Ulysmedia тілшісін ауыл әкімдерінің форумына кіргізбей қойды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz

Бүгін Астанада ауылдық округ әкімдерінің жұмысына арналған, президент қатысатын ауқымды форум өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Біздің редакцияны, басқа да бірқатар БАҚ-пен бірге, бұл шараға шақырмады. Соған қарамастан тілшіміз әкімдермен, депутаттармен және министрлермен сыртта болса да тілдесермін деген үмітпен форум өтетін орынға барды. Мақсат — ауыл тұрғындарының тұрмысын қалай жақсартуға болатынын білу еді.

Депутат Альберт Рау да аудан және ауыл әкімдерінің дербестігі туралы маңызды пікір айтамын деп еді. Біз оған: «Егер барлық әкімдер Amanat партиясының өкілдері болса, оларды тәуелсіз деуге бола ма?» деген сұрақ қойдық.

– Тәуелсіздік деген басқа... Мұнда мәселе экономикалық дербестікте көбірек, – деп жауап бере бастаған Рау бір сәтте полиция қызметкерлерінің бізді байқап қалғанын көрді.

Сол-ақ екен, мәжілісмен «ыңғайсыз» сұрақтардан қашып, жедел кетіп қалды.

Одан кейін Ulysmedia тілшісіне жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берілмеді. Полиция формасындағы бірнеше адам, оның ішінде Есіл ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары да бар, келіп, журналисті іс-шарадан алыстатып жіберді.