Астанадағы "Шабыт" өнер академиясының студенттері желіде видео жариялап, мәлімдеме жасады. Олар актриса Меруерт Өтекешовадан бас тартуға арыз жазғандарын, алайда бұл әрекетке оларды декан итермелегенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Актриса неге ренжулі
Instagram әлеуметтік желісіндегі 4_vlastinfo парақшасында Меруерт Өтекешованың бейнеүндеуі жарияланды. Онда ол өзі сабақ беретін өнер академиясының студенттері оқу орнындағы деканның ықпалымен актрисаға қарсы шығып, сабақ алудан бас тартқанын баяндады. Өтекешованың сөзінше, 4 жыл бірге жұмыс істеген деканның өзіне деген көзқарасы өзгеріп, қысым көрсеткен.
“Менің түсінгенім, ол кісі менімен жұмыс істегісі келмейді. Мен ректорға барып айттым: мен ол кісімен жұмыс істемеймін, – дедім. Егер ол мені сыйламаса, ақылдаспаса, мен қалай жұмыс істеймін? Мен ол үшін жоқпын. Сабаққа келеді, мен жоқ сияқтымын. Ақылдаспайды, ойына не келеді, соны жасайды”, – дейді актриса.
Тіпті маңызды оқу процестері мен емтихан мәселелері оның қатысуынсыз шешіле бастағанын айтады.
Студенттер не дейді
Академияның бірінші курс студенттері 2-семестрдің басында ұстазынан бас тартып, арыз жазған. Осыған байланысты студенттер жағдайды түсіндіріп, видео жариялаған. Видеода тәлімгерлер оларды мұндай әрекетке баруға декан итермелегенін ашық айтып отыр.
“2-семестрдің басынан бері, біз, “Меруерт Өтекешованың шеберханасы” өзіміздің апайымыздан бас тарту туралы өтініш жаздық. Бірақ осындай дүниелерге, осындай үлкен ойындарға сабақтан тыс студенттерді араластырған – біздің декан. Кімге қалай жазу керек, қалай бас тарту туралы арыз жазу керек, қалай әрекет ету керек – бәріміздің басымызды айналдырған деканымыз.
Бүгінде емтихан кезінде қаншама сөздер айтып, ең біріншіден ұстазымызды жылатты, екіншіден топтағы қыздарға психологиялық ауыр шабуыл жасады. Қысым жасады бізге. Біз мұндай әділетсіздікке қарсымыз. Осы дүниелердің барлығын жасауға ықпал еткен – декан”, – дейді студенттер.