Қазақстанда бұрыннан келе жатқан бір түсініксіз жағдай — екі Ұлттық ғылым академиясының қатар өмір сүруі мәселесі ақыры шешілді. Өткен аптаның соңында «ескі» академиктерден құралған қоғамдық бірлестік — ҚР Ұлттық ғылым академиясының республикалық қоғамдық ұйымы өзін-өзі таратып, 2 жыл бұрын құрылған және президентке тікелей қарасты жаңа академиямен бірігетінін мәлімдеді. Ulysmedia.kz бұл өзгерістің мәнін және ғылымға қалай әсер ететінін анықтап көрді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғылымды жаңа деңгейге көтеруге бірден талпына бастады. Ел дамыған мемлекеттер қатарына қосылып, экономикасын жылдам дамытуды мақсат етті. Бірақ бұл үшін ғылым мен технологияны дамыту керек еді. Яғни әлемдік деңгейде зерттеу жүргізіп, оны нақты өмірге пайдалануға болатындай ету қажет болды. Ол үшін ғылым саласына мүлде жаңа көзқарас керек еді. Бірақ сол дұрыс жолды табу – әлі күнге дейін жалғасып жатқан үдеріс.
1999 жылы Қазақстан ғылым академиясы білім министрлігінен бөлініп, тәуелсіз жұмыс істей бастады. Айта кетейік, бұл академия КСРО кезінде ең мықты үш ғылым орталығының бірі болған. Бірақ бөлінгенімен, ғылымда ілгері даму болмады. 2003 жылы академия республикалық жеке қоғамдық ұйымға айналды. Осы өзгерістердің салдарынан ғылымды қаржыландыру қалдық принциппен жүргізілді: жалақы төмен, жастарға мүмкіндік жоқ.
2020 жылдардың басында ғылымды бизнесті тарту арқылы дамытуға талпыныс болды. Бірақ нақты табыстар тек жекелеген жобаларда ғана байқалды. Ал жалпы алғанда, Қазақстан ғылымы баяу дамып, қажет қолдаусыз қалды. 2022 жылы жазда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның жағдайына сын айтты. Ол «түсініксіз» академиктер көп екенін айтып, ғылымды мемлекет бақылауына қайтаруды тапсырды. Сонымен қатар, оған мемлекеттік мәртебе беріп, бюджеттен қаржы бөлуді ұсынды. Ғалымдар бұл жаңалыққа қуанғанымен, күтпеген жағдай болды – бұрынғы академияны жаңғыртудың орнына, үкімет жаңа академия құрып жіберді. Оның мекенжайы да, ғимараты да – бұрынғы академияның орны. Осылайша, елде екі бірдей Ұлттық ғылым академиясы пайда болды. Екеуінің де атауы ұқсас, академиктері мен басшылары бөлек.
ЕСКІНІ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ОРНЫНА ЖАҢА АКАДЕМИЯ
Бұрынғы академияны жаңғыртудың орнына жаңа Ғылым академиясын құру академиктердің наразылығын тудырды.
— Біз жаңа Ғылым академиясына мықты ғалымдарды біртіндеп тартамыз. Бұрын академияда болған адамдардың мәртебесі енді жойылды. Солардың ішінен шын мықты ғалымдар байқау арқылы жаңа академияға өтеді. Қазірдің өзінде кейбір академиктер дайындалып жатыр. Конкурс кезең-кезеңімен өтеді, — деп мәлімдеген еді сол кезде ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналистерге.
«Бұрынғы академияда болған» ғалымдар бұл сөзге наразы болды. Олар министрге академик атағы өмір бойына берілетінін еске салды. Ал ғылым докторлары мен PhD иелерінен құралған комиссия алдында емтихан тапсыру — ғылымға жасалған құрметсіздік деп бағаланды. Бұл мәселе көп ұзамай жабулы қазан күйінде қалды, әрі жаңа академияға өткен «ескі» академиктер туралы ақпарат 2025 жылғы 28 наурызға дейін еш жерде айтылмады.
Күтпеген жерден, бұрынғы академия өзін-өзі таратып, жаңа академиямен бірігетінін жариялады. Шамамен 150 академик президент жанындағы Ғылым академиясының құрамына кіргені белгілі болды, бірақ белсенді емес, құрметті мүше ретінде ғана.
— Олардың көпшілігі зейнет жасынан әлдеқашан асқан. Көпшілігінің ғылыммен тікелей байланысы жоқ. Жалпы, академик атағы өмір бойына берілетін мәртебе. Яғни олардың бұрынғы еңбегі есептен шығарылмайды, сондықтан «құрметті мүше» мәртебесі берілді. Егер олар академияның толық мүшесі болғысы келсе, қайта сайлану рәсімінен өте алады, деді медицина ғылымдарының докторы, президент жанындағы Ғылым академиясының мүшесі Вячеслав Локшин.
