Талғарда төбелес кезінде қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сотта сотталушылардан жауап алу жалғасып жатыр. Істі Талдықорған қаласындағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.
СОТТЫ БОЛҒАН СОТТАЛУШЫ
16 мамырдағы процесте айыпталушы Азамат Тоқтаубаевтан сұралды. Жауап алу барысында оның бұған дейін сотты болғаны айтылды.
– 2023 жылы 4 желтоқсан күні мені күдікті деп танып, 106-баптың 1-тармағымен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) маған екі ай санкция берген. Мені уақытша ұстау изоляторына, Талдықорған қаласының N71 мекемесіне жапты, – деді Тоқтаубаев сотта прокурорға берген жауабында.
Азамат Тоқтаубаев ақпанда ғана тергеу изоляторынан үй қамаққа шыққан. Өзінің айтуынша, тағылған айып 106-баптың 1-тармағынан 2-тармағына ауыстырылған.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе Азамат Тоқтаубаевқа ҚК 293-(Бұзақылық) және 188-баптары (Ұрлық) бойынша айып тағылған.
«ПЫШАҚТЫ СҮРТІП ТҰРҒАНЫН КӨРДІМ»
Бүгінгі сот отырысында кәмелет жасына толмаған сотталушы Думан Ысқақтан жауап алынды. Ол оқиға болған күні айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың көлігін айдап жүрген.
Думан Ысқақ сотта берген жауабында іс бойынша тағы бір сотталушы Абзал Шынасылдың пышақ сүртіп отырғанын көргенін айтты. Ол қанды оқиға болғаннан кейінгі жағдайды былай деп сипаттады:
– Нұрбол ағаға қайта берейінші деп едім, ол қазір-қазір ауылға шығамыз деді. Жақсы деп отырдым. Сол кезде Абзал Шынасылдың пышақты сүртіп тұрғанын көрдім. Мылтықтың машинада сүйеулі тұрғанын көрдім.
Думан Ысқаққа іс бойынша «Қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша айып тағылған.
«МЫЛТЫҒЫН ТАРТЫП АЛЫП, ӨЗІН ҰРДЫМ»
Нұрқияс Ілиясов Нұрқанат Ғайыпбаевтың қолынан мылтықты тартып алғанын айтты. Оның сөзінше, оқиға болған күні ең бірінші болып оны марқұм Шерзат Полат ұрған.
– Мылтықты екінші рет оқтап жатқан кезде менде тартып аламын деген ой болды. Екінші рет оқтап үлгерді. Сол кезде мен тоқтап тұрып қалдым. Сол уақытта Шерзат келіп екінші рет ұрады. Артта шегініп кеттім. Үшінші рет оқтап, бәріңді атамын деп артқа қарай шегінеді. «Е, бауырым, таста мылтығыңды» деп бара жатқан кезімде Шерзат марқұм құлап жатты. Сол кезде Нұрқанат барып көтеріп жатқан кезде мылтығын жұлып үлгердім де, прикладпен екі рет ұрып жібердім, – деді Нұрқияс Ілиясов.
Нұрқияс Ілиясовқа ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау) бойынша айып тағылған.
«ХУТОР БАНДАСЫ» МЕН ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚ
Жауап алу кезінде сотталушы Нұрқияс Ілиясов «Хутор бандасы» туралы сұраққа жауап беруден бас тартты. Жәбірленуші тарап қорғаушылары одан Instagram парақшасындағы автомат пен «Хутор» деген жазу бейнеленген сурет туралы сұрады.
Адвокат Мейірман Шекеевтің сөзінше, Нұрқияс Ілиясовқа тиесілі nurkias1998.08 парақшасында 2016 жылы 23 маусымда фото жарияланған. Онда Калашников автоматы мен оқтардан «Хутор» деген жазу бейнеленген.
Нұрқияс Ілиясов Хутор бандасы туралы сұраққа да, өзінің бұған дейін сотқа тартылғаны туралы сұрақтарға да жауап беруден бас тартты.
