Ulysmedia.kz порталының бас редакторы Самал Ибраеваға өзінің жалған анкетасын өшірту үшін бір айға жуық уақыт қажет болды. Анкетаға фоторедактор арқылы жасалған жалған сурет қойылып, шынайы телефон нөмірі тіркелген. Осы уақыт аралығында ақылы интим қызметін қалайтындар дәл сол нөмірге тынымсыз қоңырау шалды.
Бір айда Самал Ибраева сайттың техникалық қолдау қызметіне бірнеше рет хат жазды, полицияға арыз түсірді, тергеушілермен қаншама рет кездесті. Алайда ешкім бұл жағдайға шұғыл түрде араласып, нақты көмек көрсете алмады.
Құқық қорғау органдары даулы сайтты талай жылдан бері бұғаттай алмай отыр. Мұның бәрі елде жезөкшеліктің құқық қорғау жүйесін жеңіп кеткендей әсер қалдырады. «Қыздар.нет» сайтымен күрес нәтиже бермейтін болса, кек алудың құрбанына айналған жандар мен расымен тәнін саудалайтындарды бір-бірінен ажыратудың басқа жолы бар ма?
БҰҒАТТАҒАН САЙЫН ЖАРНАМАСЫ КҮШЕЙЕ ТҮСЕДІ
Осыдан бес жыл бұрын ғана “ақылы махаббат“ қызметін іздеуге арналған арнайы сайттардың бар екенін негізінен “сол қызметке мұқтаж” адамдар ғана білетін. Бұл өзіндік «нарықтық» қатынас еді. Әрине, шектен шыққандар да болды: кейбір өкпелі ғашықтар бұрынғы сүйіктілерінің анкеталарын жариялап, осындай «жарнамамен» қорқытатын. Дегенмен, мұндай ресурстар тек белгілі бір шағын ортада ғана танымал еді.
Жағдай 2023 жылдың көктемінде өзгерді. Сол кезде қазақстандық полицейлер “Kyzdar.Net” сайтының 11 иесі ұсталғанын мәлімдеді. Жедел қызметкерлер сайттың топ-менеджерлерінің шамамен қайда екенін анықтап, Астана, Алматы мен Павлодарда тінту жүргізіп, мүліктерді тәркіледі. Алайда ең бастысы – онлайн жеңгетайлардың күніне 2 миллион теңге шамасында табыс табатыны белгілі болды. Бұл – нағыз «стартап-арман». Оның үстіне, бұл бизнес өте тұрақты болып шықты: сайт атауын сәл ғана өзгерткенімен жұмысын тоқтатқан жоқ.
Полицейлер қыздарды тартқан “жеңгетайларды” ұстады, тергеу жүргізді. Бірақ көктем басында ұсталған 11 адам босап кетті. Тәртіп сақшыларының айтуынша, оларды жеңгетайлыққа ешкім айыптай алмаған, себебі ол кезде қылмыстық кодексте интернет арқылы жеңгетайлық жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылмаған. ІІМ-нің айтуынша, сайттың «топ-менеджерлері» – жезөкшелік индустриясының қожайындары емес, бар болғаны жай ғана админдер болып шыққан. Ал сайттың нақты иелері әлі күнге дейін белгісіз: домен АҚШ-та тіркелген, ал ол елде мұндай сайттарға тыйым салынбаған.
Қазақстанда бұл ресурсты қанша бұғаттағанымен, оның клон-сайттары, «ағайындары» мен тағы басқа нұсқалары қайта-қайта шығып, тән саудасына табыс тауып отырғандар үшін жұмысын жалғастыра береді. 2024 жылғы дерек бойынша, бұл сайт 259 рет бұғатталған. Айта кетерлігі, бір жылда 249 ғана жұмыс күні болса, яғни біреу бұл іспен демалыс күндері де айналысқан.
