Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі кейінге шегерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
12 маусымда өткен сот отырысына іс бойынша күдікті деп танылған Александр Пактан жауап алынуы тиіс болған. Осыған байланысты ол сот залына жеткізілді. Алайда жәбірленуші Ләззат Тілемісова адвокаты Гүлмира Бабажанова іске енді ғана кіріскенін айтып, іспен толықтай танысуға уақыт сұрады. Судья Майшенов өтінішхатты қанағаттандырып, келесі сот отырысына дейін уақыт берді.
Бұған дейін жәбірленуші тарап өкілдері Александр Пакқа кешірім беріп, оған ешқандай талап-арыздары жоғын айтқан. Кейіннен олар адвокаттарынан да бас тартқан.
Бүгінгі сот отырысына жәбірленуші тарап онлайн қатысты. Сол залына тек адвокат Гүлмира Бабажанова ғана келді.
Александр Пак сотта кінәсін толықтай мойындап, болған оқиғаға өкінетінін айтқан.
Контекст
Айыптау актісіне сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак жол апаты болған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X көлігін тізгіндеп, Әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағытта келе жатқан.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол мас күйде болған, жол қозғалысы ережелерінің бірден бірнеше тармағын бұзған, қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан.
Александр Пактың қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталған. Сондай-ақ соттың автотехникалық сараптама дерегінше, соқтығыс сәтіне дейін Zeekr X көлігінің жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған.
– Жол апаты салдарынан оқиға орнында Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі, 1996 жылы туған Еламан Тілемесов және оның екі жолаушысы – 2003 жылғы Құмар Теңеубаева мен 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек қаза тапты, – делінген айыптау актісінде.
Күдікті Александр Пакке қылмыстық кодекстің 345-1 4-бабы бойынша айып тағылған.
21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби және Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Zeekr Xавтокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан үш адам қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланып, кейіннен қалалық полиция департаментінің бірнеше лауазымды шендісі қызметінен кеткен.
Сол уақытта желіде әл-Фараби көшесінде көлік жарысы болатыны туралы айтылған. Қымбат көліктер мемлекеттік нөмірін ауыстырып, қалада жарыс ұйымдастырады деген ақпарат тараған.