Бұған дейінгі сот отырысында марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтың оқиға болған күні «Бізді танымайсың ба? Біз Хуторскийдің жігіттерміз» деп айтты деген. Бірақ оның бұл сөзін осыған дейін сотта жауап берген сотталушылардың барлығы жоққа шығарған. Олар «Хутор бандасы» туралы ешқандай сөз айтылған жоқ деген.
ПЫШАҚ, МЫЛТЫҚ, МОЙЫНДАУ
Сотталушы Шыңғыс Белғожаев марқұм Шерзат Полатты ұрғанын мойындады.
– Мен негізі мылтық атқан сақалды адамды ұрамын деп ойлағанмын. Бірақ кейіннен видеодан көргенде Шерзатты ұрғанымды білдім, – деді ол.
Шыңғыс Белғожаев жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов пышақ алып шыққан соң, қалтамнан бәкіні алып шығуға мәжбүр болдым деді.
Сотта тергеу кезінде Белғожаевтың оқиға орнына барып, сол түні оқиғаның қалай болғанын көрсетіп, баяндаған видео көрсетілді. Онда ол мылтықты оқиға орнынан кетіп қалған соң, жол жиегіне лақтырып жібердім деді.
– Абзал [төбелес кезінде] біреуді пышақпен ұрып жібердім деп айтқанын естідім, – деді ол видеода тергеушіге.
Сотталушы Равиль Сәкиев Нұрқанат Ғайыпбаевты тепкенін растап, бірақ пышақ ұрғанын жоққа шығарды.«Ғайыпбаевтың қолында мылтық болды деп айтқан соң, тергеу кезінде ол маған пышақ салған осы деп мені көрсетті» деді.
Талғар аудандық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің басшысы Медет Әділжан 6 мамырдағы сотта берген жауабында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың оқиға болған күні өзіне және інісі Шерзат Полатқа кімнің пышақ салғанын суретте көрсетіп, айтты деген.
– Нақты [жауап алу кезінде] Нұрқанат Ғайыпбаев Шерзатты Абзал Шынасыл, өзін Азамат Тоқтаубаев пышақтады деп сол кісілердің суреттерін көрсетті, – деген Әділжан.
Іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. Олардың бірі кәмелет жасына толмаған. Олардың басым бөлігі өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
Сотталушыларға тағылған айып:
Абзал Шынасыл – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу), 293-бабы (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
Равиль Сәкиев – ҚК 99-бабы (Адам өлтіру), 24-бабы (Қылмысқа дайындалу және оқталу)
Азамат Тоқтаубаев – ҚК 293-бабы (Бұзақылық), 188-бабы (Ұрлық)
Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов – ҚК 293-бабының 3-бөлігі (Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау)
Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ҚК 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау)
Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласындағы отбасы жалға алып отырған дүкен маңында өлтірілген. Сатып алушылардың бірімен болған жанжалдың аяғы төбелеске ұласып, Шерзат пышақ жарақатынан мерт болған. Немере ағасы жараланған. Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтты. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «Адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.
Оқиғадан бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі түгелдей өртеніп кетті. Кейіннен полиция өрт әдейі қойылғанын хабарлады. Наурызда бас прокуратура Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты.
Былтыр қарашада марқұм Шерзат Полаттың немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев Азат ауылының шетінде өлі күйінде табылды. Полиция дерегінше, ол өзіне қол жұмсаған. Бірақ Ғайыпбаевтың туыстары оның суицид жасағанына сенбейді.
Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы шығарылған күні Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Азат ауылында қолына пышақ ұстап, жүк көлігінің үстіне шығып, ұлы мен інісінің ісін әділ тергеуді талап етті. Осыдан соң оның үстінен «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалып, 15 тәулікке қамалды. Кейіннен «Өзгенің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Адвокаттары Қаржаубай Нұрымов інісінің жаназасы болған күні полицияның арнаулы жасағы мінген көліктің дөңгелегін жарып тастағаны үшін жауапқа тартылғанын хабарлады. Онымен қатар Нұрымовтың туысы Бақыт Реймова «жұртты заңсыз митингіге шақырып, бейбіт жиын тәртібін бұзды» деген айыппен 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Ал қарындасы Салтанат Нұрымоваға «ұсақ бұзақылық жасағаны үшін» 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Авторы: Есдәулет Қызырбек