Ресейдің үш қалада салатын жылу станциясы: Қазақстан қарызды қалай қайтарады

Сырым Қаржас

Ресейдің "ИНТЕР РАО" мемлекеттік компаниясының құрамындағы "ИНТЕР РАО – Экспорт" компаниясы Көкшетауда көптен күткен жылу электр орталығын (ЖЭО) салуға кіріседі. Жаңалықтың өзін жақсы деп қабылдауға да болар ма еді, бірақ Көкшетау, Өскемен және Семей қаласындағы ЖЭО-ны іске қосу үшін Қазақстан қарыздың барлық пайызын өзі төлейтінін ұмытпаған жөн.

Ulysmedia коллажы

БЕЛСЕНДІ ФАЗА  

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жақында өткен брифингте облыс орталығында ЖЭО салу жұмыстары басталғанын хабарлады.

– Көкшетауда ЖЭО салудың белсенді кезеңіне көшеміз. Инженерлік-геологиялық ізденістер және уақытша құрылыстар үшін алаң ұйымдастыру жұмыстары басталды, - деді ол.

Әкімнің айтуынша, Ресей үкіметі Қазақстанда ЖЭО құрылысына Ресей беретін қарыздың 7% субсидиялайды.

– Біз ЖЭО орналасқан жерді анықтадық. Ресей үкіметі жобаның 7% субсидиялайды, ал 20 жылға 7% субсидия ұсынатын басқа компаниялар жоқ. Сонымен қатар, бұл бағытта үлкен технологиялық тәжірибе бар. Таңдау дәл (ресейлік компанияға) түсті деп ойлаймыз, келісудің барлық кезеңі өтті. Биыл ЖЭО құрылысының белсенді кезеңі басталады, - деп атап өтті Ахметжанов.

Бір қызығы, шілде айында Ақмола облысының әкімдігі Көкшетауда ЖЭО құрылысы үшінші тоқсанда, яғни шілде-қыркүйекте басталатынын хабарлаған. Жобаның неге кідіргенін Ахметжанов түсіндірген жоқ.

СТАВКАЛАР  

ЖЭО құрылысы жобасы бойынша берілетін мемлекеттік субсидиялар керемет жаңалықтай көрінеді, бірақ мұнда мән-жайды ескеру қажет. Ресейдің орталық банкі 25 қазанда негізгі базалық мөлшерлемені 200 базистік тармаққа – жылдық 21% дейін көтерді. Ресей нарығының қатысушылары мөлшерлеме өсімі желтоқсанда 22-23% дейін жалғасады деп күткен. Ресей рублі Батыс санкцияларынан кейін долларға, еуроға және басқа валюталарға шаққанда едәуір әлсіреді. Санкция режимі күшейтілген жағдайда Ресейдегі несиелер бойынша мөлшерлемелер одан да жоғары болуы мүмкін.

Ресейлік тарап Қазақстанға Ресейдің орталық банкінің қазіргі ставкасы бойынша коммерциялық жобаға ақша бере қоюы екіталай, ал ЖЭО жобалары бойынша соңғы ставка жылдық 25-28% дейін баруы мүмкін екенін болжауға болады.

Несиелер бойынша ставкалар өсімі Ресейде ипотекаға, автомобильдерге және тұтыну несиелеріне сұраныстың төмендеуіне алып келеді. Қазақстан үшін, тіпті түпкілікті мөлшерлеме 7% екенін ескерсек те, несие өте қымбатқа түседі. Содан кейін бұл пайыздарды Ресей салатын үш ЖЭО-дағы электр және жылу энергиясының тарифтерін көтеріп төлеуге тура келетінін ұмытпаған абзал. Айтпақшы, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 15,25% құрайды, сондықтан Ресейдің қазақстандық мөлшерлемелер бойынша кредиттерді субсидиялауы қисындырақ болар еді.

МҮДДЕ ҚАНША ТҰРАДЫ  

ЖЭО құрылысының жобаларына Ресей не себепті қызығатыны түсінікті. Көрші мемлекет бізге энергетикалық жабдықтарды, құрылғыларды, материалдарды, сондай-ақ ілеспе қызметтерді сатады. Бұдан басқа, кейінгі қызмет көрсету және жөндеу шеңберінде қызметтер және қосалқы бөлшектерді ауыстыру ісінде де жүреді.

Біз қаншалықты қаражат мөлшері туралы айтып отырмыз? Түзетілген техникалық-экономикалық негіздемеге (ТЭН) сәйкес, Көкшетау ЖЭО құны 347 млрд теңгені құрайды. Семей ЖЭО алдын ала құны 420 млрд теңге. Өскемен ЖЭО-2 алдын ала құны 490 млрд теңге. Осылайша, үш ЖЭО-ның жалпы құны әзірге 1,25 трлн теңгеге барады. Дәстүрге сай, жобалар бойынша қарыз қаражатын тарту қажеттілігін бағалау кезінде қаржыгерлер бастамашыл компаниялардың өздеріне барлық соманың 30% беруді, ал 70% банк несиелері немесе облигациялар шығару түрінде алуды ұсынады. Бұл үш ЖЭО жобалары бойынша 880 млрд теңгені ресейлік банктерден алуға тура келетінін, ал 377,1 млрд теңгені "Самұрық-Энерго" және "Интер РАО –Экспорттан" алынатынын білдіруі мүмкін. Сонымен қатар, "Интер РАО Экспортының" өзі де бұл ақшаны Ресейден тартуы ықтимал.

