпті қаруларды бере отырып, Украинаны күшейтеді. Яғни алдағы кезеңде соғыс тоқтағаннан кейін белгілі уақыттан соң соғыс ұлтшылдықпен қайтадан жанданатын болса Ресейге тиіскізбеу керек. Ресей қайта тиіскен жағдайда Украинаның қолында оның бетін қайтаратын үлкен бір қарулар болуы керек Соны береді. Украинаны демек Еуропаға қабылдады деген сөз. Соғыс жағдайында Украина Еуропа ма, басқасы ма – біз білмейміз. Трамп екі жақты келісімге алып келеді. Бірақ Трамптың бір ерекшілігі – ол екі жақты да ұрғыштай отырып, қысым көрсетіп, екі жаққа да тізесін батырып отырып, белгілі бір келісімге алып келеді. Әдісі сол – оны итер-тарт амалы дейді. Ары-бері итере отырып, Ресейді бір келісімге келтіреді.

Бірақ Ресей қазір күшейіп тұр, ондай келісімге келер ме екен деген сұрақтар да бар. Менің ойымша, жеңілтек сұрақтар сияқты, өйткені ол бәрібір бейбіт келіссөзге келеді. 2025 жылы келіссөзге келген кезде Ресейдің ішінде Путинге қарсы ішкі кризистер басталып кетпес үшін Путинді жеңімпаз ретінде қабылдай ма, жоқ әлде қалай қабылдайды? Басты сұрақ та осы!

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАРСЫ ҚҰЙТЫРҚЫЛЫҚ БАСТАЛУЫ МҮМКІН

Қазақстанға келсек, Ресей есін жиып алғаннан кейін бір-екі жылдан соң, соғыстан қанағат таппаса, мысалы өзінің халқына “біз жеңдік” дегенді сата алмаса, ол жағдайда әртүрлі құйтырқы, когнитивті соғыстарды ұйымдастыруы мүмкін. Жан-жаққа! Қазақстанға сол жағынан әсер ете ме деген менде ой бар. Мысалы, қазірдің өзінде келіп, “Қазақстан тарихында отарлау деген болған жоқ, деколонизация, ашаршылық деген әңгіме керек емес” деген нәрселерді айтып жүр. Яғни біз “отар болған жоқпыз, одақ болдық” деген сияқты әңгімені айтады. Ол әңгіме тереңірек интеграцияға дайындық емес пе? Яғни халықта белгілі бір нәрсеге дайындау жүріп жатқан жоқ па деген сұрақтар туындайды. 

Ресей кеше Украинаға басып кірген кезде “бізді гүлмен құшақтап қарсы алмады” деді ғой. Демек, гүлмен құшақтап қарсы алу үшін халықты бірдеңеге дайындау керек шығар?.. Менің ойымша, енді когнитивтік соғысқа қарай жүретін сияқты. Тарихымызға араласып, өзін ақтауға тырысады.

Экономикалық жағынан қысам десе, ЕАЭО бар. АЭС жайлы да айтылды. Қазақстанда жақында ауыр техника жасайтын, әскерде қолданылатын зауыт салынуы мүмкін. Бұл менің ойым.

СОҒЫС

Ресей әскері 2024 жылдың 24 ақпанында Украина аумағына басып кірген болатын. Соғыс әлі жалғасып жатыр.

БҰҰ, Amnesty International және Human Rights Watch халықаралық гуманитарлық ұйымдарының хабарлауынша, Ресей әскерлері Украинаның тұрғын аудандарына, ауруханаларына және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына зымырандармен соққылар жасаған. Соғыс ірі көші-қон дағдарысын туғызды. БҰҰ мәліметтері бойынша, Украинадан 7,86 миллион босқын ретінде кеткен (2022 жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша), ал тағы 8 миллионға жуық адам ішкі қоныс аударған. Бірқатар журналистер шапқыншылықты Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бері Еуропадағы ең үлкен әскери қақтығыс деп атайды. Ресейдің әрекеттерін әлемнің көптеген мемлекеттері мен ықпалды халықаралық ұйымдары қатты айыптады.

Соғыс Ресейде және әлемде соғысқа қарсы наразылықтарға, ресейлік БАҚ-та цензураға АҚШ, Еуропалық одақ және басқа елдердің Ресейге қарсы жаңа санкцияларына, соның ішінде елді әлемдік экономикадан ішінара оқшаулауға, Ресейдің бірқатар спорттық және басқа да халықаралық іс-шараларға қатысуын шектеуге әкелді, сондай-ақ Ресей үшін ауыр экономикалық салдары болды. Украинада соғыс экономиканың құлдырауына, әуе және теңіз көлігінің жұмысын тоқтатуға және басқа да бірқатар жағымсыз салдарға апарып соқты. Украинаның қоршаған ортасына және Украинаның мәдени мұрасына үлкен зиян келтірілді. Әлемдік ауқымда шапқыншылық және онымен байланысты Санкциялар халықаралық сауданың төмендеуіне және азық-түлік пен энергия бағасының күрт өсуіне соқтырды. Екі жақтан да адам шығыны көп.