2025 жылдың 6 шілдесінде Нұрсұлтан Назарбаев 85 жасқа толады. Ол 30 жылға жуық Қазақстанды биледі. Оның есімі ұзақ жылдар бойы билікте ұзақ отырғандығымен ғана емес, сонымен бірге Қазақстанды әлемге танытқан қайраткер ретінде де қатар айтылады. Оның билік құрған жылдары қазір “Назарбаев дәуірі” ретінде аталып жүр. Бұл дәуірге жақсы не жаман деп біржақты баға беру мүмкін емес. Себебі онда геосаяси комбинациялар да, туғандарына ту ұстатып, ел тағдырын тәлкекке салу да, авторитарлы билікті аңсап, заңдарды өзіне ыңғайлаған тұстар да болды. Ulysmedia.kz Назарбаевтың Қазақ КСР-інің алғашқы президенті болған кезден бастап елдегі қос билік ұғымын енгізудегі “ерен еңбегіне” дейінгі даңғыл жолына шолу жасады.
Ақсақалдық жас
Алтыншы шілде. Тәуелсіз Қазақстан күнтізбесінде бұл дата күні кешеге дейін Астананың туған күні ретінде ғана емес, үлкен кісінің туған күні есебінде де бүгінгіден әлдеқайда кең ауқымда аталып өтетін. Расында бұл күн ел тарихының бір бөлшегі ғана емес, оның өзегі деп саналған тұлғаның туған күні болатын.
85 дегенің - ақсақалдық жас. Дәл осы шақта өткенге көз жүгіртіп, жүріп өткен жолды еске түсірудің, оның ішінде қайсысы аңыз, қайсысы ақиқат екенін ажыратудың дер шағы осы уақыт емес пе?
Билік шапаны
Ол президенттікке аспаннан түсе салған жоқ. Егемендікке дейін, қуатты империя саналған Кеңес Одағы ыдырар тұста Нұрсұлтан Назарбаев есімі елге танылып қалған-тұғын. Ол комсомолдық жол мен партияның барлық сатысынан өткен, яғни Қарағанды металлургия комбинатындағы қарапайым жұмысшыдан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасына дейінгі жолды жүріп өткен тәжірибелі кадр болатын.
1990 жылдың 24 сәуірінде ол Қазақ КСР Президенті болып шыға келді. Билік шапаны ұнап қалғаны сонша, оны 30 жылға жуық уақыт шешпей киді. Әрине, әр жылдары шапанды қалауынша өзгертті. Жеңін ұзартып, етегін қысқартты, алайда оны өзінен басқа ешкімге киюге бермеді.
Ол кезде оның бұл әрекеті қисынға келетін. Өйткені Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болатын. Мәскеудің қолдауына ие болғаны және бар, оның үстіне шаруаны шыр айналдыратын.
1991 жылдың желтоқсанында Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті атанды. Сол сәттен бастап 2019 жылғы отставкасына дейін елде бір ғана кісінің билігі салтанат құрды. Ол билікті біртіндеп жекешелендірді, ел байлығын санаулы адамның қолына шоғырландырып берді, елдегі демократиялық институттарды ақырын-ақырын ыдыратты.
Икемделген Ата заң
Президенттік билікті орнатудың басты құралы Конституция еді. 1993 жылы қабылданған алғашқы Конституция парламенттік республика бағытында болды. Алайда 1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, Ата заң Назарбаевтың ыңғайына бейімделді. Президенттің өкілеттігі кеңейді, парламент аты ғана бар сағым органға айналды. Ал сот жүйесі президенттің айтқанынан шықпайтын байлаулы итке айналды. Одан кейінгі жылдары Конституцияға бірнеше толықтырулар мен өзгерістер жасалды, олардың басым бөлігі президент билігін нығайту мен оның тақта отыру мерзімін жаңадан бастауға мүмкіндік беруді көздеді.
