Украинадағы соғыс және Трамп факторы: әлем бұдан әрі не күтеді

Аян Өрібай

Ресейге Украинаны бағындыру үшін үш жыл жеткіліксіз болды. Әлем АҚШ-тың жаңа президенті өз уәдесін орындап, соғысты тоқтатады деп күтті. Алайда ол үміт ақталмағаны былай тұрсын, жағдай қазіргіден де ушығып кеткен сыңайлы: Трамп АҚШ-Еуропа қарым-қатынасын шиеленістірді, Зеленскийді заңсыз президент деп жариялады және Путинмен үзілген байланысты жандандыруға қадам жасады. Ulysmedia.kz сайтының сарапшысы,  тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Бисенбаев осы соғыстың қалай басталып, қалай жалғасып жатқаны және немен аяқталуы мүмкін екенін талдап көрді.

Ulysmedia коллажы

ӘСКЕРИ ТӘЖІРИБЕ

Украинадағы соғыс үш жылдан бері жалғасуда. 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей ресми түрде соғыс жарияламай-ақ, тұтқиылдан Украинаға басып кірді. Алайда бұл соғысты күтпеген жерден болды деп айту қиын, өйткені екі ел арасындағы жағдайдың түбі соғысқа алып келетінін талай сарапшы кезінде айтқан еді. Себебі бұл КСРО ыдырағаннан кейін Ресейдің алғашқы соғысы емес. Бұған дейін Приднестровье, Абхазия, Оңтүстік Осетия, Грузияға басып кіру, екі Шешен соғысы өтті. Бұл соғыстардың барлығы террор, бейбіт тұрғындардың қырылуы және бейбіт мақсаттағы инфрақұрылымдардың жойылуымен қатар жүрді. Айта кету керек, бұл соғыс үш жыл бұрын емес, әлдеқайда ерте, 2014 жылы басталды – сол кезде Ресей Қырымды, Донбасты, Луганскіні аннекциялады. Бұл әскери операциялар «ежелгі орыс жерлерін кері қайтару», «орыстілді халықты қорғау» және «Ресейді аяқтан тұрғызу» ұрандарымен жүргізілді.

Украинаға әскери басып кіру халықаралық қауіпсіздікке үлкен соққы болды. Ең алдымен, төніп келе жатқан қатерді Ресейдің көршілері сезінді. Әр мемлекет өз жолын таңдады: Финляндия НАТО-ға қосылды, себебі ұйымның кез келген мүшесіне жасалған шабуыл – бүкіл альянсқа соғыс жариялаумен тең. Осылайша, 1920 жылы үкіметті құлатып, оны Кеңес одағының құрамына қайтару әрекетіне және 1939-1940 жылдардағы кеңес-фин соғысына қарамастан, тіпті соғыстан кейінгі жылдардан бері де бейтарап саясат ұстанған Финляндия Путин басқарған Ресейдің басқыншылық әрекетінен қауіптенді.

Қазақстан әскери ҰҚШҰ (ОДКБ) блогында қалғанымен, Ресей басып алған украин жерлерінде құрылған «квазимемлекеттерді» мойындаудан бас тартты. Еуропа елдері бірауызды бола алмады, өйткені Венгрия мен Словакияның саясаты «коллективті Батыс» ұғымына сай келмеді.

СОҒЫС ЖӘНЕ САНКЦИЯЛАР

2022 жылы Украина ресейлік әскердің шабуылын тоқтатып, жағдайды қал-қадірінше тұрақтандыра алды. Еуропа, АҚШ және басқа да елдер Ресейдің Киевті «екі күнде басып ала алмайтынына» көзі жетіп, Украинаға қомақты көмек көрсете бастады. Бұл көмектің көлемі жыл өткен сайын артып отырды. Сонымен қатар Ресейге қарсы халықаралық санкциялар енгізілді. Бұл шектеулер елдің экономикасын ондаған жылдарға кері шегерді, әсіресе жоғары технологиялар саласында. Кремль Иран мен Солтүстік Кореядан оқ-дәрілер мен әскери техника сатып алуға мәжбүр болды.

