«Декан ата-анама хабарласқан»: ҚазҰУ диплом табыстау рәсіміне шағымданған студенттерге қысым жасап жатыр

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Желіде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің студенттері диплом табыстау рәсімі төмен деңгейде өткенін жазып жатыр. Университет басшылығы видео түсіріп шағымданған кей түлекке қысым жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Не болды?

Желіде ҚазҰУ студенттері диплом табыстау рәсімі төмен деңгейде өткенін жазып жатыр. Түлектер диплом табыстау рәсімі Farabi Hub деген тар ғимаратта болғанын, ҚазҰУ әкімшілігі жыл бойы белсенді болған студенттерге сән-салтанатқа толы диплом табыстау кешін жасап, өзге студенттерге селқос қарағанын айтып шағымданды. ҚазҰУ қызметкерлері шағымданған кей студентке қысым да жасаған.

Студенттер шағымы

Threads-желісінде Ақерке Бахтыбаева деген қолданушы «ҚазҰУ-дың диплом табыстау кеші осындай төмен дәрежеде өтеді деп ойламаппын» деп жазды. Ол диплом табыстау рәсімінде қате көп болғанын айтып отыр.

«ҚазҰУ-дың диплом табыстау кеші осындай төмен дәрежеде өтеді деп ойламаппын. Шлагбаумнан өткізбей қойып, көліктегі үлкен кісілер Farabi Hub-қа жаяу көтерілді. Ұйымдастыруға тым салғырт, немқұрайлы, жауапсыз қараған. Диплом беру сәтінде студенттердің аты-жөні қате айтылып, дауыс дұрыс естілмеді де», – деп жазды ол.

Ақерке Бахтыбаева ҚазҰУ түлегі емес. Ол туысқанын қолдау үшін диплом табыстау рәсіміне барған. Оның сөзіне қарағанда, ҚазҰУ студенттері жазбаға пікір жазып, кейін қайта өшіріп тастаған. 

«Кейбір ҚазҰУ студенттерінің менің жазбама өз пікірлерін жазып, кейін қайта өшіріп тастағанын байқадым. Олар өз пікірін ашық айта алмайтынын, ашық айтқан жағдайда қысым жасалатынын жазған болатын. Қазір де Threads-желісінен студенттерге қысым жасалып жатқанын көріп отырмын», – дейді ол.

Диплом табыстау рәсіміне шағымданған ҚазҰУ студенті – Інжу-Маржан Отарбаева. Ол әлі диплом алмаған, бірақ диплом табыстау рәсімі кең әрі әдемі жерде өткенін қалайды.

«Неге дипломды әдемі әрі үлкен жерде табыстамайды? Қуықтай ғана жерге барлығын жинап, дипломды қалай болса солай таратып жатыр. Неге тым болмаса бос тұрған кітапханада өткізбеске? Басқа университеттер әнші де шақырып жатыр. Бізге ондай дүние қажет емес. Біз дипломды әдемі жерде бергенін ғана қалаймыз», – дейді ол.

ҚазҰУ қысымы

ҚазҰУ қызметкерлері диплом табыстау рәсімі Farabi Hub ғимаратында өткенін қаламайтын Аружан* (студенттің қауіпсіздігі үшін есімі өзгертілді) деген студентке қысым жасаған. Ол студент осы мәселеге қатысты пікірін айтып, әлеуметтік желіге видео жүктеген. 

«Өзгелердің диплом табыстау рәсімін көріп, әлеуметтік желіге видео салдым. Видео көп қаралым жинады. Кураторым «Farabi Hub-та ұйымдастырып жатырмыз. Не ұнамайды? Видеоны өшір» деді. Өшірмейтінімді айттым. Біздің талап – дипломды Farabi Hub-та емес, дұрыс жерде беру. Өзге университеттер күшті-күшті залдарда беріп жатыр ғой. Тым болмаса кешкі уақытта далада берсін. Farabi Hub деген жерде сахна да жоқ», – дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, журналистика факультетінің деканы ата-анасына хабарласып қысым жасаған. Декан «Видеоны өшіріп тастасын», «Өзіне кері әсері тиіп кетеді» деген сөздер айтқан. Ол декан өзіне тікелей хабарласпағанын айтып отыр. 

«Декан ата-анама хабарласыпты. Ол «Farabi Hub деген жаңадан салынған ғимарат. Президент пен министрлер де келген. Дипломды сол жақтан алады» деген. Декан ата-анама қайта-қайта хабарласып, «видеоны өшіріп тастасын» деп айтып жатыр. «Өзіне кері әсері тиіп кетеді» деген әңгімелер де айтылды. Бірақ декан менің өзіме хабарласқан жоқ. Тіпті, бір ауыз сөз жазған жоқ. Маған ата-анам арқылы қысым жасап жатыр», – дейді ол.

