Елді түзететін де, жүдететін де басшы немесе телегей білім әкімдерге неге көмектеспей тұр

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Облыс немесе республикалық маңызы бар қала әкімі болу үшін қандай мамандық иесі болу керек? Заңнамада бұл лауазымды иелену үшін нақты мамандыққа қойылатын талаптар жоқ. Алайда белгілі бір үрдіс байқалады: аймақтық деңгейдегі барлық әкім – жоғары білімді адамдар. Соған қарамастан өңірлердегі мәселелер не мүлде реттелмейді немесе өте баяу шешіледі. Ulysmedia.kz бұл мақалада әкімдерге дипломдардың неге көмектеспейтінін анықтауға тырысты.

КІМ ҚАНДАЙ МАМАНДЫҚТЫҢ АДАМЫ

Өңірлер әкімдерінің бәрі жоғары білімді, тіпті кейбірі бірнеше дипломға ие. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Абай облысының әкімі Берік Уәли және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов үш жоғары оқу орнын тәмамдаған. Тағы 11 әкімнің «бар болғаны» екі жоғары білімі бар. Ал қалғандары, мысалы, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов немесе Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бір ғана жоғары оқу орнын бітірген. Алайда олардың басқа да жетістіктері бар.

Өңірлік әкімдер арасында ең танымал мамандықтар – заң және экономика. 20 әкімнің 11-і заңгер. Оның ішінде төртеуінің экономика саласында қосымша дипломы бар. Тек экономика саласын, заңгер дипломынсыз, 6 әкім меңгерген.

Стандартты жолдан тыс білім алғандар да бар. Мысалы, Алматы әкімі Ерболат Досаев – электронды техника инженері. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов – инженер-механик.

Берік Уәли алдымен театрлық оқу орнын «кинотану» мамандығы бойынша тәмамдап, кейін журналистика магистратурасын, сосын заңгерлік білім алған.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев – мамандығы бойынша журналист. Сонымен қатар ол ҚР СІМ дипломатиялық академиясын аяқтап, «халықаралық қатынастар маманы» біліктілігін иеленген.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек тек экономист емес. Оның алғашқы білімі – сәулетші-дизайнер. Сондықтан астаналықтар қала сәулеті үшін алаңдамаса да болады.

Ғауез Нұрмұхамбетов алғашқы білімі бойынша агроном-ғалым, ал Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай – теміржол көлігінде тасымалды ұйымдастыру маманы. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров – бастапқыда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және спорт жаттықтырушысы. Ал ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың алғашқы мамандығы – педагог.

ШЕТ ТІЛДЕРІН МЕҢГЕРУІ

Өңір әкімдерінің барлығы қазақ және орыс тілін жетік меңгерген. Алтауы ағылшын тілін де біледі. Дегенмен, Нұрымбет Сақтағановтың жеке мәліметінде «сөздікпен» ағылшын тілін біледі делінген. Бұл кеңес заманында жиі қолданылған термин, яғни адам қарапайым сөздерді түсініп, сөйлемдерді сөздік көмегімен құрастыра алады дегенді білдіреді.

Ең көп тіл білетін әкім – Шымкент басшысы Ғабит Сыздықбеков. Қазақ, орыс тілдерінен бөлек, ағылшын, француз және түрік тілдерінде еркін сөйлейді. Ол РФ СІМ дипломатиялық академиясын «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша аяқтап, II сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежесін иеленген.

Айтпақшы, шетелде оқыған әкімдер де бар. 20 әкімнің алтауы Ресейде білім алған. Алыс шетелде білім алғандар жоқ.

ҒЫЛЫМИ ДӘРЕЖЕЛЕР

Көпшілік біле бермейді, бірақ әкімдер арасында ғылым кандидаттары да бар. 2000 жылы Құмар Ақсақалов «машиналарды жұмыс жағдайында ұстаудағы агротехсервис тиімділігі (Қостанай облысы шаруашылықтарының мысалында)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты атанды.

