Былтыр Талғарда кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін, 6 мамырда сотталушылардан жауап алу басталды.
Кастет, дүкен алдындағы төбелес, куәлер сөзіндегі қайшылық
Алғашқы болып айыпталушлы Дархан Әскентайдан жауап алдынды. Ол оқиға болған күні ешкімді ұрмадым, төбелеске ешкімді шақырмадым деді. Сөзінше, ол марқұм Шерзат Полатты балағаттамаған. Сөзінше, Шерзат “оның кастетпен көзінен ұрып, бет сүйегін сындырған”. Не себепті ұрғанын білмейді. Бірақ бір қызығы, Әскентай бұл жөнінде тергеу кезінде бірде-бір рет айтпаған. Осыған дейін одан он рет жауап алынған. Ол тергеу кезінде “қысым көрдім” деді.
Мен басында Нұрболды [Тоқтаубаев] «Мені мына жақта ұрып кетті. Мені алып кет» деп ғана шақырдым. Нұрболды «кел, ұрып-соғайық» деген мақсатта шақырған жоқпын ол кезде. Ондай арам ойым болған жоқ. Бетімнің сынып кеткенін қан қызуымен білген жоқпын... Мен бұл балаларды танымаймын. Қыздар да келді. Магазинге кіріп, шығып жүрді. Дүкенге келген адамдар шығар дедім. Нөмірлері де жоқ. Танымайтын адамдардың іс-әрекетін мен қайдан білейін. Шерзат келген балалардың біреуін ұрып жіберді. Төбелес сол жерден басталып кетті, – деді Дархан Әскентай сотта берген жауабында.
Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 18 сәуірде өткен сот процесінде берген жауабында қанды оқиға болған күні Дархан Әскентайдың мас күйінде дүкенге келіп, сыра мен темекі алғанын айтқан. Дүкенде Шерзаттың көзінше дөрекі сөйлесті деген. Осыдан кейін Шерзат пен Дархан дүкен алдында шекісіп қалған.
Терезе ашық болатын. Екеуінің жоғары тонда сөйлесіп жатқанын естіп қалдым. Артынан айналып бардым. Шығып үлгергенше балам ұрып жіберді. Екеуін ажыратып алдым. Ажыратқанда Дарханды былай алып кеттім. Балама ескерту жасадым. Дүкенге қайта айналып кіріп, Дарханнан кешірім сұрадым. Мен оған «жүр, ауруханаға апарайын» дедім. «Емін жасап берейін, ақыңды төлейін. Ішем десең ішімдігіңді берейін» дедім. Ол кешірмеймін, балаларды шақырамын, балаң жауап береді, балаңның денсаулығын қойып тастайды деп айтты, – деген Қаржаубай Нұрымов бұған дейін сотта берген жауабында.
Пышақ, Хуторскийдің жігіттері, атылған мылтық
Бүгінгі сот отырысында Дархан Әскентай “ешкім кешірім сұраған жоқ, тек Нұрқанат Ғайыпбаев ғана інісі үшін кешірім сұрады” деп мәлімдеді. Ол дүкен алдында «Хутор бандасы» туралы әңгіме болғанын да жоққа шығарды. Әскентайдың сөзінше, Қаржаубай Нұрымов екі рет пышақ алып шыққан. Бірақ Нұрымов өткен сот отырысында Дархан Әскентай оқиға орнына шақырған Нұрбол Тоқтаубаев «Бізді танымайсың ба? Біз Хуторскийдің жігіттерміз» деп айтты деген.
Сот барысында Дархан Әскентайдан «Сол уақытта Нұрболға емес, неге «мені ұрып кетті» деп 102 немесе 103-ке хабарламадыңыз?» деп судья сұрады. Әскентай оған нақты жауап бере алмады.
Мен соққы алғаннан кейін ол ойыма келген жоқ...Нұрболға сол кезде звондадым. Бұл [Қаржаубай Нұрымов] айтты, полицияға да бармай ақ қояйық, скорыйға да звондамай ақ қояйық деді. Сол кезде мен Нұрқанатпен сөйлесіп тұрғанда ол да бірнеше мәрте полицияға бармай ақ қояйық деп айтты, – деді Әскентай.
Бұған дейін Қаржаубай Нұрымов өз жауабында дүкен алдына адамдар жинала бастағанда бірнеше рет 102 мен 103-ке звондап ала алмағанын, бұдан соң Талғар ауданының жедел жәрдем қызметінің меңгерушісіне де хабарласқанын айтқан.
Дархан Әскентайдың сөзінше, қанды оқиға болған күні мылтық екі рет атылған. Содан кейін екі адамның жерде жатқанын көрген. Оның бірі Нұрқанат Ғайыпбаев, екіншісі Шерзат Полат болған. Әскентай Шерзатқа кімнің пышақ салғанын көрмеген. Бірақ мылтық Нұрқанаттың қолында болғанын көрген.
Нұрқанат жерде жатты. Қасында екі-үш жігіт, сосын бір әйел болды. Екінші [жерде жатқан] адам Шерзат болды, – деді ол.