Санкциялар тек қару-жарақ өндірісіне ғана емес, көлік, авиация, байланыс, күрделі техника өндірісіне де үлкен соққы жасады. РФ-ның бұрынғы қаржы министрі Михаил Задорновтың айтуынша, «Ресейдің Ұлттық әл-ауқат қоры алты айға ғана жетеді». Оның қаражаты негізінен Батыстың ең қатаң санкциялары енгізілгенге дейін жұмсалып кетті. Қазір Ресейдің өндірісі күрт құлдырап жатыр және бұл құлдырау жалғаса бермек.

КОРЕЙЛЕР КӨМЕККЕ КЕЛЕДІ

Соңғы жылдары Еуропа ресейлік мұнай мен газдан бас тартты. Путин бұл ресурстарды өз елінің басты көзірі деп санаған. Алайда Еуропа АҚШ, Таяу Шығыс, Норвегия және басқа да тасымалдаушылардың есебінен энергетикалық дағдарысты еңсерді.  Сириядағы Башар Асад режимінің құлдырауы да Кремль үшін ауыр соққы болды. Путин бұл режимді қолдауға қанша уәде берсе де, Сириядағы Ресей әскери базаларын сақтап қалуға шамасы жетпеді.

Ресейдің табиғи ресурстарынан бөлек, адами ресурстары да азайған сайын, Путин Солтүстік Кореядан қару-жарақ қана емес, сарбаздар сұрауға мәжбүр болды. Миллиондаған ресейлік мобилизациядан қашып, шетелге кетті. Ресей армиясында түрлі елдерден келген жалдамалы әскерилер соғысып жүр. Орталық Азиядан шыққан мигранттарды жаппай майданға тарту жүріп жатыр. Жазасын өтеушілер, тіпті ауыр қылмыс жасағандар да «ерікті түрде» әскерге алынуда.

ОСЫ КЕЗДЕ ТРАМП КЕЛДІ

Көпшілік соғыстың аяқталуын АҚШ президенті Трамптың билікке келуімен байланыстырды. Өйткені ол сайлауалды науқанында соғысты қаласа бір күнде тоқтата алатынын мәлімдеген еді. Алайда қазір оның әкімшілігі бұл мәселені шешуге 100 күн қажет екенін айтады. Мюнхен конференциясы өтті, Эр-Риядтағы екіжақты кездесулер, сондай-ақ Трамптың Путин және Зеленскиймен телефон арқылы келіссөздері жүргізілді. Бірақ дәл осы кезеңде әскери қақтығыстар күшейе түсті. Украина мен Ресей соғысты жеңіске дейін жалғастыруға бел буғанын көрсетуде.

Трамп әкімшілігі шешілуі қиын міндетпен бетпе-бет келді. Украина төрт облысты және Қырымды Ресейге беруге келіссе, Курск облысынан әскерін шығарса, НАТО-ға кіруден бас тартса, Киев билігін Кремльге ыңғайлы үкіметке ауыстырса және тағы басқа талаптарды орындаса ғана Ресей бейбіт келісімге келуге дайын. Украина бұл шарттарға ешқашан көнбейді, себебі бұл өз жерлерінен бас тарту, тәуелсіздігін жоғалту және кез келген сәтте Ресейдің жаңа шабуылына ұшырау дегенді білдіреді.

ЗЕЛЕНСКИЙ «АЛДАНДЫ»

Зеленский Украина өзінің қатысуынсыз жасалған ешқандай келісімді мойындамайтынын және Эр-Риядтағы келіссөздер туралы алдын ала хабарланбағанына өкініш білдірді. Ол сонымен бірге Киев Мәскеумен тікелей келіссөздерге дайын, бірақ ол үшін тайқып кетпейтін кепілдік керек. Бұл АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдігін ұсынуымен мүмкін болмақ. Зеленскийдің пікірінше, НАТО мүшелігі немесе Батыс бітімгерлері (АҚШ қатысуымен) Украинаны қанатының астына алып, қорғауға уәде беруі керек.  Ресей өз талаптарын күшейте түсті. Мария Захарова Украина НАТО-ға мүше болмауы тиіс деп мәлімдеді. Бірақ бұл да Мәскеуге жеткіліксіз секілді. Ол енді 2008 жылғы Бухарест саммитінде жасалған НАТО уәделерінен бас тартуды талап етуде.

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсеттің Украинаның НАТО-ға кіруі екіталай екенін, Киевтің 2014 жылғы шекарасына оралуы мүмкін емес екенін айтуы Украина мен Еуропа елдері үшін күтпеген шешім болды.

