«Бәйтеректің» саясы: ұлттық холдингке қарасты компания қалайша салынған қаржыдан 100 есе аз табыс тауып отыр

Сырым Қаржас

"Қазақстан бюджетін қалай толтырамыз" деген қызу пікірталас жүріп жатқанда біз бітпейтін бір тақырыпты – қазақстандықтар жақсы өмір сүріп, жаһандық қаржы дағдарыстарынан қорықпас үшін құрылған түрлі квазимемлекеттік компанияларды ұмыта бастадық. Біздің жауапты басшылар таңдап алған өркендеудің бір жолы – тікелей инвестициялар арқылы экономиканың түрлі секторында инновациялық компанияларды құру. Осы мақсатта тікелей инвестициялар қорларының қоры да құрылған. Ол – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы. Алайда көріп отырғанымыздай, елімізге тікелей инвестициялар аса қажет емес сияқты. Әйтпесе, 200 миллиард теңге жарғылық капиталы бар компанияның 2024 жылдың ішінде бар болғаны бірнеше компанияға ғана инвестиция салып, оның мөлшері 10 есе аз болғанын қалай түсіндіруге болады? Осы мәселені толығырақ Ulysmedia.kz материалында баян етеміз.

Ulysmedia коллажы

ҚОРЛАРДЫҢ ҚОРЫ

Миллиардтаған инвестициялық теңгені басқару үшін қанша адам қажет? Бұл пікірталасқа себеп болар ашық сұрақ, бірақ егер осы басқарушылардың жалақысы тапшылықтағы республикалық бюджеттен төленсе, мәселе жай ғана риторикалық сипатқа ие болмай қалады. Тіпті, бұл қаржы толықтай мемлекетке тиесілі жеке меншік қордан бөлінсе де, жағдай өзгермейді.

Мысалы, елде «Qazaqstan Investment Corporation» атты квазимемлекеттік компания бар. Қарапайым азамат бұл атауды естімеген де болуы мүмкін, алайда компанияның құрылғанына 20 жылға жуық уақыт болды. Ол 2007 жылы Қазақстанның алғашқы президентінің тікелей тапсырмасымен елдегі инновациялық жобалардың басты инвесторы ретінде құрылған-тын.

КІМ БАСҚАРАДЫ

Компанияны бір жылдан бері Ерболат Жолат басқарып келеді. Интернетте ол туралы тек арнайы тапсырыспен жазылған сұхбаттардан басқа ақпарат аз. Алайда 15 жыл бұрын Павлодар мемлекеттік университетінің заң факультетін ұлттүлек «жас ғалым» атануға талпынып, салық төлемегені үшін қосарланған жаза қолдануға болмайтынын жазғаны бар екен.

Кейін Ерболат Бауыржанұлы шетелдік білім алып, МВА дәрежесін иеленіп, жауапты қызметтерде жұмыс істеді. Ол «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінде басшылық қызметтерді атқарды.

Үш орынбасары бар, олардың барлығы да шетелде білім алған және, әрине, үлкен амбициялары бар болуы мүмкін – бәрібір миллиардтаған теңгені басқару оңай шаруа емес.

МИЛЛИАРДТЫҚ МҮМКІНДІКТЕР

Қазақстанның тікелей инвестициялар қорларының қоры бұрын «Қазына Капитал Менеджмент» деп аталған. 2023 жылы компания атауын шетелдіктерге ұғынықты әрі жағымды етіп өзгерту туралы шешім қабылдады.

QIC дамуға және халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстанның экономикалық дамуына араласуға жағдай жасайды, – деп жазады компания өкілдері өз сайтында.

Сол жерде тікелей инвестициялар Қазақстандағы шағын және ірі бизнеске бірдей қолжетімді екені айтылған. Сонымен қатар, QIC әрбір инвестицияланған долларына шетелдік серіктестерден 2,1 доллар тарта алатынын мәлімдейді.

Жалпы ақпараттарға сенсек, бұл қор ел экономикасына зор пайда әкелетіндей көрінеді.

