Адасу, қателіктер, қайғылы жағдайлардың себебі: Тауға шығарда қалай дайындалып, нені ескеру керек

Меліс Сейдахметов

Ертең, 23 қараша күні Шымбұлақ тау-шаңғы курортының техникалық ашылуы болады. Осыған орай тау курортының табиғи аумақтар аясына жауапты Shymbulak Outdoor жобасы “Таудағы қауіпсіздік: Қыс мезгілі” деген атаумен баспасөз жиынын өткізді. Оның барысында кәсіби құтқарушы мамандар тауға шыққанда нені қаперде ұстау керектігін, адасып кетудің кең таралған себептері, әуесқой тауға шығушылар жиі жіберетін қателіктер туралы айтып, тауға шығуды қауіпсіз етуге арналған шаралар жайлы түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Іс-шараны Эверест шыңына шыққан тарихтағы алғашқы қазақ қызы Анар Бурашева мен әлемдегі барлық 14 сегізмыңдықты бағындырып, барлық биік шыңдарға қосымша оттегі қолданбай шыққан альпинист Мақсұт Жұмаев ашты.

Олар туристер үшін тартымды Алматы тауларына шығушылар жыл санап артып келе жатқанын атап өтіп, осы ретте тауға шығуды қауіпсіз ету тұрғысынан Shymbulak Outdoor жобасы жас командасының ұйымдастырғаны өте маңызды шара екенін айтты.

Баспасөзге арналған жиын барысында кәсіби құтқарушы-мамандар тауға шығуды қауіпсіз етуге арналған құнды кеңестерін айтты.

III санаттағы альпинизм нұсқаушысы, 3-сыныпты құтқарушы Тұйық-Су ҚСП СҚҚ құтқару нұсқаушысы Бақыт Данабеков тақырыпты толығырақ тарқатты.

ТАУ ҚАТЫГЕЗ ОРТА

Бақыт Данабеков осылай дейді. Өйткені тауда қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың немесе елемеудің соңы қайғылы оқиғаға душар етуі әбден мүмкін. Ал оның объективті әрі субъективті себептері бар.

ОБЪЕКТИВТІ СЕБЕПТЕР

Ауа райы. Тауда ауа райы өте құбылмалы. Аспан шайдай ашық болып тұрып, әп-сәтте күннің көзін бұлт торуылдап, жауын жауып кетуі немесе тұман түсуі әдеттегі жағдай.
Рельеф. Одан бөлек көшкін жүріп, тау етегі опырылып, топырақ жылжып кетуі мүмкін. Мұздықтардағы жарықшақтардан, сел ағындарынан да келер қауіп аз емес.
Тау ауруы. Сондай-ақ тауда өкпеге оттегі жетпей гепоксияға ұшырайтын немесе күн сәулесінен берілетін ультра күлгін сәуле тиіп, денсаулық күрт нашарлайтын жағдайлар да кездеседі.

СУБЪЕКТИВТІ ЖАҒДАЙЛАР

Бақыт Данабеков таудағы қайғылы оқиғалардың дені негізінен субъективті жағдайлардан туатынын айтады.

Жабдықтау. Құтқарушының сөзінше, тауға шығушылардың көбі жабдыққа мән бермейді. Қыстыгүні тауға күнделікті киім жарамайды. Ол жақта ауа температурасы төмен болғандықтан, арнайы тауға арналған жылы киім мен қар кірмейтін аяқ-киім, қолға треккинг таяқша, ыстық шәй мен жүрек жалғайтын бірнәрсе, Power Bank болуы міндетті. Жоғарыда сүл сәулесін сүзетін ауа қабаттары сирейтіндіктен, ультракүлгін сәулесі бетке молынан түседі. Сондықтан күйгеннен қорғайтын крем жағып шыққан жөн. Ультракүлгін сәуле теріні күйдірмесе де, мазаны қашырып, ағзаға жайсыздық тудырады.

Баратын жердің ерекшелігі. Тауға шыққанда баратын маршруттың қауіпсіздігіне көз жеткізіп, серуен кезінде мұқият болған жөн. Танымал маршруттар қауіпсіздеу келсе, білмейтін, адам аяғы баспаған жерлерде жыртқыш аңдар, шағатын жәндіктер жүруі мүмкін.