ТРАМПТЫҢ ТАКТИКАСЫ

Трамптың күтпеген саясаты жағдайды одан әрі күрделендіруде. АҚШ вице-президенті Дж. Вэнс Мюнхендегі сөзінде Еуропа елдеріне менсінбей қарады. Оларды Украина бойынша келіссөздерден тыс қалдырды. Бұл жағдай Трамптың Путинге Украина бойынша кейбір мәселелерге көз жұмып қараймын деген емеуріні барын байқатады. Ресейлік пропагандистер «халықаралық оқшауланудың аяқталғанын» айтып, жар салуда. Бірақ шын мәнінде, бұл олай емес.

Трамп көпшілік үшін күтпеген шешімдер қабылдауда. Ол Газа секторынан миллиондаған палестиналықты көшіру туралы ұсыныс жасады, бірақ бұл не еврейлерді, не арабтарды қуанта алмады. Трамптың ойлау жүйесі өзгермеген. Былайша айтқанда, қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ болып тұр. Ол бұған дейін де бір мерзім президент болып көрді. Несімен есте қалды? Бірде-бір мәселені шешпеген және тек түйеден түскендей мәлімдеме жасайтын әрі экономикалық қателіктер жіберген президент ретінде елдің есінде қалды. Ол көп нәрсені көрді, бірақ ештеңе түсінбеді. Оның түсінігінде АҚШ өз одақтастарын билеп-төстеп, әлсіз елдерді пайдалана алады. Бірақ, оның ойынша, әлемде АҚШ-қа қарсы тек бір ғана күш бар – ол Қытай.

АМЕРИКА НЕНІ ҚАЛАЙДЫ

Трамптың көзқарасы бойынша, Еуропа – «толыққанды держава» бола алмаған әлсіз құрылым. Ол өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуде АҚШ-қа арқа сүйеуге мәжбүр. Трамп бұл ауыртпалықтан құтылу керек деп санайды. Оның ойынша, Еуропа өз қотырын өзі қасуы тиіс және Ресей басқыншылығына АҚШ-тың басы ауырмауы керек. АҚШ-тың негізгі мақсаты – өндірістік қуатын қалпына келтіру және Батыс жарты шардағы (АҚШ, Канада, Гренландия, Панама каналы) ықпалын арттыру.

Трамптың Гренландия мен Канаданы өзіне қосу туралы дөрекі мәлімдемелері АҚШ ішінде де, елдің сыртында да үлкен наразылық тудырды. АҚШ пен Канада арасындағы экономикалық қақтығыстардың алғашқы белгілері байқала бастады. Бұл текетірес жаңа тарифтік саясатпен ушыға түсті.

ЖАСЫЛ ЭНЕРГЕТИКА ЖОСПАРЫНАН БАС ТАРТУ

Тағы бір күтпеген өзгеріс – экологияға қатысты саясаттың түбегейлі өзгеруі. Енді АҚШ-та «Жасыл энергетикаға» басымдық берілмейді. Табиғи ресурстар (мұнай, газ, көмір) қайтадан күн тәртібіне шығады. Трамп үшін бастысы – мұнай бағасын төмендету, өндірісті елге қайтару, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сонымен қатар «АҚШ – ақ нәсілді, англосаксондық, протестанттық ел» болуы керек деген ұстаным бар. Осы мақсатта заңсыз мигранттарды елден жаппай депортациялау басталуы мүмкін.

БИЗНЕСМЕН НЕМЕСЕ ПРЕЗИДЕНТ

Жаңа саясатты жүзеге асыру үшін ауқымды қаржы қажет. Трамп екінші президенттік мерзімінде алғашқы шетелдік сапарын Сауд Арабиясына жасауы мүмкін. Сауд Арабиясының тақ мұрагері айтқандай, алдағы төрт жылда саудиялықтар АҚШ-қа 600 миллиард доллар инвестиция құюға дайын. АҚШ-тың НАТО мен Украинаға қолдау көрсету шығындары қысқартылуда. Ол халықаралық ұйымдардан шығу, халықаралық көмек бағдарламаларын қысқарту жұмыстарын бастап кетті.