2007 жылға қарай Назарбаев «Ұлт көшбасшысы» (Елбасы) мәртебесіне ие болды, сонымен қатар қылмыстық қудалаудан өмір бойы қорғалатын иммунитетке ие болды. Бұдан бөлек, ол президент сайлауына кандидат ретінде шексіз қатыса алатын. Ал билікті уысында ұстаған тұлғаға бұл дегенің таптырмас тетік емес пе?
Маңдайға біткен бақ
100 пайызға жуық қолдауға ие болған жалпыхалықтық референдумдарда аталған баптар мақұлданып отырды. Бұрынғы екі бесжылдық мерзімнің орнына шексіз қайта сайлану мүмкіндігі пайда болды. Мұндай шешімді ақтап алу үшін салмақты уәж ретінде елге тұрақтылықтың керектігі, оған мықты көшбасшының болу қажеттігі айтылды. Бұл орайда «Назарбаевтан басқа кімің бар» дейтін саяси әңгіме айтылатын. Мұндай пайымды екі қолдап қолдағандар көп еді. Солардың бірі Мәжілістің бұрынғы депутаты Владимир Нехорошев болды. Ол Назарбаевты тек мемлекет қайраткері емес, маңдайымызға біткен бақ, қолымызға түскен «гауһар тас» деп атады:
– Адамдар дұрыс айтады: ол жыл адамы емес, ғасыр адамы! Біздің алғашқы президентіміз – Жаратқанның бізге берген сыйы, – деп өзеуреді Нехорошев.
Конституциядағы ерекше статус
Жеке биліктің нығаюымен қатар Конституцияда классикалық демократия моделі үшін тосын, бірақ Назарбаев билігі үшін өте ыңғайлы жаңа нормалар пайда бола бастады.
«Елбасы» мәртебесі билікті өмір бойына уысында ұстауға, қызметтен кеткеннен кейін де мемлекеттік маңызды шешімдерге ықпал ету құқығын беретін. Бұл қияндағыны көре білетін көсемге тән көріпкелдік еді. Ол осы арқылы биліктен формалды түрде кетсе де, іс жүзінде саясат сахнасында қалуды көздеді.
Осы тұста біз оның саяси карьерасының ең көп пікірталас тудыратын тұсы – қос билік феноменіне келіп тірелеміз.
Екі жеп биге шығу
2019 жылы наурызда Н.Назарбаев өзінің отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл хабардан кейін ел тұрғындары әрі-сәрі күйде қалды. Бірі баяғыда-ақ осылай жасауы керек еді десе, енді бірі Елбасының елді билеп-төстеуіне үйреніп-ақ қалған еді. Оның орнына көп жылдан бері сенімді серігі саналған Қасым-Жомарт Тоқаев отырды. Бұл билік транзитінің бейбіт түрде өтуі деп бағаланып, Назарбаевтың «көрегендігі» тағы қол шапалақтатты. Бірақ мәселенің мәнісі басқада екен.
Билікті ізбасарына табыстау тәжірибелі басшының салмақты қадамы сияқты көрінген. Алайда қызықтың бәрі алда екен. Назарбаев президенттіктен кеткенімен, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Конституциялық кеңес мүшесі болып қала берді. Ол Елбасы атағын сақтап қалды, негізгі саяси тағайындаулар оның келісімінсіз жүзеге аспайтын болды және шын мәнінде ол регентке айналды.
Жеке басқа табынуға жол жоқ
Қазақстанда «қос билік» ұғымы пайда болды. Тоқаев рөлді ұстағанмен, оны оңға-солға бұрып, газ бен тежегішті басатын Назарбаев еді. Бұрынғы президент билігі әлі де мықты екені күн өткен сайын белгілі бола түсті. Бизнес қауымдастық бұрынғы мемлекет басшысының арбасынан әлі түсе қоймады. Тіпті түспейтін сыңайын танытты. Сырттай қарағанда, елдегі осынау процесті «билікті сақтап қалудың шеберлік сабағы» десе болғандай еді. Билік заң жүзінде Тоқаевта, бірақ іс жүзінде бағыт-бағдарды сен айтып отырасың.
