Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Істі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарауда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«АЗАПТАУ» МЕН ЖАУАПТАН БАС ТАРТУ
15 мамырда өткен сот отырысында сотталушылардан жауап алу жалғасты. Бүгінгі процесте іс бойынша күдіктілердің бірі Нұрбол Тоқтаубаев сұралды. Ол азапталып, соққыға жығылғанын алға тартып, тергеу кезінде алғаш берген жауабынан бас тартатынын мәлімдеді.
РУВД-ның ішінде полиция қызметкерлі, оперлер ұрып-соқты. Бірінші куәлігімізде «былай айтасың, былай айтасың» деді. Қаржаубай Нұрымовтың өзі полицияға келіп бізді ұрып кетті, – деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Ол азаптау бойынша прокуратураға шағым түсірген. Адвокаттың сөзінше, әлі күнге дейін мардымды жауап келмеген. Айыптаушы прокурорлар шағымға байланысты тиісті шешім шыққанын, ол құжатты келесі сот отырысында ұсынуға дайын екендерін айтты.
Іш құрылысымнан ұрды. Көгерген жерлер болды. Жағым ауыратын бұрыннан. Сол жағым қайтадан ауырып бастады. Жақтан бірнеше рет ұрды. Өзімнің туған інімді ұрды. Бастарына пакет кигізіп ұрды, – деді Нұрбол Тоқтаубаев сотта берген жауабында.
Ол пышақты тек Қаржаубай Нұрымовтың қолынан көрдім деді. Бірақ Шерзат Полатқа кімнің пышақ салғанын көрмегенін айтты.
Маған [Абзал Шынасыл] Шерзатқа пышақ сұқты деп оперлар айт деді. Сосын айттым, – деді ол.
Талғар аудандық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің басшысы Медет Әділжан 6 мамырда сотта берген жауабында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың оқиға болған күні өзіне және інісі Шерзат Полатқа кімнің пышақ салғанын суретте көрсетіп, айтты деген.
Нақты [жауап алу кезінде] Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзатты Абзал Шынасыл, өзін Азамат Тоқтаубаев пышақтады деп сол кісілердің суреттерін көрсетті, – деген Әділжан.
АДВОКАТТЫҢ ШАҒЫМЫ, ПРОКУРОРДЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ
Сотта Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевтың қорғаушысы істе оларды күдікті деп тану қаулысы жоғын алға тартып, істі қайта тергеуге жіберуді сұрап, өтінішхат түсірді.
Мен қылмыстық іспен танысу барысында. Менің қорғуымдағы Нұрбол Тоқтаубаев пен Азамат Тоқтаубаевқа қатысты оларды күдікті деп тану туралы қаулы қылмыстық істер жөніндегі құжаттарда мүлдем жоқ. Бұл ҚПК 64-бабына сәйкес, күдікті ретінде қаулы шығару прокурормен келісу қажет. ҚПК 202-бабына сәйкес, күдікті деп тану қаулы шығарылған сәттен бастап есептелінеді. Алайда бұл қылмыстық іс материалында күдікті ретінде тану туралы қаулы болмағандықтан, оның процессуалдық мәртебесі анықталмаған. Бұл күдіктіге қатысты қылмыстық қудалаудың заңды белгіленген тәртіп сақтамай басталғанын көрсетеді, – деді қорғаушы.
Айыптаушы прокурор өтінішке қарсылық білдірді. Олар іс бойынша күдіктілердің барлығы күдікті ретінде танылғанын алға тартты. Судья Ержан Жанұзақов сотталушы тараптың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Бұған дейін айыпталушы Дархан Әскентай оқиға болған күні түсірілген видеоға қатысты жауап берді. Ол сол күні дүкенге сыра алуға барғанын, төбелеске қатыспағанын айтты. Керсінше, жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаевты Абзал Шынасыл мен Нұрбол Тоқтаубаевтан арашаладым деді. Сол уақытта Әскентайдың өзі бірнеше рет соққы алған. Оны Шынасыл ұрып жіберген.
Сотталушы Дархан Әскентайдың адвокаты қорғауындағы адамның фотосы желіде тарап кеткеніне шағым түсірді. Судья 4 сотталушы ғана түрін көрсетпеуді сұрағанын, Әскентай фотосын көрсетуге қарсылық білдірмегенін жеткізді. Оны айыпталушының өзі растады.
СОТТЫҢ ЕСКЕРТУІ
Cудья Ержан Жанұзақовтың блогерлер мен сотқа қатысушыларға ескерту жасады. Ол әлеуметтік желіде азаматтар өздерінің жеке субьективті пікірлерін білдіріп, баға беріп жатыр деді. Судья тергеу аяқталып, үкім шығып, заңды күшіне енгенге дейін пікір беруге рұқсат жоғын айтты. Ол сотқа құқықтық баға беру заңсыз екенін ескертті.
ВИДЕО ЖӘНЕ ҚАНДЫ ОҚИҒА БОЛҒАН ТҮН
Сотта Шерзат Полаттың қалай соққыға жығылған сәт бейнеленген видео көрсетілді. Видеоны оқиға куәгерлерінің бірі балконнан түсірген.
