Ulysmedia.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне ресми сауал жолдап, бизнесмен Анатолий Балушкиннің иелігінде болған активтердің келешегі жайлы біліп көрді.
СОТ ҮКІМІ
Өткен айда Өскеменде "Азия Авто" компаниясының бұрынғы топ-менеджерлеріне сот үкімі шықты. Сот Анатолий Балушкинді Қазақстанның қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (аса ірі көлемдегі алаяқтық) кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Компанияның тағы бір бұрынғы жетекшісі Ерік Сағымбаевқа ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі көлемдегі алаяқтық) және 245-бабы 3-бөлігі (салық төлеуден жалтару, ұйымдасқан қылмыстық топпен немесе аса ірі көлемде) бойынша айып тағылып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сот үкімі сырттай шығарылды, себебі "Азия Авто" компаниясының бұрынғы жетекшілері – қазір Ресей азаматтары. Оларды Қазақстан билігі халықаралық іздеуге жариялаған. Балушкиннің мұртын балта шапқан жоқ. Өткен айда ғана оның Украинадағы соғыста “Ахмат” әскерін бастап жүрген Апти Алаудиновке техника сыйлап жатқан видеосы тарап, желіде біршама талқыланған еді.
ОЛ ҚАНДАЙ БАЙЛЫҚҚА ИЕ ЕДІ
Forbes.kz журналы Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің тізімін 2020 жылы жасаған кезде Анатолий Балушкинді 37-ші орынға қойған. Ол тұста 50 жастағы бизнесменнің авторетейл, көлік құрау саласында біршама активтері бар-тын. Балушкиннің иелігінде «БИПЭК Авто Қазақстан» құрылымындағы «Азия Авто Қазақстан» АҚ-тың 75%-ы (қалған 25%-ы «АвтоВАЗ» – Ресей), ресейлік «Азия Авто Өскемен», «Азия Авто Сібір» (сауда), «БИПЭК» (жылжымайтын мүлікті басқару), «Р-Моторс Лада» (қосалқы бөлшектер сату және жылжымайтын мүлікті жалға берген), сондай-ақ Барнаул, Новокузнецк (Кемерово облысы), Новосібір, Омбы, Челябі және Шадринск (Қорған облысы) қалаларындағы алты сауда компаниясы болды. «Азия Авто» АҚ құрамына Өскемендегі автокөлік құрастыру зауыты, 15 өңірлік филиал және үш шетелдік өкілдік – Мәскеу, Тольятти және Прагадағы бөлімшелер енген. Балушкин – «БИПЭК Авто – Азия Авто» компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты да болған.
2020 жылдан кейін Анатолий Балушкин Forbes тізімінде бой көрсеткен жоқ. Кейін тіпті Қазақстаннан із суытты. Оның себебі – Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен соттасуы еді. Балушкин басшылық еткен «Азия Авто» компаниясының мемлекеттік келісімшарт бойынша алған міндеттемелерін орындай алмады. 2010 жылы «Азия Авто» мен министрлік арасында өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасалған еді. Бұл келісім бойынша компания салықтық және кедендік жеңілдіктер алып, өз кезегінде өндірісті локализациялауға (мысалы, дәнекерлеу және бояу цехтарын ашу) міндеттелді. Алайда компания бұл міндеттемелерін орындай алмады. 2020 жылы министрлік келісімді біржақты бұзып, компаниядан 174 миллиард теңгені мемлекетке қайтаруды талап етті.
СОНЫМЕН, ОНЫҢ АКТИВТЕРІ ҚАЗІР ҚАЙДА
Бір кездері Балушкиннің иелігінде болған Рахман қайнарлары санаторийінің аумағында орналасқан мүлік былтыр қыркүйекте сот шешімімен мемлекет пайдасына тәркіленген. Қазір ол актив Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының балансында.
Бүгінгі таңда санаторийдің мүлкі мен жер учаскелеріне қатысты ауыртпалықтарды алып тастау және меншік құқығын тіркеу, оның ішінде жерге орналастыру жобаларын әзірлеу және барлық жылжымайтын мүлік объектілерін қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымды қалпына келтіру және дамыту, сондай-ақ санаторийдің одан әрі тағдыры мәселелері бойынша шешімдер жоғарыда аталған барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін қабылданады. Шипажай жеке инвесторларға берілмейді, – делінген басқарманың Ulysmedia.kz порталына берген жауабында.
«Азия Авто Қазақстан» зауыты, «Нұртау» тау шаңғысы кешені және «Порт Фортуна» демалыс базасы да бір кездері бизнесменнің активтері еді. Олардың келешегі не болады деген сұраққа басқарма былай жауап берді.
ҚР ҚІЖК 161-бабының 1-тармағына сәйкес, қылмыстық іс шеңберінде ШҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті «Азия Авто – Бипэк Авто» компаниялар тобының мүлкіне, оның ішінде жоғарыда аталған объектілерге тыйым салды. Тергеу аяқталды, қылмыстық іс мәні бойынша сотқа жіберілді. Мүліктің одан әрі тағдыры туралы шешім істі сотта қарау қорытындысы бойынша қабылданады.
Облыстық басқарма Балушкинге тиесілі мүлік пен жер учаскелеріне қатысты нақты ақпарат ұсынбады. Тиісті заң мен әділет министрінің бұйрығына сілтеп, БАҚ-қа құқықтық кадастрдан ақпарат берілмейтінін хабарлады. “Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сіз сұраған ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруға жатпайды” делінген жауапта.