Бұл процесс 2022 жылғы қаңтар оқиғасына дейін жалғасты. Бұқаралық наразылықтар кезінде Тоқаев жағдайды өз қолына алды. Ол ескі гвардияны биліктен шеттетіп, Назарбаевты барлық қызметтерден босатты, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығына өзі келіп, Елбасы культін ыдырату процесін бастады.
Айта кетсек, британдық Telegraph газеті Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткен кезде: «Ол посткеңестік кеңістіктегі бұрынғы коммунист басшылардың арасында ең ұзақ уақыт басқарған әрі табысты болған диктаторлардың бірі болды» деп жазған еді.
Діңгегі бос бәйтерек
Бұл модель билік транзиті мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге міндетті болғанымен, шын мәнінде ол белгілі бір деңгейде тұрақсыздық тудырды. Қоғам кімнің шынайы басшы екенін, кімнің бұйрығы маңызды екенін және қандай да бір жағдайда кімге жүгіну керектігін түсіне алмай дал болды. Бұл жағдай саяси сахнада бейресми болса да бір адамның ықпалына тәуелділікті арттырды.
Көптеген сарапшылардың айтуынша, осы қос билік режимі 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде өзінің әлсіз тұсын көрсетіп алды.
Осы кезеңде Financial Times басылымы Назарбаевтың отставкасы мен рөліне қатысты: «…Назарбаевтың президенттіктен кетіп, сонымен бірге өмір бойы «ұлт көшбасшысы» ретінде қалу туралы шешімі Путинге үлгі болуы мүмкін » деп жазды.
Күнгей мен көлеңке
Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқанда, оның билігінің күнгейі мен көлеңкелі тұстары қатар айтылады. Оның елімізге сіңірген еңбегі көп. Соның алғашқысы - тәуелсіздікті бейбіт жолмен алу және тұтастықты сақтау. Қазақстан көптеген посткеңестік елдерге қарағанда ауқымды қақтығыстар мен азаматтық соғыстардан аман қалды, шекарасын және ішкі тыныштығын сақтай алды. Дегенмен шекара мәселесі бөлек әңгіме, оның ішінде Қытай мен кейбір көршілес елдерге қанша жер берілгені туралы кейін айтармыз.
Айтпақшы, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бірде:
– Қытайда Нұрсұлтан Назарбаевты жақсы біледі және оның Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан баға жетпес үлесін жоғары бағалайды, – деген еді.
Тоқшылық
Әрине, оның билік құрған жылдардағы жетістіктерін мойындау керек. 1990-жылдары Қазақстан ішкі тұрақтылықты сақтай алды, ал көрші елдер азаматтық қақтығыстар мен экономикалық күйреуге ұшырап жатты. Оның әсері бізге де тимей қалған жоқ.
Назарбаев кеңестік жүйедегі билікке қарағанда біршама тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік аппарат құрды, көпэтносты елде этникалық қақтығыстың алдын алды және нарықтық реформаларды бастап кетті.
Оның тұсында Қазақстан ауқымды экономикалық реформалар жүргізді, баға саясаты нарыққа тәуелді болды, жекешелендіру жүргізілді. Ел шетелдік инвесторлар үшін, әсіресе мұнай-газ секторында, тартымды аймаққа айналды. 2000-жылдардағы мұнай өндірісіндегі жетістіктер халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге, Ұлттық қор құруға және теңге бағамын (уақытша) тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Назарбаев Еуразиялық интеграция идеясының бастамашысы болды, бұл солтүстіктегі көршіміздің геосаяси амбициясын тежеді. Оның Батыс пен Ресей арасындағы тепе-теңдік саясаты дипломатиялық шеберлікпен жасалды. Қазақстан өзін сыртқы саясатта көпвекторлықты ұстанатын мемлекет ретінде көрсетті. Нәтижесінде елде экономикалық өсу, халықтың өмір сүру деңгейінің көтерілуі байқалды. Бұл, әсіресе, 2000-жылдардың басы еді. Айта кету керек, бұл кезең тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік масштабта да берекелі жылдар ретінде сипатталған еді.
