Қазақтан ұрланған байлықтың шетелден қайтуы неғайбыл: активтерді қайтаруға сенім неге азайды

Аян Өрібай

Ulysmedia.kz тілшісі мәжіліс депутаттарын сөзге тартып, шетелден активтерді қайтару мәселесін қозғады. Елде арнайы заң күшіне енгелі "елге 2 трлн теңгеге жуық қаражат қайтарылды" деген үкіметтің, бас прокуратураның жұмысына олардың көңілі тола ма? Активтерді басқа елдерден қайтарудың қиындығы неде? Толығырақ мақаладан оқи аласыз.

Ulysmedia.kz коллажы

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде Қазақстан үкіметі мен бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитеті ресми порталы арқылы аракідік ақпарат таратып тұрады. Кейінгі мәліметтерге қарағанда, елге арнайы заң күшіне енгелі 2 трлн теңгеге жуық қаражат қайтарылған. Қайтарылған активтер есебінен Петропавлда балабақша, Кеген ауданының Жалағаш ауылында спорт кешенін, Жаңаарқа ауданы Мыңадыр стансасында 80 орындық мектеп, Шымкентте мектеп-интернат-колледжіне жатақхана және тағы сол сияқты өңір-өңірде әлеуметтік нысандарды салуға қаражат бөлінгені жазылады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов комитет пен комиссия мүшелерін жинап, жиналыс өткізгені де сол порталдардағы суреттерден көрінеді. Алайда шетелден қандай активтер қайтарылып, қайсылары қайтарылғалы жатқаны жөнінде ақпарат жоқ.

ҚАЗАҚША АЙТҚАНДА, ТІЛІМІЗДІ ТІСТЕП ОТЫРМЫЗ

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде заңды осыдан екі жыл бұрын қазіргі шақырылымдағы депутаттар қабылдаған. Сол заңның тең авторының бірі – Абзал Құспан. Оның айтуынша, заңды қабылдар алдында депутаттар алдында активтерді шетелден қылмыстық қудалау жолмен қайтарамыз ба, әлде азаматтық жолмен қайтарамыз ба деген дилемма тұрған. Қылмыстық қудалау жолын таңдаған жағдайда ол активтердің қайтпай қалу қаупі туындаған. 

Неге десеңіздер, бізден шығарылған активтердің көбі Еуропа елдерінде. Ол жақта адам құқығы деген мәселе бірінші орында тұр. Біз олардың заңдарының ерекшелігін ескеруге мәжбүрміз. Мәжіліс қабырғасында, өз арамызда үлкен дау болды. Кейін біз Украина мен Грузияның тәжірибесін ескере отырып, азаматтық жолмен қайтару амалын таңдадық. Өйткені Грузияда заңның атауы – деолигархизация туралы заң деп аталады. Украинада да сондай болды. Олар әуелі қылмыстық іс қозғап, кезінде заңсыз шығарғандарды соттағаннан кейін ғана тәркілеу тәртібімен активтерді қайтаруды мақсат тұтқан. Бірақ Еуропада өте беделді заңгерлердің ұйымы бар. Сол ұйымның қорытындысына бүкіл Еуропа елдері құлақ түреді. Сол жерде екі елдің тәжірибесіне де теріс қорытынды берілді. Олар адам құқығы сақталмайды деп есептеді, – дейді ол.

Абзал Құспанның сөзінше, мәселен тоқсаныншы жылдары Қазақстанда бір мүлікті заңсыз жекешелендіріп алған адам басқа елге көшіп кетуі де, қайтыс болуы да мүмкін. Ол кездегі куәгерлерді, құжаттардың түпнұсқасын табу қиын. Оның бәрін анықтау үшін де заңның өзін бұзатын қадамдар жасалуы мүмкін дейді заңгер депутат. Сол себепті депутаттар ақылдаса келе активтерді қайтарудың азаматтық жолын таңдаған.

Абзал Құспан

Азаматтық жолмен активтерді қайтару қадамы депутаттың сөзінше, Еуропа елдері тарапынан түсіністік тапқан. Бірақ оның процедурасы ұзақтау. Мәселен, Стати ісі он жылға созылған. Құспан түптің түбінде Қазақстан бұл іс бойынша келісімге келуге мәжбүр болғанын, Еуропада соттасу ұзақ уақытқа созылуы мүмкін екенін атап өтеді. 

Бұл жерде Ұлыбритания болсын, Швейцария болсын – сол елдердің заңнамаларының ерекшелігін ескеруіміз керектігі жайлы айтып отырмын. Бірақ Стати ісі сияқты кейінгі істер ұзаққа созылады деп ойламаймын. Себебі, біз арнайы заң қабылдап, уәкілетті органды бекіттік. Активтерді қайтару жөнінде комитет бар, – дейді мәжілісмен.

Абзал Құспанның сөзінше, жаңа жылдың алдында комитет жиналыс өткізіп, депуаттар алдында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген. Сол тұста депутаттар құзырлы орган өкілдерінен “жұртшылық бізден сұрап жатыр, шетелден активтер қайда?” деп сұраған. Жауаптылар сол кезде “сот процедуралары жүріп жатқан жерде ешкімнің атын атап, түсін түстеуге болмайтыны жазылған, егер атын атасақ, бұл сот процесіне әсер етеді” деп қауіптенетінін жеткізген. “Сол себепті қазақша айтқанда тілімізді тістеп отырмыз, әйтпесе қандай да бір жұмыстар атқарылып жатқанын растай аламын” дейді Абзал Құспан.