Оның айтуынша, жаңа академия құрамына кімдердің өтетінін көрсететін тізімді министрлік ұсынған. Бұл жаңа құрылымның құрылуы ғылымды қажетсіз балласттан арылтуды көздейтін қадам екенін аңғартады. Өйткені Назарбаев билігі тұсында 30 жыл бойы академик атанғандардың арасында бұл атаққа сай келмейтін, ғылымға шын мәнінде ешқандай үлес қоспаған адамдар өріп жүрді. Бұрынғы академия тізімінде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ғана емес, қызы Динара Құлыбаева, Тимур Құлыбаевтың туысы Талғат Құлыбаев, олигарх Серікжан Сейтжанов, сондай-ақ бұрынғы шенеуніктер мен депутаттар — Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Ахан Бижанов, Мұхтар Құл-Мұхаммед және ғылым саласында ешқандай елеулі жетістікке жетпеген өзге де тұлғалар бар.
Біздің жаңа академиядағы дереккөзіміздің хабарлауынша, қазіргі таңда құрметті мүшелер тізіміне Назарбаевтар мен Құлыбаевтар отбасы мүшелері нақты кірмеген. Қалғандарының тағдыры әзірге белгісіз. Алайда бұрынғы «ҰҒА» президенті Мұрат Жұрынов бұл – уақыт еншісіндегі мәселе екенін айтты.
– Біздің академиктер ешқандай байқау арқылы емес, өз мәртебелерімен өтіп жатыр. Біреулерді іріктеп, бір нәрсені дәлелдету керек деген сөздер айтылған еді. Ал бізде мықты академиктер бар – олар кеңес заманында-ақ мойындалған ғалымдар. Білетінім – әлі өтпегендерге қатысты мәселе мамырға дейін толық шешіледі, деді Жұрынов.
ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов
Сондықтан Қазақстанда нақты кім академик болып саналатынын, кімге мемлекеттік стипендия берілетінін біз тек көктемнің соңына қарай білетін боламыз. Дегенмен бұл мәселеде құқықтық жағы да бар. Академик атағы – өмір бойына берілетін мәртебе. Заң бойынша бұл жоғары атақты 2023 жылдың желтоқсанына дейін алғандар да төлемдер алуға құқылы. Осыған байланысты, академиялық ортадан «кездейсоқ» адамдарды аластату үшін, ең кемі заң жүзінде академик атағынан айыру тәртібі қажет болады. Ал қазіргі таңда ондай құқықтық негіз жоқ. Әрине, бұл мәселеде ғылым министрлігі «қарапайым жолмен» әрекет етіп, зейнет жасына жеткен кезде сол «балласт» саналатындарға стипендия тағайындамай қоюы мүмкін. Бірақ болашақта мұндай қадамдар сот істеріне, тіпті халықаралық деңгейдегі дауларға ұласуы ғажап емес.
ҒЫЛЫМ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Қазақстанда ғылымның жағдайы мәз емес екені халықтың ғылыми жетістіктерден қаншалықты хабардар екенінен-ақ байқауға болады. Мысалы, отандық антиковидтік вакцина елдің есінде бар шығар. Бір кезде билік бұл вакцинаның халықаралық нарыққа шығатынын айтып, тіпті арнайы зауыт салып бастаған еді. Бірақ бұл тақырып біртіндеп ұмыт қалды. Ешкім нақты не болғанын білмейді. Жақында ғылым министрінің саусағы күйіп қалған оқиға да ел есінде. Ол отандық ғалымдар жасаған жанбайтын кабельді таныстыру кезінде саусағын күйдіріп алды. Ақыр соңында ел-жұрт ғылыми жетістікке қарағанда, министрдің саусағы көбірек талқыланды. Дегенмен академиктер үмітін үзбейді. Ғылым академиясы қайтадан мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болған соң, өзгерістер болады деген сенім бар.
Академик Вячеслав Локшин
– Қазір академия жанынан бірнеше бөлімше құрылды. Олар ғылымдағы басым бағыттарды анықтап, сараптама жасап, жобалар әзірлеумен айналысады. Әр ғалым өз саласында жұмыс істеп жатыр. Академия – пәнаралық зерттеулер жүргізуге, ғалымдарды біріктіруге арналған жақсы алаң. Біз шетелдік ғылым академияларына бірқатар іссапар жасадық – жалпы ғылым мен халықаралық байланыс саласында белсенді жұмыс жүріп жатыр, деді Вячеслав Локшин.
Қазақстан ғылымының болашағына деген бұл оң көзқарасты біз де қолдаймыз. Әсіресе мемлекет ғылымды дамыту жауапкершілігін қайтадан өз мойнына алған кезде. Бірақ күмән тудыратын жайттар да бар. Мысалы, ғылым министрлігі жас ғалымдардың жалақысын бақылауға алмақ. НҚА порталында министрлік бекіткен ғылыми қызметкерлердің еңбекақысы көрсетілген құжат жарияланды. Оның алғашқы нұсқасында — 190 мың теңге, кейінгі түзетілген нұсқасында — 400 мың теңге көрсетілген. Бірақ бұл сома ресми орташа жалақыдан бәрібір аз.
Осындай жағдайда ғылымға жастардың келуі неғайбыл.