Видеода Шерзаттың жерде жатқаны, жанында тағы бір адамның болғаны, әлде кімнің «скорый, скорый» деп жедел жәрдем шақырған дауысы естіледі. Бірақ соған қарамастан, бір топ адам барып, оны соққыға жыққаны көрінеді.
Прокурордың сөзінше, жерде жатқан Шерзат Полат пен Нұрқанат Ғайыпбаев.
ЖАУАПТАҒЫ ҚАЙШЫЛЫҚ
Нұрбол Тоқтаубаев сотта берген жауабында оқиға болған күні төбелеске қатысқанын мойындады. Нұрқанат Ғайыпбаевты тептім деді.
Ол жерде «Хуторский» деп ешқандай өзімді таныстырған жоқпын. «Хуторский 95» деп айтқан жоқпын. Мен өзім 91-ші жылғымын. «Денсаулық қойып тастайсың» деген ешқандай әңгіме болған жоқ ол жерде, – деді ол.
Бұған дейін Қаржаубай Нұрымов сотта берген жауабында Нұрбол Тоқтаубаев «Бізді танымайсың ба? Біз Хуторскийдің жігіттерміз» деп айтты деген.
[Өз іс-әрекетімді] дұрыс деп ойлаймын. Себебі ол бізге мылтық атты, – деді Нұрбол Тоқтаубаев сотта берген жауабында. Оның сөзінше, мылтық Нұрқанат Ғайыпбаевтың қолында болған.
Бұдан бөлек, ол «мен достарымды шақырмасам, Шерзаттың достары бізге соққы жасайтын еді» деді.
Бүгінгі сот отырысында сотталушы Азамат Тоқтаубаевтан да жауап алынды. Ол оқиға болған күні өзіне мылтықты іс бойынша күдіктілердің бірі Нұрқияс Ілиясов бергенін айтты.
Мылтық атылған кезде шошып кеттім де Шыңғыстың көлігінің артына барып тығылдым. Сол жерде туған ағам (Нұрбол Тоқтаубаев) жүрді. Атып тастамасын деп қолынан ұстап алдым. Ғайыпбаевтың екінші оқты оқтап жатқанын мен көрдім. Екінші оқты аспанға атты. Бірінші оқты ет сататын дүңгіршекке қарай атты. Менің артымнан өтті оқ. Мен оны сездім. Сол кезде балалар Шота Руставели көшесіне қарай жүгіріп кетті. Сол төбелес жаққа қарай бара жаттым. Аяғымның астынан телефон ілінді... Содан төрт метр жүргенімде алдымнан Нұрқияс Ілиясов шықты. Қолында қаруы бар. Сөйтіп қаруды маған ұстатты да, кеттік, кеттік деді, – деді Азамат Тоқтаубаев.
Осыдан кейін Азамат Тоқтаубаев пен Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезінде болған беттестіру видеосы көрсетілді.
Ең бірінші Ахмет деген баланы ұрған осы [Азамат Тоқтаубаев] болатын. Сол кезде бұл баланың қолында пышағы болды. Бұлар добивать етуге келді. Менің «16 жастағы бала, тоқтаңдаршы!» деп айқайлағаныма тоқтамады..., – дейді видеода Нұрқанат Ғайыпбаев.
Азамат Тоқтаубаев Ғайыпбаевтың жауабымен келіспеді. Ол «қолымда пышақ болған жоқ. Ешкімді ұрмадым» деді. Бірақ ол төбелесті өзімен бірге келген адамдардың бірі бастағанын жоққа шығармады.
Видеода Нұрқанат Ғайыпбаев Азамат Тоқтаубаевтан: «16 жастағы бала саған не істеді. Неге жауыздықпен өлтірдің?» деп сұрайды. Ол «Мен ешкімді өлтірген жоқпын» деп жауап береді. Видеода Ғайыпбаев мылтықты атпағанын айтады.
Іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. Олардың бірі кәмелет жасына толмаған. Олардың басым бөлігі өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
Сотталушыларға тағылған айып:
Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
Равиль Сәкиев – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу)
Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы (Бұзақылық), 188-бабы (Ұрлық)
Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов – ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау)
Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы жараланған. Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «Адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.
Оқиғадан бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі түгелдей өртеніп кетті. Кейіннен полиция өрт әдейі қойылғанын хабарлады. Наурызда бас прокуратура Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты.
Былтыр қарашада марқұм Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев Азат ауылының шетінде өлі күйінде табылды. Полиция дерегінше, ол өзіне қол жұмсаған. Бірақ Ғайыпбаевтың туыстары оның суицид жасағанына сенбейді.
Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы шығарылған күні Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Азат ауылында қолына пышақ ұстап, жүк көлігінің үстіне шығып, ұлы мен інісінің ісін әділ тергеуді талап етті. Осыдан соң оның үстінен «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалып, 15 тәулікке қамалды. Кейіннен «Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Адвокаттары Қаржаубай Нұрымов інісінің жаназасы болған күні полицияның арнаулы жасағы мінген көліктің дөңгелегін жарып тастағаны үшін жауапқа тартылғанын хабарлады. Онымен қатар Нұрымовтың туысы Бақыт Реймова «жұртты заңсыз митингіге шақырып, бейбіт жиын тәртібін бұзды» деген айыппен 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Ал қарындасы Салтанат Нұрымоваға «ұсақ бұзақылық жасағаны үшін» 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Автор: Есдәулет Қызырбек