Бірақ, ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мойындауынша, сайт үнемі атауы мен доменін ауыстырып отырады. Үкімет бұл мәселеге қатысты арнайы жұмыс тобын құрған. Себебі сайтты бұғаттау – мәдениет және ақпарат министрлігінің, ал жеңгетайлықпен күресу – ІІМ-нің құзырында. Бірақ бірнеше ведомствоның бұл бағыттағы әрекеті қайда апаратыны әзірге белгісіз.
БОС ӘУРЕ МЕ
Киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Медет Туриннің айтуынша, Қазақстанның министрліктері бұл сайтты толықтай жаба алмайды. Қазір істеп жатқан жалғыз нәрсе – сайтты тек Қазақстан аумағындағы пайдаланушылар үшін бұғаттау ғана. Ал шетелде немесе VPN, прокси-сервер арқылы кіргісі келетіндер үшін сайт еш қиындықсыз қолжетімді.
Сайтты толықтай жабу — мүлде басқа деңгейдегі, өте күрделі әрі қымбат жұмыс. Шетел сервері бұғатталған күннің өзінде, егер ол елде жарияланған контент заңсыз деп танылса немесе әлдекім сайтты бұзып, жұмысын тоқтатса да, бұл түпкілікті шешім емес. Себебі оның иесі еш қиындықсыз басқа серверге қайта орналастыра салады. Мұндай сайтты түбегейлі жабу үшін ең алдымен оның иесін ұстау қажет. Ал егер ол адам шетелде, әрі ол елде мұндай контент заңды саналатын болса, онда бұл миссия іс жүзінде орындалмайтын шаруаға айналады, – дейді киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Медет Турин.
Оның айтуынша, сайттың иесін былай қойғанда, егер ол өзі қаламаса қарапайым админін табу да мүмкін емес.
Бір батырманы басып, ресурс әкімшісін лезде анықтай салатын технология жоқ. Егер ондай мүмкіндік болса, есірткі, қару-жарақ сататын немесе экстремизмді насихаттайтын сайттардың иелері баяғыда-ақ ұсталар еді. Тергеу жүргізуге болады, бірақ ол ұзаққа созылатын, қымбат әрі кейде экономикалық тұрғыдан тиімсіз процес. Ал иесі табылған күннің өзінде сотқа жеткізу үшін жүздеген хаттама, сұрау салып, айғақтар жинау қажет. Барлық бюрократиялық рәсімдерден өткен соң ғана іс сотқа беріледі, – деп түсіндіреді Турин.
Айта кетейік, екі жыл бұрын Kyzdar.Net сайтының анықталған топ-менеджерлеріне полиция ештеңе дәлелдей алмады. Сарапшының болжауынша, жыл сайын алаяқтық, кек алу не кибербуллинг мақсатында жасалатын жалған хабарландырулардың саны көбейе бермек. Оның айтуынша, түрлі маркетплейстердің, тегін хабарландыру сайттарының, жалпы заңды платформалардың әкімшіліктері жарияланымдарды тексеру механизмдерін жасауға мүлде мүдделі емес. Өйткені бұл – қымбат процес.
Дей тұрғанмен ерекшеліктер де бар. Мәселен, былтыр OLX платформасы EsBol Qory қорымен бірлесіп, есірткі тасымалына адамдарды тарту үшін жасалған жалған жұмыс ұсыныстарын анықтауға белсенді кірісті. Мұндай бастамаларды өте дұрыс деп есептеймін. Бірақ бұл — платформа иелерінің өз бастамасы, — дейді Медет Турин.
Оның пайымдауынша, болашақта мемлекет заңнамалық тұрғыда осындай сайттарға KYC секілді жарияланым иесін тексеретін түрлі технологияларды міндеттеуі керек.
ҚЫЛМЫС КӨБЕЙІП БАРАДЫ
Интим қызметтер ұсынатын сайттардағы жалған хабарландырулардың жылдан-жылға көбейіп келе жатқанына Қазақстан Интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров та келіседі. Оның айтуынша, интим сипаттағы фото мен видеолар жиі алаяқтыққа, бопсалауға және қарапайым кек алудың құралына айналады. Сонымен қатар, кибербуллингтің құрбанына көбіне қазақстандықтар, әсіресе әйелдер жиі айналады.
