Неге Қазақстанда мемлекеттік қызмет жаңа деңгейге көтерілмей жатыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

23 маусымда әлемнің барлық елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да мемлекеттік қызметшілер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. 23 маусымды Мемлекеттік қызмет күні деп жариялау туралы резолюцияны БҰҰ Бас Ассамблеясы 2002 жылдың желтоқсанында қабылдаған, ал Қазақстанда бұл күн 2013 жылдан бастап ресми түрде атап өтіледі.

Қазіргі таңда елімізде 83 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Олар министрліктерде, агенттіктерде, прокуратурада, Ұлттық банкте, соттарда, Орталық сайлау комиссиясында және түрлі деңгейдегі әкімдіктерде еңбек етеді. Мемлекеттік басқару жүйесінің барлық салмағы – басқарма мен департамент басшыларынан бастап, мамандар мен қатардағы қызметкерлерге дейінгі – осы азаматтардың иығында. Олар деректерді жинап, талдап, есептер жазып, халықтан келіп түскен шағымдарды қабылдап, қарастырады.

Осы кәсіби корпусты қалыптастыруда негізгі рөлді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі атқаруы тиіс. Алайда Ulysmedia.kz тілшілері агенттіктің ауқымды қызметі жарияланып жатқанына қарамастан, мемлекеттік қызмет жүйесі неліктен әлі де болса сын мен күмәннің нысанына айналып отырғанын зерделеп көрді.

ҚАЗАҚША «ҚАЙТА ЖҮКТЕУ»

Мемлекеттік қызмет жүйесінде ауқымды қайта реформалау басталғанын президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың басында-ақ мәлімдеген болатын.

– Қазақстанға қоғамның сұранысына сай, тиімді әрі әділетті мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қажет. Бұл модель ең заманауи технологияларға негізделуі тиіс. Осыны ескере отырып, біз мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға кірістік, – деген еді сол кезде президент.

Бұл реформаның бір бағыты – мемлекеттік қызметті қайта форматтау болды. Яғни, әрбір мемлекеттік орган қызметкері, лауазымына қарамастан, мемлекет игілігі үшін адал әрі тиянақты жұмыс істеуі тиіс еді. Осы бес жылда мемлекеттік қызмет істері агенттігі (МҚІА) ауқымды жұмыс атқарды. Агенттік есептерінде жаңа стандарттар, заңнамадағы өзгерістер, аттестациялар, конкурстар, тексерістер мен ұсыныстар бар.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің этикалық кодексі мен даму тұжырымдамасы қабылданды. Яғни, заңнамалық, яғни қағаз жүзінде оң өзгерістер бар екенін жоққа шығаруға болмайды: теория жүзінде мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісі ашық бола түсті, ал «меритократия» ұғымы ресми риторикада жиі айтыла бастады. Алайда мәселе – бұл өзгерістердің қаншалықты терең екенінде және мемлекеттік аппарат сапасына шынайы әсер ете алған-алмағанында.

– Қабылданған стратегиялық құжаттардың көп болуы МҚІА-ның тиімді жұмысын білдірмейді. Агенттік мемлекеттік басқару саласына бағыт-бағдар беруі тиіс. Ең басты мақсат – барлық функцияларды жылдам әрі сапалы орындайтын, шешім қабылдайтын, оларды жүзеге асырып, жауапкершілікті де өз мойнына алатын мобильді әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру. Біз, өкінішке қарай, мұны көріп отырған жоқпыз, – дейді қоғам белсендісі Санжар Боқаев.

ЕСКІ ӘДЕТТЕР

Дархан Жазықбаев бұл ведомствоны 2022 жылы басқаруға кірісті және бастапқыда реформаларға белсенді кіріскендей көрінді. Алайда мемлекеттік қызметшілер арасындағы сыбайлас жемқорлық пен адалдықтың жетіспеушілігіне қатысты қоғамдық пікір әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бұған нақты себептер бар.