КАДДАФИДІҢ АКТИВТЕРІ ӘЛІ БЕЛЬГИЯДА ЖАТЫР

Депутат Айгүл Құспан шетелден активтерді қайтару деген өте қиын шаруа екенін айтады. Өйткені байлықты қайтару үшін ең алдымен, оның заңсыз шыққанын дәлелдеу керек. Ол үшін том-том құжаттарды жинап, “активтер осы елде” деген мемлекеттің сотына барып дәлелдеу керек. Тергеу жүргізіліп, ол материалдардың бәрі ағылшын немесе француз тілінде аудару талабы да бар. 

Айгүл Құспан

Содан кейін сол елге материалдар жіберіледі. Олар асықпай қарайды. Елші ретінде жақсы білем, асықпай қарайды. Бельгияда елші болғанымда біздің прокуратурадан құжаттар келгеннен есімде: қабылдайды, қарайды, аудармасы сапасыз болса қайтарады. Сондықтан, бұл өте ұзақ әңгіме. Мұндай істерге үш жыл деген – мерзім емес, – дейді ол.

Айгүл Құспан шетелдіктердің активтерді қайтаруға асыққанын ешқашан көрмегенін айтады. Мысалға Бельгияда жатқан Каддафидің (Ливияның бұрынғы президенті Муаммар Каддафи) активтерін келтіреді.

Ал Ливияның халқы сорлап, қиналып жүр. Сол ақшаны бәрі оп-оңай болса, бере салмай ма? Бере салмайды. Сондықтан, оның ұзақ әрі үлкен механизмі бар. Қазақстанға сол активтер келе қояды деп сенбеймін. Бере қояды да деп те сенбеймін. Ел ішінде заңсыз алынған активтерді тым болмаса қайтарып алу керек. Шетелден қайтару мәселесімен бірте-бірте айналысқан дұрыс, – дейді ол.

ҚАЗІР ЕРКІНЕ ЖІБЕРСЕК, КЕЙІН ӘРКІМ ОЙЫНА КЕЛГЕНІН ІСТЕЙДІ

Депутат Нұрлан Әуесбаев бұл бағытта тың ештеңе айтпады. Арнайы комиссия жұмыс істеп жатқанын, тиісті тапсырма берілгенін айтты. Алайда шетелден активтердің қайтарылу деңгейіне көңілі толмайтынын білдірді. 

Нұрлан Әуесбаев (Фото: Sputnik)

Күдікті екен деп бәрін нетпейді (?) ғой. Қарау керек те, бәрін. Толық қайтады деп айта алмаймын. Әртүрлі тексерулерге байланысты ғой. Бірақ бізге жеткен хабар бойынша онымен айналысып жатыр. Біз бұл мәселені де сұрағанбыз. Сондықтан, белгілі бір жерде жүріп жатыр. Ақпарат елге қажет, өйткені тарихта осындай жағдай болғаннан кейін егер біреу мемлекеттің мүлкін ұрласа, міндетті түрде ертелі-кеш жазаланатынын білуі керек. Ал егер бұл жолы өз ағымымен жібере салсақ, әркім ойына келгенін істейді, – деді ол.

ПАРЛАМЕНТКЕ БІР РЕТ ЕСЕП БЕРУІ КЕРЕК

Депутат Ермұрат Бапи ресми мәліметтерде шетелден қандай активтер қайтарылып, қандай активтер қайтарылмай жатқаны жөнінде ақпарат жоқтығына назар аударады. Оның айтуынша, жалпы активтерді қайтару жөнінде толыққанды әрі тұщымды ақпарат жоқ. Жалпы сома ретінде 2 трлн теңгеге жуық қаражат жөнінде айтылады. Ал қандай нысан, активтердің құрылымы қандай – ол жөнінде толық мәлімет берілмейді. 

Ермұрат Бапи (Фото: БАҚ.КЗ)

Ермұрат Бапидің сөзінше, прокуратура өкілдері активтерді қайтару процесін құпия жүргізіп жатыр. Сол себепті олар нақты ақпарат айтпайтынын атап өтеді. Себебін тізімге кірген адамдарды үркітіп алмаудың амалы немесе алдымен келісіммен қайтару әдісі деп болжайды. Бұл процеске әзірге түсіністікпен қарайтынын жеткізеді.

Бірақ көп сұрақ бар. Мәселен, инвестиция ретінде қайтып жатқан активтер бар деген ақпарат бар. “Әйтеу қайтып жатыр ғой” деп, соған әзірге қанағаттанарлық бір не (?) бар. Қалай дегенде де активтерді қайтару комитеті бас прокуратура парламенттің алдына келіп, бір есеп беретін уақыт келді. Халық үміт күтіп отырған президенттің бір бастамасы ғой. Қайтқан малда қайыр бар дейді. Сомасы жөнінде айтылып жатыр. 2 трлн теңге дейді. Желбүйір бірдеңе ме, ауа ма – ол жағынан ешқандай хабарымыз жоқ, – дейді ол.

АКТИВТЕР ИНВЕСТИЦИЯ РЕТІНДЕ ҚАЙТАРЫЛЫП ЖАТЫР МА

Бұл сұрақты бүгін мәжіліс кулуарында Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровқа қойғанбыз. “Қазақстанға инвестор болып келіп жатқандардың артында бұрынғы саяси элитка өкілдері тұрған жоқ па?” деген сұраққа Қуантыров “оның бәрін, кім бенефициар – бәрін қарау керек” деп жауап берді. “Олар Еуропа елдерінің немесе АҚШ-тың юрисдикциясына тіркелсе, біз оны қалай көреміз? Бізде ондай ақпарат жоқ. Біздің мақсатымыз – бенефициарларды экономикаға тарту” дейді ол.