Кей сарапшылар Трампты оқшауланушы саясаткер деп санайды. Бірақ шын мәнінде олай емес, ол империалист, ұлы державалар ғана әлемді жарты шарға бөліп, өз билігін жүргізе алады деп есептейді. Ол БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың ережелеріне бағынғысы келмейді. АҚШ өзіне қажет аймақтарда қалағанын жасай алады деп санайды. Трамптың бизнесмендік менталитеті оның саясаткерлігінен үстем түсуі әбден мүмкін. Ондай жағдайда ол Украинаның сирек кездесетін металдарын әскери көмекке айырбастауды ұсынуы мүмкін. Бірақ Зеленский мұндай келісімге келіспейді. АҚШ-тың болашақтағы саясаты әлемдік балансты өзгертуі ықтимал. Бірақ басы ашық бір сұрақ бар  – Трамптың бизнес-тәсілдері саясатта қаншалықты тиімді болмақ?

ЕУРОПА ҚАУІПСІЗДІК ТУРАЛЫ ОЙЛАНА БАСТАДЫ

АҚШ-тың жаңа саясаты Еуропаны есеңгіреткені рас. Осыдан кейін ЕО «шынымен ертең Ресей НАТО-ға мүше елдердің біріне басып кірсе қайтеміз, НАТО бұған төтеп бере ала ма деп алаңдайды. КСРО ыдырағаннан кейін, Югославияның бөлінуін есепке алмағанда, жаймашуақ кезең орнады. Алайда бейбіт күннің де өтемі бар, оның негізгі ауыртпалығы АҚШ-қа түсті. Сондықтан Еуропадағы НАТО елдері осы жылдар бойы қорғаныс қабілетін әлсіретіп алды, қамсыз болып, қорғанысқа бөлетін бюджетін қысқарта берді.

АҚШ-тың қауіпсіздікке қосатын үлесі азайғаннан кейін, Еуропа негізгі мәселе — өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ойлай бастады. Бірақ бұл мәселе тікелей соғыспен байланысты, себебі қақтығыс ЕО шекараларын кесіп өтуі мүмкін. НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте Трамптың Украинаға көмек көрсету кезінде АҚШ пен оның еуропалық одақтастары арасындағы күшті, ресурсты бөлудің қажеттілігі туралы пікірімен келіседі. Сонымен қатар Пентагон басшысы Пит Хегсет еуропалық одақтастардың қорғанысқа инвестицияны бүгіннен бастап арттыруы қажет екенін айтты, себебі АҚШ өне бойы Еуропа қауіпсіздігін өз мойнына алуға ант бермеген.

АҚШ-тың рөлін бірден алмастыру мүмкін емес. Ортақ еуропалық армия құру үшін уақыт қажет. Алайда бұл барлық елдер қабылдаған шешім емес, себебі кейбір мемлекет басшылары әлі күнге дейін ортақ армия құруға армияға қарсы.

Мұндай жағдайда еуропалықтар үшін басты сұрақ – НАТО келісімінің 5-бабы толық күшінде қала ма? Бұл мәселе Ресеймен шекаралас НАТО елдері үшін аса маңызды. Егер бұл бап әлі де күшінде болса, оны АҚШ растауы тиіс, ал қалған мәселелерді еуропалықтар өздері шешеді. Ал әзірге Трамп Ресейдің НАТО елдеріне басып кіруі мүмкін емес деп санайды. Бірақ еуропалықтардың пікірі басқаша. 2024 жылдың басында Эстония премьер-министрі Кая Каллас эстондық барлау қызметінің мәліметтеріне сүйене отырып, алдағы 3–5 жылда Ресеймен соғысқа дайындалу қажеттігін айтты. Сол жылдың күзінде Германияның Федералдық барлау қызметінің (BND) басшысы Бруно Каль Ресей 2030 жылға қарай НАТО елдерінің біріне немесе бірнешеуіне шабуыл жасауға дайын болуы мүмкін деп ескертті.

Биылғы жылдың басында Данияның әскери барлау қызметі Еуропадағы «ауқымды соғыс» қаупі туралы баяндама жариялады. Агенттіктің бағалауынша, егер Ресей НАТО-ны әлсіз деп санаса (әрі әскери, әрі саяси тұрғыдан), онда ол альянсқа қарсы күш қолдануы мүмкін. Сонымен қатар Украинадағы соғыс тоқтағаннан кейін жарты жыл ішінде Ресей шекаралас мемлекеттердің біріне соғыс ашуға дайын болады.