Бас прокуратураның дерегінше, 2022 жылы 1 118, 2023 жылы – 2 133, ал 2024 жылы – сәл төмен, 2 098 сыбайлас жемқорлық ісі тіркелген. Бұл – бағдарламалық құжаттардың толыққанды жұмыс істемей жатқанын көрсетеді. Тіпті жағдай сондай деңгейге жетті, үкімет инвесторларды шенеуніктердің бассыздығы мен артық бюрократиядан қорғау үшін «прокурорлық сүзгі» деп аталатын жүйе енгізуге мәжбүр болды. Прокурорлар мемлекеттік билікке деген инвесторлар сенімін сақтап қалу бағытында жетістіктерін апта сайын хабарлап отырады.

Басқаша айтқанда, мемлекеттік қызметшілер МҚІА қабылдаған бағдарламалық құжаттарды аса елей бермейді. Мұның екі себебі болуы мүмкін. Біріншіден, көптеген шенеуніктің санасында: тікелей басшысынан шықпаған кез келген тапсырма – формалдылық деген түсінік қалыптасқан. Екіншіден, Дархан Жазықбаев пен оның агенттігі шын мәнінде байыпты құрылым ретінде қабылданбайтын болуы мүмкін.

Мысалы, өткен жылы агенттік Алматы облысының әкіміне бір аудан әкімін қызметінен босатуды ұсынған. Себебі аталған шенеунікке қатысты қызметтік өрескел кемшіліктер үшін әкімшілік іс қозғалып, жүйелі бұзушылықтарға жол берілгені анықталған. Алайда облыс әкімі бұл ұсынысты елемей, әлгі әкім сол лауазымда жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл дегеніміз – агенттік саяси мемлекеттік қызметшілердің, яғни жоғары лауазымды шенеуніктердің ықпалына ұшырайтынын көрсетеді. Олар кімнің кетіп, кімнің қалатынын өздері шешеді.

– Басқару мәдениеті өзгерген жоқ, құндылықтар да ауыспады. Әрбір үлкен басшы өз командасына ең қабілетті және тиімді адамдарды емес, ең алдымен өзіне адал адамдарды тартуға тырысады. Бұл – қалыптасқан дәстүр әрі жеңіл жол. Ісіне адал адамдар не айтылса, соны орындайды, тіпті ол сыбайлас жемқорлық схемасы болса да. Өйткені мұнда ешқандай жеке жауапкершілік жоқ – заң жүзінде бекітілмеген. Кім не істесе де, қандай шешім қабылдаса да, неғұрлым тиімсіз болса да – оған ешкім жауап бермейді. Ал енді осыны бизнестегі жағдаймен салыстырып көріңізші. Онда нақты KPI бар. Кім не үшін жауап беретінін нақты біледі, кәсібилік тоқсан, жартыжылдық, жыл қорытындысымен бағаланады. Ал бізде мемлекеттік қызметте ондай жоқ, – дейді бұрынғы мемлекеттік қызметші Санжар Боқаев.

ЖАЛАҚЫ МЕН СТРЕСС

Наурыз айында ресми сайтта мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік аппаратты қысқартуды талап еткен петиция жарияланды. Оның авторлары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы 2024 жылға дейін мемлекеттік қызметшілер санын 25%-ға қысқарту жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Алайда бұл тапсырма орындалмады, керісінше бірнеше жаңа министрлік пайда болды.

Бұл үндеуге мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (МҚІА) назар аударатыны екіталай, өйткені олардың қолында 2023 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық есеп бар. Жаңа есеп әлі жарық көрмеген. Қолда бар есепке сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің 73%-ы өз бөлімшелерінде кадр тапшылығын атап өткен. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ел бойынша 7,5 мың бос жұмыс орны бар, оның ішінде 1,5 мыңнан астамы көптен бері бос тұр. Яғни, мемлекеттік қызметке ұмтылып жатқандар аз, сондықтан қысқартатындай да ешкім жоқ.