Техникалық сауат. Тауға шыққанда маршрутты, баратын, қайтатын уақытты нақты жоспарлау керек. Қысқы уақытта күн қысқа болғандықтан, жорыққа таңнан шығу керек. Қараңғыда тауда бағдарды тану қиын. Құтқарушы тауда адасқандардың көп бөлігі серуенге кеш шыққандар екенін айтады. Кәсіби альпинистердің өзі тұман мен қараңғыда адасып кетуі мүмкін, айнала бірінен бірі аумайтын ұқсас пейзаж болғандықтан, әуесқой туристің адасуы әп-сәтте. Бақыт Данабеков осындайда оң мен солды, солтүстік пен оңтүстік, батыс пен шығысты білу маңызды екенін айтады. Тауда электронды құрылғылар сөніп немесе байланыс болмай қалғанда, айналаны өз бетіңше бағамдау керек болады.

Қауіпті мінез-құлық. Тауға шыққанда ойнаймын деп оқыс жағдайға ұшырап қалу қаупі жоғары. Мейлінше, байыпты, сақ болған жөн. Орынсыз секіру, жүгіру жиі жағымсыз салдарға әкеп соғып жатады.

Физикалық дайындық. Биікке қарай жүру, түсу физикалық тұрғыдан оңай еместігін алдын ала ескерген жөн. Күнде тауға шығып жүрмегендер бірден өрге қарай ондаған шақырым жол жүре алмайды. Биіктікті шамаға қарай бағындырған дұрыс.

Тактикалық сауат. Баратын жердің маршрутын нақты біліп, ұдайы картаға жүгініп отыру маңызды. Тауға әзірліксіз, бағыт-бағдарсыз бара салуға, жолды қысқартамын деп кенеттен бейтаныс маршрутқа ауысуға болмайды.

Жалпы жай-күй. Ауырып тұрып, беймаза күйде тауға шыға көрмеңіз. Я болмаса қандайда бір жарақат жазылмай жатып биікке өрлемеген дұрыс.

ҚАУІП ҚАЙДАН КЕЛЕДІ

Тұман, төменгі температура, мұз бен құлама мұз және көшкін. Негізінен осы төрт себеппен адамдар тауда қаза табады. Тұман тәжірибелі деген альпинистің өзін жолдан жаңылдырса, төменгі температураға адам ағзасы шыдамайды. Мұз бен көшкін тау ұдайы болып тұратын құбылыс. Құтқарушы көшкіннің 90%-ына адамдар өзі кінәлі екенін айтады. Өйткені олар тыйым салынған белгісіз әрі қауіпті маршруттарға кетіп қалады. Көшкін негізінен таудың жазық, алдында кедергі жоқ жерінде болады. Оның жазық болатыны көшкін жолындағы ағашты сыпырып өтеді немесе көшкін салдарынан өсіп үлгермейді.

Құтқарушылар Көшкінде тірі қалудың ең жақсы тәсілі – көшкінге тап болмау деп отыр. Өйткені көшкінге тап болған адамда 10-12 минут қана уақыт бар. Одан ары адамның ағзасы суыққа төзе алмайды.

Іле Алатауы тауларында қараша айынан сәуір айының аяғына дейінгі кезеңде ауа температурасының түсуі мен қар жамылғысының қалың болуынан қар көшкіні болуының қаупі жоғары. Ғалымдар аймақта, әсіресе ауылдар мен курорттар орналасқан Қаскелең мен Түрген өзендерінің арасындағы аймақта көшкін қаупі жоғары екендігін айтып отыр.

ҚЫСТАҒЫ ЖОРЫҚТАРҒА ДАЙЫНДЫҚ ЕРЕЖЕСІ

KMGA сертификатталған треккинг гиді, Almaty Trekking компаниясының негізін қалаушы әрі Іле Алатауы МҰТС Wild Nature Volunteers еріктісі Махамбет Абдуллаев қысқы жорыққа арналған дайындық ережерімен таныстырды.