ҚАРАМА-ҚАЙШЫ САЯСАТ

Трамп Украинаны қолдаудан бас тарта ма? Жоқ. Президенттің Мәскеуге деген мүддесіне қарамастан, нәтижесіз аяқталған келіссөздерден бөлек, АҚШ үшін Ресейден гөрі одақтастары маңыздырақ. Себебі Ресей АҚШ үшін саяси немесе экономикалық тұрғыдан маңызды емес. Оның үстіне, еуропалық көшбасшылар Украинаға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыруға бекініп отыр. Қазіргі уақытта АҚШ Украина әскери қажеттілігінің 42,7 пайызын, ЕО – 18,3 пайызын, ал Германия (6,5 пайыз) мен Ұлыбритания (5,5 пайыз) қамтамасыз етуде (Киль қаласындағы Дүниежүзілік саясат институтының мәліметтері бойынша). Бұған қоса, Украинаның қорғаныс өнеркәсібінің өсіп келе жатқанын да ескеру қажет.

Украинаға қолдау көрсету мәселесінде АҚШ-тың Еуропада жүргізген сауалнамасы белгілі бір оптимизм ұялатады. Financial Times басылымы бұған дейін АҚШ-тың еуропалық одақтастарынан Украинаға әскери бітімгершілік күштерін, қару-жарақ немесе басқа да қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екендіктерін нақтылауды сұрағанын жазған еді. Ендеше Украинаға көмек жалғасады, бірақ оның көлемі мен құрамы өзгеруі мүмкін.

Трамп қанша тыраштанса да, соғысты жақын арада тоқтату мүмкін емес. Мысалы, Израиль АҚШ-тан MK-84 ауыр бомбаларын сатып алды, себебі президент Дональд Трамп Джо Байден әкімшілігі енгізген экспорттық шектеулерді алып тастады. Бұл жерде Трамп, атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, «бейбітшілікті күшпен орнату» қағидасын ұстанады. Алайда АҚШ-тың бұл қағидасы Ресейге келгенде іске аспай қалады.

ҚЫТАЙ КІМНІҢ ЖАҒЫНДА

Бұл жағдайдағы Қытайдың ұстанымы ерекше қызықты. Себебі ол ешқандай әрекет жасамай-ақ өзінің ықпалын күшейтіп отыр. ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі конференцияда Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибигамен кездесуде Қытайдың бейбітшілікті ілгерілетуге бейілді екенін растады. Ван И Қытай мен Украинаны дәстүрлі достық қарым-қатынастар байланыстыратынын және 2011 жылы стратегиялық әріптестік орнатылғанын атап өтті. Сонымен қатар, оның айтуынша, екіжақты қарым-қатынастар тұрақты дамып келеді.

Пекин Киевпен бірге осынау қиын жағдайдан шығуға, екіжақты қатынастарды дамытуға және ынтымақтастықты арттыруға дайын. Қытай үшін Украинада соғыстың аяқталып, бейбітшілік орнауы маңызды, өйткені ол бүкіл Еуропаға жаңа мүмкіндіктер береді.

МҰНЫҢ СОҢЫ НЕМЕН БІТЕР ЕКЕН

АҚШ-тың ұстанымын бағамдау кезінде президенттің абсолютті монарх еместігін ескеру қажет. Елде мемлекеттік тұрақтылықты сақтау үшін тепе-теңдік пен тежеу жүйесі жұмыс істейді. Сондықтан қазірдің өзінде Трамптың кейбір мәлімдемелері америкалықтар арасында алаңдаушылық тудыруда. Конгресс, сот жүйесі және штат губернаторлары президенттің бұйрықтарын бұлжытпай орындайтын құрылымдар емес екенін бұған дейін де көрсеткен. АҚШ-тың соғысты шешудегі рөлі үлкен, бірақ ол жалғыз маңызды ойыншы емес. Украина бұл мәселеде Еуропаға ғана емес, әлемнің жетекші мемлекеттерінің қолдауына сенім арта алады. Алайда жақын арада бейбітшілік орнамайтын секілді. Соғыс жалғасады және ол бірнеше жылға созылуы әбден мүмкін. Алайда қазіргі факторлардың барлығы соғыстың Украина пайдасына шешілетінін аңғартқандай.

Автор Асылбек Бисенбаев