Адвокат Мейірман Шекеев мылтықты Нұрқанат Ғайыпбаев алып келді дегенмен жәбірленуші тараптың келіспейтінін айтты.
Қазіргі таңда айыптаушы тарап, әрине, Нұрқанат әкелді деп айтады. Ал біздің тарап оған келіспейді. Ол сот барысында анықталып, тергеліп жатыр. Сондықтан қазір мына адам алып келді деп айту ерте. Қазір бізге сұрақ қоюға әлі мүмкіндік берілген жоқ. Әскентайдың (сотталушы) өзі қаруды дүкеннен алып шықты деп айтады. Ал ішкі істер министрлігі таратқан видеода дүкенде ешқандай қару болмаған, – деді адвокат Ulysmedia тілшісіне.
Бұған дейінгі сот процесінде айыптау актісін оқыған прокурор мылтықты кімнің әкеліп, оқты кімнің атқаны тергеуде анықталмағанын айтқан.
Прокурорды істен шеттету
Сотталушылардың қорғаушылары прокурор Дана Сәрсенбайды істен шеттетуді сұрап, сотқа өтінішхат түсірді. Олар жауап алу барысында прокурор айыпталушыға қысым жасады деген уәжді алға тартты.
Өздеріңіз көріп отырсыздар, прокурор сұрақты бұрмалап қойып отыр. Прокурор айыпталушыға қысым жасап отыр, – деді Дархан Әскентайдың адвокаты Ержанов.
Өзге сотталушылардың қорғаушылары да бұл өтінішхатты қолдады. Олар прокурордың істі бейтарап қарайтынына күмән келтіріп, оған сенімсіздік білдіретіндерін айтты.
Прокурор сотталушылар адвокаттардың пікірімен келіспеді. Ол өтінішхат негізсіз деп атады. Жәбірленуші өкілдері соттан айыпталушы тарап қорғаушыларының өтінішін қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Сот өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартты.
ҚР ҚПК 87 және 88-баптарда нақты мемлекеттік айыптаушы қатыспайтыны көрсетілген. Мұндай жағдайлар сотпен анықталған жоқ, – деді судья.
Заңсыз алынған жауап пен видео
6 мамырда өткен сот отырысында Талғар аудандық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің басшысы Медет Әділжаннан да жауап алынды. Оның марқұм Шерзаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтан жауап алу кезінде заңсыз видео түсірілім жасағаны белгілі болды. Ол тергеу кезінде ешқандай хаттама толтырмаған. Сотта прокурор Әділжаннан «Осыншама заң бұзушылық бола тұра видеоны не үшін түсірдіңіз?» деп сұрады.
Қылмысты ашу мақсатында. Нақты адамдарды анықтау мақсатында осы видеоны түсірдім. Барлығы осы қылмысты ашу мақсатында істелген болатын, – деді Әділжан.
Медет Әділжан видеоны жеке телефонына түсірген. Жәбірленушілердің адвокаттары видеоның тұтас емес, үш бөлікке бөлінгеніне назар аударды. Оған Әділжан «видео монтаждалған жоқ» деп, оның үш бөлікке бөлінуін телефон жадысымен байланыстырды.
Бұдан бөлек, Медет Әділжан жауап алу кезінде Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзат Полатқа кімнің пышақ ұрғанын айтып, күдіктілерді суреттен таныды деді.
Нақты [жауап алу кезінде] Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзатты Абзал Шынасыл, өзін Азамат Тоқтаубаев пышақтады деп сол кісілердің суреттерін көрсетті, – деді Әділжан.
Іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. Олардың бірі кәмелет жасына толмаған. Олардың басым бөлігі өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
Сотталушыларға тағылған айып:
Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы жараланған. Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «Адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.
Оқиғадан бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі түгелдей өртеніп кетті. Кейіннен полиция өрт әдейі қойылғанын хабарлады. Наурызда бас прокуратура Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты.
Былтыр қарашада марқұм Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев Азат ауылының шетінде өлі күйінде табылды. Полиция дерегінше, ол өзіне қол жұмсаған. Бірақ Ғайыпбаевтың туыстары оның суицид жасағанына сенбейді.
Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы шығарылған күні Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Азат ауылында қолына пышақ ұстап, жүк көлігінің үстіне шығып, ұлы мен інісінің ісін әділ тергеуді талап етті. Осыдан соң оның үстінен «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалып, 15 тәулікке қамалды. Кейіннен «Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Адвокаттары Қаржаубай Нұрымов інісінің жаназасы болған күні полицияның арнаулы жасағы мінген көліктің дөңгелегін жарып тастағаны үшін жауапқа тартылғанын хабарлады. Онымен қатар Нұрымовтың туысы Бақыт Реймова «жұртты заңсыз митингіге шақырып, бейбіт жиын тәртібін бұзды» деген айыппен 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Ал қарындасы Салтанат Нұрымоваға «ұсақ бұзақылық жасағаны үшін» 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Автор: Есдәулет Қызырбек