Ақиқатты ашқан құжат немесе Шарлапаев тындыра алмаған нәрсені Нағаспаев аяқтай ала ма

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

7 сәуір күні еліміздегі көптеген құрылыс компания үшін ерекше күн болды: көп сынға ұшыраған eQurylys порталы енді толығымен тегін жұмыс істей бастайды. Мемлекеттік қызметке қол жеткізу үшін жеке компанияға ақы төлемеу жолында құрылысшылар мен депутаттар бір жыл бойы күресті. Бұл іске «Атамекен» ҰКП, бас прокуратура және бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) де араласты. Ақырында, индустрия және құрылыс министрлігі ірі құрылыс жобалары үшін жеке компанияға миллиондаған теңге «сыйлап» отырудан бас тартты, бірақ бұл шешім тек сот арқылы мүмкін болды. Алайда бұл дауға нүкте қойылды ма? Бұл сұраққа Ulysmedia.kz жауап іздеп көрді.

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫ ҚАЛАЙ МӘЖБҮРЛЕДІ

eQurylys бірыңғай порталының қажеттілігі туралы индустрия министрлігі 2022 жылы-ақ мәлімдеген болатын. Ол ғимараттарды пайдалануға қабылдау үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді деп уәде берілген еді.

Алайда портал іске қосылғанда құрылыс компаниялары тегін мемлекеттік қызмет үшін ақы төлеуге міндетті екенін аңғарды. Қызмет формалды түрде тегін болғанымен, оны алу үшін жеке компания – Digicon әзірлеген интеграцияланған ақпараттық жүйе арқылы жұмыс істеуге тура келді. Ал бұл жүйеге кіру үшін ақша төлеу керек болды.

Мысалы:

1 млрд теңгеден асатын құрылыс нысаны үшін – айына 50 мың теңге,

1-ден 10 млрд теңгеге дейінгі жобалар үшін – 75 мың теңге,

10 млрд теңгеден асса – 100 мың теңге төленуі қажет еді.

Егер құрылыс бірнеше ай, кейде жылға созылатынын ескерсек, әрбір жаңа нысан үшін құрылысшылар миллиондаған теңге төлеуге мәжбүр болды.

ШАРЛАПАЕВТЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Бәсекелестікті қорғау агенттігі министрлік бұл арқылы Digicon компаниясына тиімді, бірақ бәсекелестікке сай емес жағдай жасағанын анықтады. 2024 жылдың тамызынан бастап агенттік бұл заңбұзушылықты жоюды талап етті. Сот БҚДА жағына шықты, бас прокуратура да қолдады. Алайда министрлік өз ұстанымынан бас тартпай, ғимараттарды қабылдау тәсілін өзгертуге қарсылық білдірді.

20 наурызда апелляция соты өтті. Соның нәтижесінде 7 сәуірге дейін министрлікке барлық құрылыс компаниялары үшін eQurylys порталына тегін қолжетімділік қамтамасыз ету міндеттелді.

Сондай-ақ, сот шешімімен құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Бахытжан Жүнісбеков 300 АЕК (шамамен 1 млн теңге) көлемінде айыппұл төлейтін болды.

«АЙЫППҰЛ ЕМЕС, ҚЫЗМЕТТЕН ҚУУ КЕРЕК»

Бірақ мәселені көтерген мәжіліс депутаттары бұл жеткіліксіз деп есептейді.

- Бұл іс цифрландырудың құрылыста ғана емес, жалпы мемлекеттің бизнеспен қарым-қатынасына қатысты маңызды прецедент болуы тиіс, – дейді Мәжілісмен Болатбек Нажметдинұлы.

Олардың пікірінше, индустрия министрлігінің eQurylys жүйесін енгізуге және оны басқаруға қатысты барлық шешімдері тексерілуі тиіс. Шынында да, біреулер мемлекеттік бастаманың атын жамылып жеке компанияға табыс көзі ашқысы келген жоқ па? Егер бұл рас болса, бұдан әрі мұндай «қателік» тағы қай салада қайталануы мүмкін?

Депутаттар, құрылысшыларға проблема туғызған бұл лауазымды тұлғаны қызметтен босату керек деп санайды.

ЕНДІГІ СҰРАҚ – ЖАҢА МИНИСТР НЕ ІСТЕЙДІ

Бұл ретте жаңа министр Ерсайын Нағаспаевтың әрекеті қызығушылық тудырып отыр. Ол – министрлікте жаңа адам, сондықтан бұрынғы басшылық құрамды, оның ішінде осындай дауға ұрынған шенеуніктерді қорғауға еш негізі жоқ.

Әрі eQurylys төңірегіндегі дау – құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетіне қатысты жалғыз сын емес.

Депутаттар министрлік салалық заң жобасын өз күшімен дайындай алмағанын анықтады. Тіпті сырттан ақылы түрде жасалған құжатты да тексере алмаған. Соның салдарынан құрылыс кодексінің жобасын қоғам жан-жақты сынап, ақыры оны қайта жазуға шешім қабылданды.

Алайда жаңартылған құрылыс кодексі де әлі қабылданбады және сарапшылар тарапынан сынға ұшырап жатыр. Бұл жағдай құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы инженерлік білімі бар адам болмағандықтан туындаған шығар.

Саладағы кадрлық тапшылық мәселесі ушыққаны соншалық, тіпті салалық министрлікке де қажетті білімі бар басшыларды табу қиын сияқты.