Ғауез Нұрмұхамбетов 2004 жылы «дәнді дақылдар нарығы инфрақұрылымының ұйымдастырушылық-экономикалық негіздері (Қостанай облысы материалдары негізінде)» тақырыбында диссертация қорғады.

2010 жылы Асхат Шахаров «Қазақстан Республикасындағы туризм бизнесін ұйымдастыру және жетілдіру жолдары» тақырыбы бойынша экономика ғылымдарының кандидаты атағын алды.

Ал ең алғашқы болып 1998 жылы Бейбіт Исабаев диссертация қорғады. Ол «Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралдары және этносаяси үдерістер» тақырыбында саяси ғылымдар кандидаты дәрежесін иеленген.

ЕҢБЕК ӨТІЛІ

Ең ұзақ еңбек өтілі – Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төрегалиевте. Ол еңбек жолын 1981 жылы бастаған. Сол кезде болашақ әкім небәрі 17 жаста еді. Алғашқы қызметін Орал облысындағы «Есенсай» совхозында қарапайым жұмысшы болып бастады. Біраз уақыттан кейін, 1985 жылы Ғауез Нұрмұхамбетовтің еңбек жолы басталды. Ол да 17 жасында Торғай облысы Октябрь ауданының Вильямс атындағы совхозында механизатор болды.

Ең қысқа еңбек өтілі – Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Ұлытау облысының әкімі Дастан Рысбековте. Олардың екеуі де 1984 жылы туған. Көшеров 2005 жылы 21 жасында бухгалтер-инспектор қызметінен еңбек жолын бастаса, Дастан Рысбеков бір жыл кейін Алматы қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің болжамдар және түсімдер бөлімінің бас маманы болып жұмысқа орналасқан.

ОРТАША СТАТИСТИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШ

Егер өңір әкіміне орташа статистикалық портрет жасасақ, ол – 52 жастағы ер адам, екі жоғары білімі бар, қазақ, орыс және аздап ағылшын тілдерін меңгерген, мамандығы бойынша заңгер немесе экономист. Ол отандық білім алған және шамамен 30 жылдық жұмыс өтілі бар.

МӘСЕЛЕ ӘЛІ ДЕ БАРШЫЛЫҚ

Қазіргі әкімдердің көпшілігі өз қызметтерінде ұзақ уақыт отырған жоқ – орта есеппен бірнеше жыл ғана. Олардың алдындағы басшылар да білімді адамдар болған. Бірақ өңірлерде де, елдің басты қалаларында да проблемалар азайған жоқ.

Мәселен, 2024 жылы Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Ақмола облыстары 2023 жылдың қысында-ақ «Қазгидромет» ескерткен қатты су тасқынынан зардап шекті. Су тасқынымен күреске шамамен 7 млрд теңге бөлінді, ал “нәтижесінде” прокуратура бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау және «су тасқынын болдырмауға арналған жоспарлардың уақтылығы мен толықтығы» фактілері бойынша төрт сотқа дейінгі тергеу бастады.

2025 жылдың қаңтарында Алматы әлемнің 126 қаласы арасында ең лас ауасы бар қала атанды. Осы айда экология министрлігі Алматыдан бөлек, Теміртау, Абай және Түркістанда жоғары ластану деңгейі, ал Қарағанды, Атырау, Сәтбаев, Талғар және Кенкияқ ауылында өте жоғары ластану деңгейі тіркелгенін хабарлады. Сонымен қатар тағы 25 елді мекенде ауаның ластану деңгейі жоғары екені анықталды.

Елдегі жылу электр орталықтарының тозу деңгейі орта есеппен 61%-ды, ал жылу желілерінікі – 54%-дан 52%-ға дейін төмендеді. Бұл бірнеше жыл бұрынғы 80%-дан әлдеқайда жақсы болғанымен, әлі де тым жоғары көрсеткіш.

