Президентке қарапайым қазақстандықтар тарапынан ашық хат жазу – үйреншікті жағдай. Бірақ Форбс тізіміндегі бизнесмен мемлекет басшысынан салық органдарын тізгіндеуді сұраса, бұл көкейде сұрақ тудырады. Осыған байланысты Ulysmedia.kz «Олимп» клинико-диагностикалық зертханалар желісі иесінің Instagram желісіндегі мәлімдемесін талдап көрді.
САЛЫҚТАН ҚҰТҚАРЫҢЫЗ!
«Олимп» клинико-диагностикалық зертханалар желісінің иесі Ерлан Сүлейменов әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялады. Бизнесмен мемлекет басшысынан «негізсіз тексерулер легін тоқтатуды және адал кәсіпкерлік презумпциясының сақталуын қамтамасыз етуді» сұрайды. Сондай-ақ, мұндай жағдайлар қайталанбас үшін билік пен бизнес арасындағы диалогты қолдауға шақырды.
Сүлейменовтің айтуынша, бұл үндеуге себеп болған — салық органдары жүргізіп жатқан тексерулер. Ол оларды «негізсіз қысым» деп атады. Оның сөзінше, бұған дейін өзі бұл мәселемен жоғарғы сотқа дейін жүгінген, ал сот салық органдарының әрекетін «өрескел процессуалдық заңбұзушылықтарға» байланысты заңсыз деп таныған.
Сүлейменовтің пікірінше, жоғарғы соттың сол шешімі салықшылардың өзіне қатысты қызығушылығын мәңгілікке тоқтатуы тиіс еді. Алайда, соған қарамастан, тексерулер әлі де жалғасып жатқанын айтады. Бұдан әрі ол өз зертханаларын «әлеуметтік жауапты бизнес» деп сипаттап, елге диагностикалық технологиялар әкеліп жатқанын, жұмыс орындарын ашып жатқанын алға тартты.
Дегенмен «адал кәсіпкерлік презумпциясы» туралы сөз қозғаған Сүлейменов өз компаниясының беделі бұрын да сынға іліккенін айтуды жөн көрмеді.
АҚ ХАЛАТТАҒЫ ҚАРА ДАҚТАР
2021 жылы «Олимп» зертханалар желісімен байланысты жағымсыз оқиға болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматыдағы СЭС басшысының орынбасары бұл компаниядан сыйлықтар – кәмпит пен гүл сынды ұсақ-түйек заттар алғанын мәлімдеген болатын (дереккөз).
Пандемия кезінде елдегі негізгі вакцина салушы мекеме дәл осы «Олимп» болды. Бірақ сол уақытта ПТР-тест бағасы Қазақстанда, көршілес Ресей мен Қырғызстанмен салыстырғанда, ең жоғары болды.
Кейін «Олимп» тест бағасын екі есеге дейін төмендетті, бірақ бұл мемлекетпен келісімшарт жасалғаннан кейін ғана болды. Келісімнің негізгі шарттарының бірі – 100% алдын ала төлем болатын. Уақыт өте басқа медициналық ұйымдар да вакцина салумен айналыса бастағанда, баға одан әрі төмендеді. Осылайша, пандемия кезінде адам өміріне әсер ететін маңызды қызмет көрсетіп отырған кезде «Олимп» компаниясы артық пайда тапты ма деген сұрақ туындайды. Ол кезде бұл бизнестің «әлеуметтік жауапкершілігі» жайлы ешкім жақ ашқан жоқ.
2022 жылы «Олимп» қызметіне бәсекелестікті қорғау агенттігі назар аударды. Тергеу барысында компания өз нарығында үстем орын алғаны және бағаны өз бетінше белгілегені анықталды. Астанада кейбір анализдердің бағасы бір жылда 12-ден 35%-ға дейін өскен.
Атап айтқанда, 2019 жылдан 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін «КДЛ Олимп» ЖШС, «INVIVO» ЖШС және «Инвитро-Казахстан» ЖШС зәрдің жалпы талдауы (ОАМ), қалқанша безінің гормонын анықтау (ТТГ) және В гепатитін анықтау секілді зертханалық қызметтерге баға белгілеп, сол деңгейді ұстап тұрған, – деп хабарлады антимонополиялық ведомство.
Тағы бір қызық жайт – Астана қаласының антимонополиялық департаменті «КДЛ Олимп» ЖШС, «Olimp Medical Group» ЖШС және «Мырза-ХАН» ЖШС-ке Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерін жою туралы хабарлама жіберген. Бұл компаниялардың барлығы Ерлан Сүлейменовке тиесілі.
ФОРБС ТІЗІМІНДЕГІ БИЗНЕСМЕНДЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ КЕДЕРГІ ЕМЕС
«Олимп» желісінің филиалдары қосылған құн салығын төлемесе де, салықтық жеңілдіктерді пайдаланып, мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысып келеді. Жалпы алғанда, «Олимп» мемлекеттік қызметтер арқылы жүздеген миллион теңге табыс тапқан және әлі де табуда. Бұл туралы бұған дейін де кеңінен жазылған.
МИЛЛИОНДАҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ШАРТТАР
Adata.kz платформасының дерегіне сәйкес, тек клинико-диагностикалық зертханалардың бас кеңсесі соңғы төрт жыл ішінде мемлекеттік сатып алулар арқылы 453,7 миллион теңге алған. Айта кетерлігі – бұл тек бас компанияның алғаны, ал еліміздегі 22 өңірлік филиал жеке ЖШС ретінде тіркелген және олардың көпшілігі мемлекеттік емханалармен және өзге де мекемелермен белсенді түрде жұмыс істейді. Сондықтан «мемлекет “Олимпке” жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр» деген шағымдар, кемінде, қисынсыз естіледі.
Одан бөлек, Ерлан Сүлейменовтің «Олимптен» тыс, зертханалық-диагностикалық қызметтер мен медициналық жабдықтарды жеткізумен айналысатын бірнеше кәсіпорны бар, олардың бәрі түрлі атаулармен тіркелген. Сондықтан салық органдарының әрекеті бүкіл бизнеске әсер етіп отыр ма, әлде тек бір компанияға ғана қатысты ма – бұл түсініксіз. Бірақ бір нәрсе анық: ақылы медициналық қызметтердің бағасы жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, өткен жылдың өзінде орташа баға өсімі 12%-дан асқан.
2025 жылғы мамыр айында Ерлан Сүлейменов Қазақстандағы ең бай 75 адамның қатарына кірді. Оның байлығы – 90 миллион доллар.