Бағыт жоспарын құру. Тауға бара көрерміз деп бағыт-бағдарсыз шығу қате. Әсіресе қыста. Бұл адасу, төтенше жағдайға тап болу қаупін арттырады. Бағыт жоспарын құрғанда басталу уақытын, аралық нүктелерге жету уақытын, маршруттың аяқталу уақытын, үйге қайтатын уақытты алын ала белгілеп алған дұрыс. Одан бөлек адасу, кестеге үлгермеу, ауа райының нашарлауы сияқты болған жағдайдағы әрекетті ойластырып қою керек.

Осы ретте тауға аттанарда өзің туралы ақпарат қалдыру маңызды. Жақындарың жорықтың бағыты, бағытпен жүріп отыратын уақытты, кіммен баратыныңды, үйге қайтатын уақыттыңды білгені абзал. тауда адасқан адамдардың көбі жалғыз шыққандар және жақындарына тиісті ақпаратты қалдырмай, оларды іздеу кеш басталып жатады. Ал түн мен тұман қыста іздеу жұмыстарын 3 есе қиындатады.

Қосымша ережелер:

- Ең қысқа жол - өзіңе таныс жол;
- Өзіңді жаман сезінсең, қайтып кет;
- Ұялы байланыс болған жерлерді белгілеп қой;
- Маршруттағы басқа туристермен сөйлес, осылайша әрқашан өзекті ақпаратт алып, бағытыңды бағдарлай аласың.
- Әрқашан өз күшіңе сенуің керек.

Апаттық жабдықтар жиынтығы
- Дәрі салынға қобдиша;
- Маңдайға тағатын шам;
- Құтқару көрпесі;
- Оттық;
- Пышақ;
- Ысқырып;
- Power bank
- 3-5 метрлік арқан
- Суға арналған ыдыс.

Керек жабдықтардың минималдық тізімі:

- Треккинг таяқшалары;
- Треккинг аяқ-киімі;
- Рюгзак;
- “Үш қабат” принципі бойынша киім;
- Қосымша жылы киім;
- Жаңбыр жамылғысы
- Бас киім;
- Қолғап;
- Күннен қорғайтын көзілдірік;
- Күннен қорғайтын крем;
- Мұзға шыққыштар;
- Қардан қорғайтын гедры

ҚҰТҚАРУШЫ ЛАШЫҚТАР

Жиында «Алматы туризмі бюросы» туризмді дамыту департаментінің Бас менеджері Айбол Мұратхан Алматы тауларында туристерге арнап қойылған лашықтар туралы айтып берді.
Лашықтар кіріп демалып алуға, көмек шақыруға, нашар ауа райынан бой тасалауға, қажет жағдайда SOS белгісін шақыруға арналған. Лашықтар негізгі соқпақтар мен өзендердің тоғысатын жерлерінде орналасқан. Оларды барлық навигациялық жүйелерден тауып алуға болады.

ТАУ-ШАҢҒЫ БЕТКЕЙІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК

Шымбулақ тау курорты ақпараттық орталығының жетекшісі Темірлан Жүсіп 23 қарашадан бастап ашылатын тау курортында киіну, қауіпсіздік және өзін ұстау ерелерін таныстырды.

Үш қабат принципі
- Бірінші “базалық” қабат. Термокиім, ол ылғалды шығаруға жауап береді
- Ортаңғы “жылытатын” қабат. Флис / Мамық / Синтетика. Жылуды ұстап тұруға арналған
- Ішкі “дауылды” қабат. Мембрана күртелер мен шалбарлар. Жел мен жауын-шаныннан қорғайды.

Қауіпсіздік

- Тау-шаңғы шлемі
- Маска (күреңі – күндізгі, ашығы – түнгі)
- Қорғаныш жабдықтары («черепашка», қорғаныш шортылары, тізеқаптар)
- Сақтандырушы арқан (сноубордисттер үшін)

Беткейде ұстау ережелері

Шаңғы курортында сырғанау кезінде ара қашықтықты сақтау маңызды. Жылдамдықты бақылап, басып озу кезінде мұқият болған жөн. Жаяу түскен жағдай жолақтың шетімен жүру керек. Жолдың ортасында тұрып суретке түсу өзге сырғанаушыларға бөгет жасап, соқтығысу қаупін тудыруы мүмкін. Белгілер мен таңбаларға мұқият болу да оқыс оқиғалардан сақтайды.

Таудағы демалысыңыз жайлы әрі оқыс оқиғаларсыз болсын!