Алматы, Түркістан және Алматы облыстары жұмыссыздық деңгейі бойынша көш бастап тұр (тиісінше 51,9 мың адам, 40,9 мың адам және 35,5 мың адам).

Demoscope қоғамдық пікірді жедел мониториңдеу бюросы өткен жылдың соңында жүргізген сауалнамаға сәйкес, Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындарын алаңдататын негізгі мәселелер – төмен жалақы мен табыс деңгейі (37,6%), бірінші қажеттіліктегі тауарлардың қымбаттауы (28,3%), сыбайлас жемқорлық (26,8%), зейнетақы мен жәрдемақылардың төмендігі (20,6%), қоршаған ортаның ластануы (19,3%), білім беру (16,2%) және денсаулық сақтау (16,1%) жүйесінің қанағаттанарлықсыз жағдайы бар.

МӘСЕЛЕ БІЛІМДЕ ЕМЕС

Әкімдердің білім деңгейі олардың жұмысының тиімділігіне неге әсер етпейді және өңірлердегі мәселелерді шеше алмайды? Саяси ғылымдар докторы Санжар Бокаевтың пікірінше, мәселе дипломдар саны немесе ғылыми дәреженің болуында емес.

Боқаевтың айтуынша, негізгі себептердің бірі – тағайындау жүйесінің өзі.

Қазақстанда әкімдер тағайындалады. Осы себепті олар халыққа емес, өз бастықтарына қызмет етеді. Осылайша «шағын патшалықтар» қағидасы іске асады. Халықтың олар туралы не ойлайтыны әкімдерге бәрібір, өйткені оларды жоғарыдан тағайындайды, демек, ең маңыздысы – басшылықтың пікірі. Осы себепті әкімдер өз күш-жігері мен уақытын өңірге қажетті маңызды стратегиялық шешімдерді әзірлеуге емес, әдемі есептер жасауға және өздерінің адалдығы мен беріктігін көрсетуге жұмсайды.

Сондай-ақ, Боқаевтың айтуынша, Қазақстанда Назарбаев тұсында қалыптасқан басқару мәдениеті әлі де сақталып отыр. Бұл жүйеде әкімдерден бастамашылдық немесе азаматтарға қамқорлығы көтермеленбейтін – керісінше, ешқандай оқиғаға ұрынбай, қалыптасқан схемаларды бұзбай, назар аудартпай «орында отыру» маңызды. Дәл осы – қызметті сақтап қалудың немесе тең дәрежелі немесе жоғары лауазымға ауысудың басты шартына айналған. Мұндай атмосферада, сарапшының айтуынша, жеке баю әркімнің бейресми ережеге айналған мақсаты болып қалады.

Бұдан бөлек, Санжар Бокаев орталықта да, өңірлерде де сыбайлас жемқорлықтың кең таралуы күшті өңірлік элиталардың пайда болуына әкелгенін айтады.

Бұл өңірлік «салмақтылар» патрон-клиенттік қатынастар мен орталықтан қолдаудың арқасында жергілікті әкімдерге айтарлықтай ықпал етеді. Осы себепті әрбір облыс әкімі осындай топтардың мүдделерін ескеріп, олардың арасында тепе-теңдік сақтауға тырысады. Сондықтан әкімді толыққанды қожайын деп айту қиын, ал оның шешім қабылдауға, соның ішінде бюджет қаражатын игеру процестеріне әсері шектеулі.

Бұл жерде Алматы облысында көптеген шешімдер мен кадрлық тағайындауларды облыс әкімі емес, экс-президенттің марқұм ағасы қабылдағанын еске салу орынды болар. Қалай болғанда да, басқару вертикаліндегі осы мәселелердің барлығы тотальды сыбайлас жемқорлықтың, заңсыздықтың және құқықсыздықтың салдарынан туындады, – дейді Боқаев.