Ынтымақтастықтың пайдасы
Ел астанасын Алматыдан Сарыарқа төсіне көшіру идеясы сол кезең үшін өте тәуекелді шешім еді. Бұл шағын қалашық заманауи мегаполиске айналып, жаңа Қазақстанның символы болады дегенге күманмен қарағандар көп болды. Тіпті скептиктердің өзі кейін бұл жобаның, ең алдымен, геосаяси тұрғыдан, орынды болғанын мойындады.
Ресми тілмен жалғастырсақ, Назарбаев басшылық еткен Қазақстан сыртқы саясатта теңгерімді бағыт ұстанды, ол Ресеймен де, Батыспен де, Қытаймен де, Орталық Азия елдерімен де қарым-қатынас орнатты. Көпвекторлы саясат әртүрлі әріптестіктен пайда табуға мүмкіндік берді. Осыған байланысты Францияның бұрынғы президенті, қазіргі уақытта түрмеде отырған Николя Саркози Назарбаевқа құрметін былайша жеткізді:
– Сіздің мемлекет қайраткері ретіндегі көрегендігіңіздің және Қазақстанды Орталық Азия көшбасшысы, халықаралық аренада беделді ойыншы ретінде орнықтыру жолындағы бірегей қабілетіңіздің арқасында елдеріміз арасындағы тиімді ынтымақтастыққа қол жеткіздік.
Үлкен кісінің үдесінен шығу
Алайда бас айналдырар жетістіктің өтеуі де аз болған жоқ. Ішкі-сыртқы тұрақтылық желеуімен жеке басқа табыну культі дамыды. Кітаптар, портреттер, ескерткіштер, фильмдер, қойылымдар, өлеңдер, көшелер мен даңғылдар, мерекелер т.б. оның атымен аталды. Елорда атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді. Мұның бәрі елде бір ғана көшбасшы бар екенін, өзгесінің болуы мүмкін еместігін еске салып тұрғандай еді.
Елдегі сыбайлас жемқорлық ауа жайылып, үлкен масштабқа жетті. Әулетке қатысы бар шенеуніктер басты-басты креслоларды иеленді, ірі бизнес не әулеттің ырқына жығылды, не олардың жемтігіне айналды. Назарбаев құрған жүйе тұрақты болды, бірақ заманның түрлі сынына икемсіз еді. Институттар дамытылмады, соттар тәуелді болып, баспасөз елдің шынайы жағдайын айтудан шеттетілді, ал ықпалды күшке айналуы тиіс азаматтық қоғам тапталған үстіне таптала берді. Билік жүйесі, оның атқаратын функциясы жүйелі бағытқа емес, бір адамның қас-қабағына тәуелді болды.
Жауапсыз сұрақтар
Жоғарыда аталған оң өзгерістердің өзі уақыт талабының әсерінен туындаған еді. Ал шын мәнінде, Назарбаевтың жеке билігінің біртіндеп нығаюы елдегі саяси бостандықтың шектелуіне, оппозицияны басып-жаншуға және бұқаралық ақпарат құралдарына бақылаудың күшеюіне алып келді. Сайлаулар нәтижесі Назарбаев нұсқаған пайызды көрсетті. Қарапайым халықаралық стандарттар сақталмады. Азаматтық қоғам қысымға ұшырап, «демократия» ұғымы көп жағдайда «декорация» сөзімен үндесіп жатты.
Шешім қабылдау барысындағы ашықтықтың болмауы, бизнес пен биліктің бірігіп кетуі, сондай-ақ мәселені «телефонмен шеше салу» жемқорлықтың кең етек жаюына себеп болды. Туыстық пен таныстықты алға тарту, жершілдіктің, рушылдықтың дендеуі, адал бәсекенің дамуына кедергі келтірді. Бұл өз кезегінде қоғамда терең әлеуметтік наразылық туғызды.
Тұлға культінің нәтижелері
Экономиканы әртараптандыруға жасалған әрекеттерге қарамастан, Қазақстан әлі күнге дейін мұнай мен газ экспортына тәуелді. Бұл елімізді шикізат бағасының әлемдік ауытқуына тәуелді етіп қана қоймай, өңдеуші өнеркәсіп пен инновациялық даму үдерістерін де тежеп отыр.