Мұндай проблемалар күрт көбейіп, шарықтау шегіне 2020 жылғы пандемия кезінде жетті. Бірақ 2011 жылдан бергі тәжірибемізде интим сипаттағы контент арқылы бопсалауға немесе қорқытып ақша талап етуге қатысты полицияға арызданған бірде-бір адам болған емес. Адамдар тәртіп сақшылары мұндай істе көмектесе алмайды деп сенбейді. Одан да маңыздысы — көпшілігі полицияға шағымданған күннің өзінде бұл қадам керісінше, интим контенттің одан әрі таралуына түрткі болады деп қауіптенеді, — дейді Қазақстан Интернет қауымдастығының президенті Шавкат Сабиров.
Оның айтуынша, жыл сайын осы тектес 4-5 мыңға жуық қылмыстық жағдай тіркеледі. Оның ішінде “Қыздар.нет” және соған ұқсас сайттар арқылы кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту деректері де кездескен.
Көпшіліктің есінде қалған оқиға – Қызылордада болған даулы іс. Онда мектеп оқушылары өз сыныптас қызды – небәрі 16 жастағы жасөспірімді дәл осы сайт арқылы “саудалап” келген. Бірақ бұл жалғыз жағдай емес.
Сонымен бірге, Шавкат Сабиров Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваның аты-жөні мен нақты телефон нөмірі көрсетілген жалған хабарландырудың “тақырыптық” сайттан неге соншалықты ұзақ уақыт бойы өшірілмегенін де түсіне алмайды.
Мұндай сайттардың ешқайсысы Қазақстанда тіркелмеген, оларды бұғаттау — мүмкін емес нәрсе. Бірақ біз олармен жұмыс істейтін белгілі бір алгоритм қалыптастырдық. Тәжірибемізде нақты телефон нөмірі көрсетілген интим сипаттағы фейк хабарландырулар кек алу мақсатында жарияланған кездер көп болды. Дегенмен, біз оларға хабарласқаннан кейін сайт әкімшілігі жалған жазбаны бір тәуліктің ішінде өшіріп тастайтын, — дейді Сабиров.
Ол Ulysmedia.kz бас редакторының нақты жағдайына байланысты құқық қорғау органдарының жұмысын талқылаудан бас тартты.
АЛАЯҚТАРМЕН ӘУРЕ – БУЛЛИНГКЕ УАҚЫТ ЖОҚ
Осы тақырыпқа байланысты өз тәжірибесімен бөліскен тағы бір киберқауіпсіздік маманы құқық қорғау органдарымен жұмыс істеу тетіктерін аноним түрде сипаттап берді.
Полицияда мұндай істерге уақыт жоқ. Қазір олардың басты назары – кибералаяқтықты ашуға бағытталған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда осындай 44 іс тіркеліп, жалпы залал көлемі 140 миллиард теңгеге жетті. Ал осыған жауапты бөлімде бар-жоғы 5-ақ қызметкер бар. Олардың біліктілігі де, құрал-жабдығы да жеткіліксіз. Тіпті ішкі мотивация да төмен – жалақысы нарықпен салыстырғанда аз, ал азаматтар тарапынан алғыс та сирек, – дейді маман.
Оның айтуынша, Қазақстанда хакерлер бар, олар шабуылды ұйымдастырған адамды анықтай алатын қабілетке ие. Бірақ бұл жеткіліксіз – заң бойынша жаза қолдану үшін тек полицейлер ғана рәсімдей алатын барлық заңдық процедура сақталуы тиіс. “Бұл – нағыз шеңбер тәрізді тығырық. Әзірге одан шығатын жол табылған жоқ” деп түйіндеді ол.