Заң бар, бірақ жұмыс істемейді: Қырғызстандағы көп әйел алудың құпиясы

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қырғызстанда көп әйел алу мәселесі тағы да көтерілді және бұл жолы да іске парламент депутаттары араласты. Екі депутат бірнеше әйел алуға қатысты қылмыстық жазаны алып тастауды ұсынды. Ulysmedia.kz отбасыда кімнің басшы екенін түсінуге тырысып, осы мәселеге қатысты тарихты зерделеді. Түзетулердің бастамашылары Жогорку Кенеш депутаттары Нұрлан Азығалиев пен Медербек Саккараев болды.

Ең қызығы, көп әйел алу мәселесін депуттаттар талқылағаны туралы жақында ел президенті Садыр Жапаров заңға қол қоймай тастағаннан кейін белгілі болды. Таңданған жұрт “парламент некеге қатысты бұл өзгерістерді қашан талқылап үлгерді сонда?” деген сұрақ қойды.

Депутат Нұрлан Азыгалиев, фото kenesh.kg

Депутаттар «ащы» түзетулерді жаздың басында дерлік жасырын қабылдап үлгерген. Одан кейін парламент демалысқа шығып кетті, тек жазғы селқостық қана заң шығарушыларды қызу сыннан аман сақтап қалған шығар.

Депутат Медербек Саккараев

АЛҒАШ КӨТЕРІЛІП ОТЫРҒАН МӘСЕЛЕ ЕМЕС

Қырғызстанда көп әйел алу мәселесі бұрын да бірнеше рет көтерілген. Бірақ тоқсаныншы жылдардың соңында ол тек қоғамдық пікірталас деңгейінде болса, екі мыңыншы жылдардың басында бұл тақырып қызу даулармен қатар талқыланды. Бірнеше әйелмен некені қолдағандардың арасында сол кездегі парламент депутаты Турсунбай Бакир уулу болды.


Депутат Турсунбай Бакир уулу

Айтпақшы, оны да көп әйел алды деп айыптағандар болған. Депутаттың ол кезде барған сайын радикалдана түскен ислам ұстанымына сүйене отырып, бірнеше әйел алуды ашық жақтағаны тағы бір мәселе. Міне, сол кезде ол жергілікті радиостанцияның біріне берген сұхбатында былай деген:

– Егер әйелің ауырып қалса немесе бала туа алмаса, неге ажырасу керек? Оның келісімімен тағы бір әйел алуға болады, ол саған тек жар ғана емес, жұбайыңа да әпке болады.

Турсунбай Бакир уулу бұл жайлы елдің бас құқыққорғаушысы – омбудсмен болып тұрған кезде де қорғады. Оның айтуынша, көп әйел алу елді әлеуметтік апаттан құтқара алады деген ой маза бермеген.

– Мен омбудсмен болып жүргенде маған әйелдерден көп өтініштер келетін. Олар көп әйел алушылықты заңдастыруды сұрады. Себебі олар көшеде жұмыс істегісі келмеді, шетел асып кетпей, аш-жалаңаш өмір сүрмей, ерінің қамқорлығында болғысы келді. Балаларының да мұраға құқығы болғанын қалады.

Депутат әрі бұрынғы омбудсменнің бұл уәжіне ешкім құлақ аспады. Бірақ баршаға белгілі, тарихта мұндай жайттар қайталанып тұрады. Араға жиырма жыл салып, Қырғызстанда көп әйел алу мәселесі тағы да көтерілді.

ЗАҢГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ

Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 176-бабында: «Ер адамның екі немесе одан да көп әйелмен бірге тұрып, ортақ шаруашылық жүргізуі – 100-ден 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа, не бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге түзету жұмыстарына, немесе айыппұл салуға әкеледі» делінген. Алайда заңгерлердің айтуынша, бұл бап бойынша жазаланған бірде-бір жағдай тәжірибеде тіркелмеген. Соған қарамастан елде көп әйел алу бұрыннан бар құбылыс, бірақ оны ашық айтқысы келетін ешкім жоқ. Әсіресе діни ортада. Шариғат бір еркектің бірнеше әйелмен бірге тұруына рұқсат етеді, қазір халықтың бір бөлігі дәл осындай отбасылық қатынастарды таңдауда. Бірақ ешкім АХАЖ-ға да, милицияға да арызданбайды. Сондықтан бап болғанымен, іс жүзінде жұмыс істемейді.

– Біздің елде онсыз да заң бұзушылықтар жетерлік. Бірақ халық бұдан зардап шегіп жатқан жоқ. Сол себепті, менің ойымша, бұл баптың болуының өзі кейбіреулерге тоқтау болады. Әйтпесе, мүлде жоққа шығарылып, халық көп әйел алушылықтан бас тартып отыр деуге келмейді. Өйткені дәстүрлі өмір салты бар, халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Бұған қоса, белгілі бір әлеуметтік-экономикалық жағдайлар да бар, соның салдарынан заңсыз отбасылық жағдайлар қалыптасып, көп әйел алу фактілері болып отыр, – дейді заңгер Таттыбүбү Эргешбаева.

БҰЛ ӘЛІ БАСТАМАСЫ ҒАНА

Егер депутаттардың бастамасы өтіп кеткенде, көп әйел алу үшін берілетін жаза Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырылар еді. Бұл – айқын жеңілдету, яғни көп әйел алуға жол ашып беру. Қырғызстанда ерте некелер, қалыңдық ұрлау және тұрмыстық зорлық әлі де бар екенін ескерсек, бұл әйелдердің құқығын тағы бір рет әлсірету болар еді, дейді заңгер Таттыбүбү Эргешбаева. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда көп әйел алу үшін қылмыстық баптың маңызы жаза қолдануда емес, мемлекет­тің зайырлы сипатын көрсетуде.

– Қырғыз Республикасы – зайырлы мемлекет. Ал зайырлық принципі көп әйел алушылықты мүлде қолдамайды. Бұл екеуі бір-біріне мүлде сәйкес келмейтін нәрселер. Біз көп әйел алу дамуы үшін құқықтық алаң қалыптастырмауымыз керек. Балалардың некеден тыс тууына немесе әр әйелден тууына тікелей рұқсат беретін жағдайды жасамағанымыз жөн. Сондықтан жалпы алғанда біздегі заңнама әділ деп есептеймін, – дейді заңгер.

Ммұсылмандық дәстүр бойынша некені заңдастыру үшін молданың қатысуы жеткілікті. Егер көп әйел алу Қырғызстанда заң жүзінде жазаланатын, ал іс жүзінде болып жатса, онда сұрақтар дін қызметкерлеріне де қойылуы тиіс. Бірақ, бұл, айтқандай-ақ, басқа әңгіме.

Автор: Бақыт Мұхтаралы