Саяси жүйеге келсек, биліктің ресми түрде тапсырылса да, нақты тетіктердің Елбасының қолында қалуы – қос билік феномені мен билікті беруден бас тартудың айғағы. Бұл жағдай елдің саяси құрылымында жалтақтық пен шешім қабылдаудағы табандылықтың болмауына алып келді.
Назарбаевтың тұлғасын ашық дәріптеу «тұлға культінің» қалыптасуына әкелді. Бұл қазіргі заманғы өркениетті қоғам үшін ескілікті дүние еді.
Саясаттанушы Досым Сатпаев бұл жөнінде: «Қазақстан баяғыдан бері Назарбаевтың тұлға культі жағдайында өмір сүріп келеді» – деп пікір білдірген еді.
Бір өзі тұтас дәуір
Назарбаев – күрделі әрі қайшылықты тұлға. Дегенмен ауқымды фигура. Оның өмір жолы – бір адамның өмірбаяны ғана емес, тұтас мемлекеттің қалыптасу тарихы. Ол осы мемлекеттің әрі құрылысшысы, әрі сәулетшісі, кейде өз жобасын шексіз сүйетін, оны ешкімге бергісі келмейтін авторы болды.
Тағдыр кейде адамды мазақ қылады. Жасаған игі мың ісің болуы мүмкін, бірақ зиянды бір әрекетің бүкіл жақсылығыңды шайып кетеді. Назарбаев коммунист мектебінде шыңдалған, әйтсе де авторитарлық сипаттағы президенттік республика құрды. Халықтың ішінен шыққан басшы бола тұра, елмен шаруасы жоқ элита қалыптастырды.
Тұлғалар ізімен
Оның дәуірі тым ұзаққа созылған аккорд іспетті. Ол аккордтан реформалардың, жетістіктердің жаңғырығы ғана емес, сонымен қатар басып-жаншылған дауыстардың, желге ұшқан үміттердің, жүзеге асқан армандардың да жаңғырығы естіледі.
Бүгінде Қазақстан жаңа бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп жатқанда, Назарбаевтың есімі бұрынғыдай жиі аталмайды, себебі енді ол біртіндеп тарих парақтарына айналады. Осы тұста мына жайтты ұмытпау қажет: ол күнәсіз әулие де емес, қаны қарайған зұлым да емес. Соңғысы туралы пікірмен келіспейтіндер аз болмайтыны анық.
Дегенмен біз оның бұрын қабылдаған шешімдерінің салдарын әлі-ақ көретін секілдіміз.
Назарбаев парадоксы
Назарбаевтың қалдырған мұрасы бір-біріне қайшы келетін парадоксқа толы. Ол өзіне ғана бағынышты жүйе құрды, дәл сол жүйе тәуелсіз жұмыс істей алмайтынын көрсетті. Ол елде тұрақтылық орнатты, бірақ оның беріктігін қамтамасыз ететін механизмдерді жасай алмады. Ол мемлекеттік биліктің бейбіт транзитін жасадым деп ойлады, алайда ол ізбасар дайындайтын саяси модель қалыптастыра алмады.
Кекесінмен айтқанда, Назарбаев тарихта қалу үшін барын салды және ол тарихта қалды. Бірақ жаңа дәуірдің реформаторы ретінде емес, шығыстық автократияның бір көрінісі ретінде тарихқа таспаланды.
Экономист әрі қоғам қайраткері Петр Своик бір сұхбатында Назарбаевтың ел мүддесі мен өз пайдасы үшін жағдайға тез бейімделу қабілетін жоғары бағалауға болатынын атап өткен еді:
– Шетелдік капитал тартам деп өзі де сол капиталдың құлақкесті құлына айналғанын аңғармай қалды. Ол отбасылық-кландық жүйемен тым артық кетті. Биліктегі элита – ресурстар мен капиталды шетке шығарып, Лондоннан пәтер, Еуропадан сарай сатып алуы тиіс болды, бұл арқылы оларды бақылауға болар еді. Бірақ бәрі шектен асып кетті. Ең маңыздысы: ол өзінен кейін мемлекетшіл жаңа буынды тәрбиелей алмады… Бүгінде Қазақстан сыртқы қарызы белден асатын, халқы кедейлік шегінде өмір сүретін елге айналды. Бұл – тұңғыш президент билігінің жемісі.