НЕНІ ҚАШАН АЛАМЫЗ  

Көкшетаудағы ЖЭО-ның электр қуаты 240 МВт, жылу қуаты 520 Гкал/сағ құрайды. Станцияны 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Семейдегі ЖЭО қуаты 360 МВт және 742 Гкал/сағ, Өскемендегісі 360 МВт және 1007 Гкал/сағ құрайды.

Жалпы станцияның қажеттігі бұрыннан сезілген. Көкшетауда аудандық қазандықтар қала тұрғындарына ыстық су бере алмайды, сондықтан олар қаладағы электр энергиясына сұранысты арттыратын Ariston қазандықтарын пайдаланады. Тағы бір облыс орталығы – Өскеменде жылу және электр энергиясының тапшылығы байқалады, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

– Бізде электр энергиясы мен жылу энергиясының тапшылығы бар. ЖЭО салу туралы шешім біздің Үкіметке берген мәліметтеріміз негізінде қабылданды. ЖЭО Ұлан ауданында салынады. Бұл Өскемен қаласының маңындағы аудан. Желдің барлық бағыты ескерілді, - деді ол брифингте.

Әкім жаңа ЖЭО жұмыс істеген кезде қоршаған ортаға шығарындылар аз болатынын атап өтеді. Айтуынша, 60-70 жыл бұрын іске қосылған қолданыстағы ЖЭО, қосымша орнатылатын түтін ұстағыштар мен басқа да жабдықтарға қарамастан, шығарындыларды айтарлықтай азайта алмайды. Көп эколог Өскемендегі ауа сапасы Қазақстандағы ең нашары деп дабыл қағып жүргені де белгілі.

Қазақстанда Ресей салатын барлық үш ЖЭО көмірмен жылытады. ШҚО әкімі Шығыстағы ЖЭО кейіннен газға ауыстырылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

– Ерте ме, кеш пе, газ осында келеді деп ойлаймыз. Осы ЖЭО-ны бірден газға ауыстыру мүмкіндігі болуы үшін тиісті келіссөздер жүргізіліп жатыр, - деді Көшербаев.

Әкім Өскеменде ЖЭО құрылысы "үшінші кезекке түсетінін", яғни станция үшеуінің соңғысы болып салынатынын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, 2025 жылы ЖЭО бойынша тиісті жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіледі, ал ЖЭО құрылысының өзі үш жылға жуық уақытты алады.

КІМНІҢ ПАЙДАСЫ  

Өскемен мен Семей қаласын газдандыру мәселесінде Қазақстан енді Ресейге тәуелді. Егер Ресей Қазақстан арқылы Қытайға кезекті экспорттық газ құбырын салуға келіссе, онда республика солтүстік-шығыс өңірлерді газбен қамтамасыз ете алады. Олардың газға деген жалпы қажеттілігі жылына 10 миллиард текше метрге бағаланады. Бұл мөлшер қолданыстағы ЖЭО-ны газға ауыстыруды да қамтып есептелген.

Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында Ресей газын біздің ел арқылы Қытайға экспорттау үшін құбыр салу мүмкіндігі өте тиімді екенін айтқан-тын. Жоба бойынша бұл магистраль Өскемен, Семей және Қазақстанның басқа да елдімекендерін "Газпром" газбен қамтамасыз етуі тиіс.

– Біз (президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге) өнімдерімізді, мұнай мен газды үшінші елдерге, ең алдымен Қытайға, оның ішінде Қазақстан аумағы арқылы айдау үшін жаңа маршруттар құру мүмкіндіктерін талқыладық. Бұл өте тиімді, қызықты әрі келешегі мол бағыттар мен үлкен жобалар. Әрине, олар әлемдік экономикада және ең алдымен, Азия-Тынық мұхиты аймағында тұрақтандыруға ықпал етеді. Біз үшін нарықтарда жұмыс істеуге қосымша мүмкіндіктер туғызады, - деді Путин журналистерге 28 қарашада.

ЭНЕРГЕТИКАДАҒЫ ТАҒЫ БІР МӘСЕЛЕ  

Қазақстан арқылы Қытайға ресейлік экспорттық газ құбырының құны Ұлттық банктің қазіргі бағамы бойынша 1,18 трлн рубльге немесе шамамен 5,88 трлн теңгеге бағаланады (11 млрд доллардан астам). Қуаттылығы 35 млрд текше метр газ құбырын салуға жұмсалатын шығындар дәстүр бойынша газ тұтынушылары үшін тарифке жүктеледі. Өйткені Сарыарқа (Қызылорда-Жезқазған-Теміртау-Астана) магистральдық газ құбырын іске қосу кезінде елордада газдың түпкілікті бағасы ел бойынша ең қымбат екені айқын көрінген. Яғни, егер Қазақстан аумағы арқылы ресейлік газ құбырының жобасы жақын болашақта іске асырылса, онда ЖЭО құрылыстары үшін алынған қарыздарды төлеуге үлгермей жатып, Қазақстан Ресейдің газы үшін де төлей бастауына тура келеді.