Декан, депутат, жауапсыз сұрақ

2024 жылғы қыркүйектен бастап қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті деканы болып журналист Қанат Әуесбай тағайындалған. Ол «31 арна», «Астана» сияқты телеарналарда тілші, тележүргізуші, редактор болып жұмыс істеген. Кейін «Қазақстан», «Elorda Aqparat» сияқты мемлекеттік телеарналар мен басылымдар да басшылық қызметте болған. Біз осы мәселе бойынша Қанат Әуесбайға хабарласып та, WhatsApp арқылы хат жазып та көрдік. Декан материал жарияланған уақытқа дейін жауап бермеді, тұтқаны көтермеді. 

Тұтқаны көтермеген декан Қанат Әуесбай Facebook-парақшасына жиі-жиі жазба жариялап отыр. Ол университетте түлектерге диплом беру рәсімі басталғанын айтып, жазба жариялаған. Декан жазбасына парламент депутаттарымен бірге түскен суретін де қоса тіркеген. 

«Парламент мәжілісі мен сенатының депутаттары, ҚазҰУ-дың танымал түлектері  университетіміздің диплом табыстау салтанатты кешінің құрметті қонағы болды. Елдің ардақтылары ақ жол тілеген түлектердің лайым жолы болғай», — деп жазды ол.

Фото: Қанат Әуесбайдың Facebook парақшасынан 

Сән-салтанатқа толы кеш

Студенттері төмен деңгейдегі диплом табыстау рәсіміне шағымданып жатқан тұста ҚазҰУ үздік түлектерге диплом табыстады. Жиынға сенат депутаттары Алтынбек Нұхұлы мен Нұртөре Жүсіп, мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Ермұрат Бәпи және Айдос Сарым қатысқан. ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі кеште «Lorenzo» тобы ән шырқап, жиын соңында жастар билегенін де жазған. Әлеуметтік желіде жарияланған видеолардан кеште салют та атылғанын көруге болады.

Бұл кешке университетте белсенді болып, іс-шараларды ұйымдастырып жүрген студенттер ғана қатысқан. Диплом табыстау рәсімінде студенттердің аты-жөні жеке-жеке аталып, түлектер сахнаға көтеріліп диплом алған. Осы кешке қатыспаған өзге студенттер әлеуметтік желіде наразылық білдірді. Түлектер  ерекше кеш ұйымдастырылғанына емес, университет басшылығының өзге студенттерге деген қарым-қатынасына наразы.

Фото: farabi.university/news/

ҚазҰУ басшылығы не дейді?

Әлеуметтік желідегі сыннан кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі мәлімдеме жасап, Farabi Hub орталығы туралы ақпарат жариялады. Университет таратқан ақпаратта бітіруші түлектер тым көп болғандықтан диплом табыстау рәсімі 1-і мен 12-ші шілде аралығына белгіленгені туралы айтылған. 

«Салтанатты рәсім күн сайын аумағы 5000 шаршы метрді құрайтын Farabi Hub орталығында өтіп жатыр. Орталықта LED-экран, екі баннер, дыбыс аппаратурасы, сөз сөйлеуге арналған трибуна, екі фотоаймақ және түлектердің ата-аналары мен туыстарының отыруына арналған 800 орындық қойылған. Farabi Hub орталығында кондиционерлер, буфет және медициналық бекет жұмыс істейді. Сыртқы аумақ баннермен безендіріліп, орындықтар орнатылған», – делінген хабарламада.

ҚазҰУ баспасөз хатшысы Қаншайым Байдәулеттен «Студенттерге қысым жасалып жатыр ма?» деп сұрадық. Ол «Студенттерге қысым жасалмайды» деп жауап берді. Біз факультет деканы студенттің ата-анасына шығып, ата-анасы арқылы қысым жасағанын да айттық. Ол «Ақпаратты тексеріп көрейік» деп қысқа қайырды. 

Бұл ҚазҰУ студенттерінің қысым көріп жатқаны туралы алғашқы жағдай емес. Бұған дейін ҚазҰУ қызметкерелі президент және парламент сайлауы қарсаңында студенттерді сайлауға баруға мәжбүрлегені жайлы ақпарат тараған. Бірақ оны университет басшылығы жоққа шығарған. 

Тоқсан жылдық тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті елдегі беделді жоғары оқу орындарының бірі болып саналады. Университетті 2021 жылдан бері Жансейіт Түймебаев басқарып отыр. 

Авторы: Жәнібек Әмре