Тағдырдың тәлкегі дейміз бе, бастапқыда билікті бердім дегенімен, кейін билігін қимай қалды. Бірақ билікті қандай да бір жолмен ұстап қалғысы келген ниеті ақыры оның өзі құрған жүйені күйретіп тынды. Ал ел Елбасынсыз да өмір сүруге болатынына көзі жетті. Бұл – бәлкім, оның 85 жылдығына ең лайық сыйлық шығар.
Ауқатты зейнеткер
Қалай болғанда да, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде зейнеткер ретінде еш алаңсыз өмір сүріп жатқан сыңайлы. Оның әлемнің әр түкпіріндегі, әсіресе, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі зәулім сарайлары мен активтері жеті ұрпағына жетеді.
Президент болған кезеңде Назарбаев мемлекеттің қаржылық ресурстарына, жеке инвестициялық ағындарға тікелей қол жеткізді. Қолда бар жылжымайтын мүлік, бизнестегі үлестер мен инвестициялар – мұның барлығы оның ұзақмерзімді қамсыз өміріне кепіл болары анық.
Ақша және тағы ақша
Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаев өз отбасының материалдық және саяси тұрғыдан барлық жағдайының жасалуына мол мүмкіндік алды.
Бұған қоса, Назарбаевтар әулеті ел ішінде де, шетелде де ауқымды активтерге және бизнеске иелік етеді. Тұңғыш президенттің балалары мен туыстары мемлекеттік және жекеменшік құрылымдарда маңызды лауазымдарға ие болып, бұл жағдай олардың тұрақты табысы мен әл-ауқатының кепіліне айналып отыр. Қолда бар ресурстар мен байланыстарды ескерсек, Назарбаевтар отбасының өз байлығын және ықпалын алдағы ондаған жылдар бойы сақтап қалу мүмкіндігі жоғары.
Алайда бұл жағдай халықаралық деңгейде де сынға ілігіп жүр. Мәселен, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Уильям Кортни бұл жөнінде былай дейді:
– Соңғы жылдары Назарбаевтың отбасы Еуропадан сән-салтанаты келіскен жылжымайтын мүліктерді жаппай сатып алып жатқаны туралы түрлі зерттеулер жарияланып жүр. Бұл Қазақстан халқының наразылығын күшейтіп отырған себептердің бірі болса керек. Мұны жуып-шаю Назарбаевқа оңай болмай жатқанын байқап отырмыз, бұл оның саяси абырой-беделіне нұқсан тигізуде.
Елбасы мен оның туыстарының іс-әрекетіне деген қазіргі көзқарас болашақта олар туралы қандай баға берілетініне әсер етеді.
Сонымен қатар шоғырланған байлықтың қаншалықты заңды әрі адал жолмен келгені қоғам үшін маңызды этикалық мәселе болып қалып отыр.
P.S. Той мақсаты
Соңында бір қосымша ақпарат бере кетейік: Telegram-дағы «Келин услышала» арнасының хабарлауынша, Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың 85 жас мерейтойын ерекше ауқымда атап өтуге дайындық жүріп жатыр деген сыбыс тараған.
Бастапқыда Елбасы бұл күнді БАӘ-де отбасылық ортада атап өтпек болған көрінеді. Алайда, Дариға Назарбаеваның бастамасымен мерейтойлық шара Қазақстанға ауыстырылған. Жоспарланған той салтанатты банкет қана емес, «ескі Қазақстанның» қуатын және елбасы төңірегіндегі элитаның бірлігін паш ететін символдық оқиға болмақ.
Мерейтойды ұйымдастырып жатқан топтың көздегені – бұл шараны экс-президенттің мұрасын, билікпен байланысын сақтап қалған символдық саяси қойылымға айналдыру.