Желіде мемлекеттік қызметтен кетіп, бизнеске бет бұрған жас әрі болашағы зор азаматтардың ашық пікірлері көптеп кездеседі. Олардың барлығы бастапқыда халық пен мемлекетке пайда келтіру ниетімен жұмысқа келгендерін айтады. Алайда патриоттық иллюзиялармен тез қоштасуға тура келген. Себептер де ұқсас – төмен жалақы, реттелмеген жұмыс уақыты және туыстыққа негізделген кадр саясаты. Жаңа басшы «өз адамдарын» алға шығарып, «бөгделерді» шеттетіп, тіпті жұмыс істеуге төзгісіз жағдай жасап, орынды босатуға мәжбүрлейтіні айтылып жүр.

Айтпақшы, мемлекеттік қызметтен кеткендердің ешқайсысы бұл шешіміне өкінбейді, өйткені жеке секторда көздегеніне жеткен.

Дархан Жазықбаев та бұқаралық ақпарат құралдарында жиі бой көрсетеді – ол реформаның келесі кезеңі мемлекеттік басқару сапасын қалай арттыратынын баяндап, студенттерге мемлекеттік органда жұмысқа тұру қаншалық оңайлағанын және қандай мүмкіндіктер ашылғанын айтып отырады. Әрине, патриотизм туралы да көп айтады.

Алайда бұл әдемі сөздер оның агенттігі дайындаған есеппен қабыспайды. Онда қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің 90%-дан астамы жұмыс кезінде күйзеліске ұшырайтыны және тез шаршайтыны жазылған. Жартысынан көбі жеке баспанасыз, ал әр бесінші қызметкер ипотека төлеуде.

Санжар Боқаевтың пікірінше, мемлекеттік қызметтегі тәртіпті халықаралық беделді рейтинг агенттігімен келісімшарт жасаудан бастау керек.

– Мысалы, маған, басқарма басшысы ретінде, екі түрлі бөлімге екі маман қажет. Мен рекрутерлермен ешқандай тікелей байланыс орнатпаймын – бұл келісімшарт шарты. Тек форманы толтырып, қандай қызметкер керек екенін және қажетті құзыреттерді көрсетемін. Рекрутерлер өздері іріктеп, сұхбатқа ең лайықты үміткерлерді жібереді. Болды. Ешқандай "бауырым", "қарындасым", "інішегім", "ағам қатты өтінді" дегендер болмайды. Бізге дәл осындай тәсіл қажет, – дейді Боқаев.

Сонымен қатар кәсіби мемлекеттік қызметшілерге лайықты жалақы төленуі өте маңызды. Бірақ МҚІА көбіне «патриотизм» жайлы айтқанды жөн көреді, ал қызметкерлерінің табысы туралы көп алаңдай қоймайтын секілді.

2021 жылы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жыл сайын шамамен 20%-ға өседі деп хабарланған. Осылайша, 2025 жылы олардың табысы екі есе жоғары болуы тиіс еді. Бұл әсерлі естіледі. Алайда бұл иллюзияны МҚІА сайтына кіріп, мемлекеттік органдардағы бос орындарға көз салсаңыз-ақ, сейілуі мүмкін.

Мәселен, бірнеше өңірдегі антикор департаменттеріне аға офицерлер мен аса маңызды істер жөніндегі офицер қажет. Ең жоғары айлық – 275 мыңнан 297 мың теңгеге дейін, бұл – салық ұсталғанға дейінгі сома болуы мүмкін. Ал ІІМ-ге бас маман – дәрігер қажет. Қызметтік міндеттері жарты парақ. Жалақысы – 289 мың теңге. Егер бұл екі есе өскен жалақы болса, онда бес жыл бұрын мамандар қанша алғанын елестетудің өзі қорқынышты.

Осының бәрі мемлекеттік қызметтің неге «қартаң тартып» бара жатқанын түсіндіреді. Ресми мәлімет бойынша, мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 40 жас. Мұндай жағдайда жас кадрлардың келуі екіталай. Егер мемлекет, яғни МҚІА, жұмыс тәсілін қайта қарамаса, реформаның биік мақсаттары қол жетпес арманға айналуы мүмкін.