Жылдық азық-түлік инфляциясы бір жыл ішінде алғаш рет баяулады. Ал жалпы көрсеткіш қатарынан екінші ай төмендеп, қарашада 12,4 пайызды құрады (қазан айындағы 12,6 пайыздан төмен), деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Азық-түлік бағасының өсу қарқыны 13,5 пайыздан 13,4 пайызға дейін азайды. Бұл, ең алдымен, жеміс-жидек, көкөніс, май және тоң май өнімдерінің қымбаттауының бәсеңдеуінен болуы мүмкін.
ҚЫЗМЕТТЕР
Жалпы инфляцияның төмендеуіне ең үлкен үлесті ақылы қызметтер секторы қосып отыр, деп жазады Data Hub. Әкімшілік тұрғыдан реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтер (жылу, жарық, су, газ) бойынша уақытша тарифтердің төмендеуі әлі де әсерін тигізуде. Қарашадағы жылдық өсім бұл сегментте 12,3 пайызды құрады, қазан айында ол 12,9 пайыз болған еді.
ТҮСІНДІРМЕ
Жалпы алғанда, бағалар қазан айымен салыстырғанда 0,8 пайызға өсті. Бұл соңғы бес жылдағы қараша айының орташа көрсеткіштерінен де жақсырақ көрінеді. Азық-түлік бағасы 1 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,9 пайызға, ал қызметтер 0,3 пайызға қымбаттады. Айта кетерлігі, кейбір реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бойынша баға керісінше төмендеді, – дейді сарапшылар.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі 23 атаумен толығуы мүмкін. Бұл туралы Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанова мәлімдеді.
Бижанованың айтуынша, қазан айында азық-түлік инфляциясының өсуіне ең көп үлес қосқан өнімдер – қызанақ (15,8%), тартылған ет (3%), сүйексіз сиыр еті (2,2%), сүйекті жылқы еті (1,5%), қияр (7,4%), жаңа балық (2,6%), банан (2,8%) және басқа да тауарлар. Осы өнімдердің кейбірі әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізілуі мүмкін.