ҚАНША ЖӘНЕ КІМ ҮШІН

Алайда 2007 жылдан бері осы сайттағы жарнамалық ақпаратқа сүйенсек, қор 120 жобаға ғана инвестиция салған. Бұл жылына он жобадан да аз деген сөз бе?

Сонымен қатар, бұл бір ғана шағын компания емес, бес қаржы институтынан тұратын үлкен топ екенін ескерсек, мұндай нәтижелер ой жүгіртуге әбден себеп бола алады.

Яғни, бюджеттен қаржыландырылатын алып құрылым тек 10–14% жылдық мөлшерлемемен шағын топтағы қарыз алушыларға несие беру үшін жұмыс істей ме?

2023 жылғы аудит есебіне сәйкес, Qazaqstan Investment Corporation 6 жобаны қаржыландырған. Олардың бірі – «қоржынды» қайта құру ғана: 2021 жылы қор Ақмола облысында құрама жем зауытын салу үшін Unicorn Feed жобасына 4,7 млрд теңге қарыз берген. Алайда кейінірек жеке компания бұл қаржыны толық қайтара алмайтыны анықталды. Сондықтан 2023 жылы Qazaqstan Investment Corporation кәсіпорын акционерлері құрамына 2,8 млрд теңге көлемінде енді.

Тағы бір жоба – Астана мен Қазақстанның солтүстік аймақтарын газдандыру бойынша бұрынғы қаржыландыру желісінің жалғасы.

2023 жылы қаржыландырылған басқа жобалар қатарында құс фабрикасы, екі зауыт және бір медициналық клиника бар.

Барлығы мемлекет үшін қажетті және маңызды жобалар сияқты көрінеді.

ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР САНЫ

Бірақ жыл ішінде 6 инвестицияның тиімділігін бағалау үшін қанша адам қажет?

Qazaqstan Investment Corporation және оның еншілес компанияларындағы нақты қызметкерлер саны көрсетілмеген. Дегенмен, жыл ішінде «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы қызметкерлердің жалақысына шамамен 1,5 млрд теңге жұмсағаны белгілі. Бұл айына шамамен 125 млн теңге.

Қорда 15 департамент, 4 төраға орынбасары және басқарушы директорлар жұмыс істейді. Жалпы алғанда, қорда шамамен 100 адам еңбек етеді. Олар жыл ішінде небары 6 жобаны қаржыландыруды мақұлдаған.

ҚЫЗЫҚТЫ АРИФМЕТИКА

2024 жылы да қаржылық институттың жұмысы баяу қарқынмен жалғасқан. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған аудиттелген есепке сәйкес, Qazaqstan Investment Corporation екі компанияны қаржыландырды. Жылдың 10 айы ішінде қордың инвестициялық портфелі 4,6 млрд теңгеге артты.

Алайда, сол кезеңде клиенттерге берілген қарыз көлемі аздап қысқарды: бұрын 15,9 млрд теңге болса, қазір 15,2 млрд теңгеге дейін төмендеді.

Сонымен қатар, осы 10 ай ішінде қордың акционерлік капиталы 50 млрд теңгеге ұлғайған: бұл қаражат үкімет тарапынан өңдеу өнеркәсібіндегі компанияларды қолдау мақсатында бөлінген.

Бірақ, Қазақстанда қолдау көрсететін компаниялар аз ба, әлде басқа да проблемалар бар ма – бұл миллиардтаған қаржы қордың есепшоттарында пайдаланылмай қалып отыр.

Мұндай тәсілдің тиімділігін, бәлкім, Жоғары аудиторлық палата айтуы тиіс болар. Алайда ЖАП төрағасы Әлихан Смайыловтың Қазақстан президентімен соңғы кездесуіне қарағанда, 2025 жылы «Бәйтерек» холдингіне қарасты қор өзін еркін сезіне алады – оны аудит тізіміне қосу жоспарда жоқ болып шықты.